Бүгінде көптеген елдерде ауыл шаруашылығы саласында импортқа тәуелділік немесе ішкі нарық сұранысын өз ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі тұр.
Экологиялық таза өнім – отандық бренд
1,038
оқылды

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұл салада қолда бар мүмкіндіктерді әлі де пайдалана алмай отырғанымызды атап өтті. Сондай-ақ саланың әлеуетін пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз қажеттігіне назар аудартты.

Президент айтқандай, Қазақстанның айна­ласын­да өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар және онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. KazAgro/KazFarm–2023 халықаралық аграрлық көрмесі аясында ТМД-ға мүше мемле­кет­тердің қатысуымен өткен министрлік конферен­циясын­да да азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынты­мақтастық жайы талқыланды. Шарада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы өндірісін жеделдетіп әртараптандыруға, агротехнологияларды, оның ішінде су үнемдейтін технологияларды енгізуді ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, оның ішінде қайта бөлінуі жоғары өндірісті дамытуға баса назар аударылатын болады», – деді ведомство басшысы.

Министр аграрлық секторға озық технология­ларды жаңғырту және енгізу қажет екенін айтты. Ол сондай-ақ Қазақстанда «білім–ғылым–өн­діріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін отандық ғылымды реформалау басталғанын атап өтті.

«Сондықтан біз жаңа технологиялық шешім­дерді коммерцияландырумен және өнеркәсіптік енгізумен айналысатын бірлескен агроинновация орталықтарын құру мәселесін пысықтауымыз қажет. ТМД ғалымдарының жинақталған тә­жіри­бесін, сондай-ақ агробизнестің табысты өкіл­дерінің тәжірибесін барынша тарту қажет», – деді ол.

Министрдің айтуынша, ТМД елдері климаттың өзгеруі салдарымен күресу мәселесінде күш біріктіруі керек.

«Климаттың өзгеруі су ресурстары үшін бәсе­ке­лестікті күшейту арқылы суға жаһандық сұра­нысты арттыратыны анық. Су тапшылығының өсуі, климаттың өзгеруі, экономикалық белсен­діліктің күшеюі әлеуметтік-экономикалық проб­лемалардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан бүгін біз су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға ықпал ететін су саласын дамыту стратегияларымызды бірлесіп қайта қарауымыз қажет. Біз ортақ су ресурстарын басқару саласын­дағы табысты трансшекаралық ынтымақтастықты жалғастыруымыз керек», – деді министр.

Қазақстан құс шаруашылығы одағының төрағасы Руслан Шариповтың айтуынша, еліміз­дегі құс шаруашылығы – экспорттық әлеуеті зор және өнімдері аймақтағы экологиялық таза деген отандық брендке айналып үлгерген шаруашылық. Бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 70-ке жуық құс фабрикасы бар. Олар ет, жұмыртқа өндіреді, сондай-ақ үйрек-қаз өсіреді. 

– Бұл мекемелер отандық нарыққа жылына 5 миллиардтан жұмыртқа, 293 мың тонна ет әзірлеп шығарады. Биыл да осы көрсеткішпен шамалас болған. мәселен, 5 млрд 400 млн жұмыртқа, 350 млн тонна ет өнімдерін ұсынады деп күтілуде. Осы­лайша, отандық фабрикалардың жұмыртқа­сымен ішкі нарықтың 100 пайызын, құс еті өнімдерінің 70 пайызын өзіміз қамтамасыз етеміз.

Құс өсіру барысында өндірушілер анти­биотиктер қолданбайды. ТМД аумағы бойынша ең дәмді құс еті өнімдері бізде. Сонымен қатар басқа да бұрынғы кеңес үкіметінің құрамындағы елдермен салыстырғанда бізде өндіріс барысында кез келген тұтынушының қаперінде бола бермейтін ГМО қолданылмайды. Қазір елімізде өндірілген күркетауық етінің 40 пайызын Мәскеуге экс­порттап отырмыз. Көршілес елдерде қазақстандық өнімдерді сапалы әрі экологиялық тұрғыдан таза деп бағалайды, сол себепті болар сұраныс та өте жоғары. Мұның тағы бір сыры еліміздегі құс шаруашылығында жем-шөп ретінде пайдала­нылатын бидай өнімдерінің таза болуында, – дейді ол.

Руслан Исмаилұлының айтуынша, Қазақ­станның солтүстік өңірлерінде дәнді-дақылдарды өсіру барысында тыңайтқыштарды да көп қолдана бермейді.

– Сондықтан біз отандық құс өнімдері эко­логиялық тұрғыдан ең таза деп мақтана аламыз. Осыдан болар соңғы кездері мұсылман мемлекеттерінен де қызығушылық артып келеді. Олардың басты талабы – өнімнің халал, яғни мұсылмандықтың шарттарына толық сай болуы. Ал Қазақстандағы барлық құс фабрикаларында «Халал» сертификаты бар. Бүгінде Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран елдері қазақстандық құс етін тұтынып отыр. Басқа елдерге экспорттауға да болар еді, бірақ құс тұмауының әсерінен көптеген елдер құс етінің импорт-экспортына шектеу қойған. Атап айтсақ, Қытай Халық Республикасы екі ел арасындаға құс өнімдерінің тауар айналымына тоқтау салғанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Мемлекеттердің бұл әрекеті де орынды. Себебі 2020 жылдары аймақта таралған құс тұмауының салдарынан көптеген шаруашылықтар шығынға батқан болатын. Мәселен, Петропавл қаласы маңында 7 құс фабрикасы болған, соның төртеуінде құс тұмауы тіркеліп, қарапайым тұрғындардың тауық, үйрек-қаздарымен бірге фабрикалар 2 мил­лионға жуық құсынан айырылып қалды. Өйткені ауруға шалдыққан барлық құстар толығымен өртеледі. Одан кейін барлық құстарға вакцинация жасалды, міне соңғы 3 жылда ахуалы тұрақты, – дейді одақ басшысы.

Конференцияда сөйлеген сөзінде Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров экспорттық нарықтарды кеңейту жөніндегі шараларға да тоқталды. Оның ішінде ТМД елдерімен ерекше байланысты атап өтті. Министрдің айтуынша, Қазақстан ТМД елдерімен өзара сауда көлемін ұлғайтуды жалғастырады, ал бұл үшін сауда шек­теулерін – ветеринариялық және фито­сани­тариялық кедергілерді алып тастау қажет.

Дегенмен экспортқа шығарылатын өнімнің сапасы стандартқа сай болу үшін мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Руслан Шариповтың айтуын­ша, қазір мемлекеттік деңгейде жұмыртқаға, күр­ке­тауыққа, суда жүзетін құс өнімдеріне деген суб­сидия алынып тасталды, тек бройлерге деген суб­сидия ғана қалды. Салыстырар болсақ, мал шаруашылығында жем-шөптен бастап, еті мен сүтіне дейін үкімет субсидия береді. Бірақ мал мен құс шаруашылықтарын салыстырар болсаңыз, құсты 55-60 күн ішінде союға болады. Қазірдің өзінде 12 құс фабрикасы жабылып қалды. Сондық­тан мұның соңы неге апарып соқтыратыны бел­гісіз. Себебі шаруаларда айналымға салатын ақша жоқ, жем қымбат. Мысалы, былтыр 1 тонна би­дай­ды 180 мың теңгеге алдық. Өнімнің өзіндік құнының 70 пайызы тек жемнен құралады. Қазір жемді Ресейден алу бізге әлдеқайда тиімді, себебі бізбен салыстырғанда 50 пайызға арзан. Бірақ бүгінде теміржолмен тасымалдауға тыйым салды. Енді отандық өндірісті арттырамыз десек құс шаруашылығына арналған субсидияларды қайта қалпына келтіру қажет деп есептеймін, – дейді ол.

Кәмила ЕРКІН

© коллаж: Елдар ҚАБА