«Біле білгенге солтүстікке көш дегеніңіз – ғасырлық маңызға ие дүние. Бұған атүсті қарауға болмайды» деп бұл бағыттағы көшті жандандыру үшін үгіт-насихат жұмысын қарқынды жүргізіп жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жоғарғы кеңесіне мүше болған еді.
Бурахан Дақан: Елге келем дейтіндер көп
670
оқылды

Жақында ол аталмыш халықаралық ұйымның делегация құрамында Моңғолиядағы қазақтармен жүздесіп қайтты. Елге оралған Бурахан мырзадан осы сапары жайлы сұрап-білген едік. 

– Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы ұйымдастырған делегациясы құрамында болып, сол ұжыммен Моң­­­ғолияға барып келдім. Бес күнге созылған сапарымның басты мақса­ты – ондағы қандастарды еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аударуға ша­қыру, оларға еліміздегі көші-қон және басқа да заңдарды түсіндіру, құжат рәсімдеу, тұрмыс барысы, жұ­мыспен қамту және өзге де мәселе бойынша сауал­дарына жауап беру, қазақ диас­пораларымен байланыс орнату бол­ды, – дейді Бурахан мырза.

Бурахан Моңғолиядағы қазақтарға теріскейге көшудің артықшылықтары мен кемшін тұстарын түсіндіре барып, бірқатар ұсыныс айтқан. 

– Бұған дейін елге көшуге ниетті қандастар нақты бір өңірге шақы­рылған жоқ. Оларға атақонысқа қайту, Қазақстанға келгенде берілетін мүм­­кін­діктер және басқасы жөнінде бір­шама рет айтылды. Ал мен мүдделі қандастарды бірден солтүстік өңірге қоныстандыру туралы бастама көтеріп жүрмін және осы турасында Моңғо­лия­дағы қандас қауымға айта бардым. Баян-Өлгей мен оның маңындағы ау­дандардың халқымен жүздестік, сол­түстікке көштің бүгінгі жағдайы, мұн­дағы тұрмыс-тіршілік, жақсы мүм­­­­­кіндіктер мен тап болатын кедер­гі­лер жайлы кеңірек ақпарат беруге тырыстым. Баян-Өлгейде жүргенімде қазақ-моңғол мектебіне барып, 10-11 сынып балаларымен кездестім. Қа­зақстан–Моңғолия картасын сызып тұрып, климатын, уақыт белдеуіне дейін көрсеттім, солтүстіктің ғажап табиғатын, өзен-суларын тамсана ай­тып бердім, – деп атап өтті ол. 

Қандастардың атажұртқа оралу ниетін біліп қайтқан Бурахан келер жылы көш анағұрлым қарқынды жү­реді деген ойын білдірді.

– Елге көшуге ниетті жанұялар аз емес, келер жылы көш анағұрлым қар­қынды жүреді деген ойдамын. Ата­жұртқа оралуға ниетті жұрттың көшін жеңілдету қашан да өзекті мәселе. Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы­ның тарапынан Мәжілістегі депутат­тарға арнайы ұсыныстар жол­дап жа­тырмыз. Делегация құрамында Мә­­жі­ліс депутаты Анас Ахатұлының көмекшісі болды, сапар барысында жинақталған ұсыныстарды Анас мыр­заға жеткізеді деп ойлаймын. Моң­ғолия сапары кезінде бірнеше мәсе­лені көзбен көрдік, құлақ шалды. Жа­қында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы өз есебін жариялайды, сол жерден таныса аласыздар. Әзірге ашып ештеңе айта алмаймын, – деді қоғам белсендісі. 

Сондай-ақ Бурахан солтүстікке қоныстанған қандас ағайындарға арнап бейімдеу орталықтарын ашу туралы бастама көтеріп жүр. Айтуын­ша, оны пилоттық жоба ретінде екі елді мекеннен бастап көріп, қандас­тарды кемінде бір жыл Солтүстік Қазақстанда өмір сүруге бейім­деге­німіз жөн. 

Қоғам белсендісінің пікірінше, Қазақстан – Моңғолия арасында түрлі мақсатта – қонаққа, жұмыс барысы, білім алуға барып келіп жатқан қа­зақтар өте көп және олардың ары-бер­гі сапарына еш кедергі жоқ. Көбіне көп көштің проблемасы елге жеткен­нен кейін туады, тұрмыс-тіршіліктегі мә­селе, азаматтық алу проблемасы және тағы басқалары. 

Шын мәнінде, елге оралуға ниетті қандастардың басым көпшілігі аза­мат­тық алу мәселесінің жылдам әрі оңтайлы шешілетініне күдікпен қарайды. «Қазақстан Республи­касы­ның азаматтығы туралы» заңда ше­телден келген және Қазақстан аума­ғында заңды негізде тұрақты тұратын қандастардың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқы бары көрсетілген. Заңның 16-1 бабына сәйкес, қандастардың азаматтық алу туралы материалдары өтініш берілген күннен бастап үш ай ішінде қаралуы тиіс. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті әзірлеген көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­дамасында «Қазақстан азаматтығын алу үшін қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың аймақтық квоталары аясында Үкімет айқындаған өңірлерде тұрақты тұрудың міндетті шартымен «қандас мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет» деп жа­зылған. Аталмыш комитет биылдан бастап «қандас» мәртебесі шетелдегі қазақтарға өзі тұрып жатқан елден көшіп келмей тұрып берілуі мүмкін деген еді. 

– Азаматтық алу мәселесінде түрлі тараптың олқылықтары бар. Бұл тұста қандастар Моңғолиядан тиісті құ­жаттарды рәсімдеп келуі қажет, ол ту­ралы сапар барысында біршама ақ­­­парат беруге тырыстық. Елімізде аза­маттық алу мәселесін оңтайлан­дыру ісі жыл сайын талқылаудан өтіп, жетілдіріліп жатыр. Десе де, әлі де ше­шімін табуға сұранып тұрған те­тіктер бар, – дейді Бурахан Дақан. 

Tauekel қоғамдық ұйымының же­текшісі теріскей көшіне серпін беретін бірден-бір тетік елімізде нақты осы мәселемен айналысатын консуль­та­тивті-кеңесші орган немесе мемле­кет­тік мекеме құру екенін осы уақытқа дейін айтып жүр. Айтуынша, оның жұмысына Президенттің өзі немесе Премьер-Министр деңгейіндегі лауа­зым иелері жетекшілік етсе, шаруа оңа­лар еді. Сәйкесінше, жергілікті жерде осы органның уәкілетті ор­ган­дары ашылып, оның жұмысын об­лыс немесе аудан әкімінің орынба­сары тікелей бақылауға алса, біз күткен қоз­ғалыс пайда болуы мүмкін. 

– Бүгінде біз солтүстікке көш тиімді болуы үшін Солтүстік Қа­зақ­стан облысына керек мамандық­тарды зерттеп, бос жұмыс орындарына тал­дау жасап жүрміз. Мәселен, белгілі бір өңірде дәрігерлер тапшы болса, біздің аймаққа келетін отбасыларды сол жерге жайғастырып, бірден жұмыспен қамтуға тырысамыз. Десе де, өз күші­мен көшіп келетіндер бар, олар ма­мандар тапшы ауданға емес, басқа бір өзі ұнатқан ауылға тұрақтағысы келеді әрі ол дәрігер емес, бастауыш сынып мұ­­ғалімі болуы мүмкін. Сондай жағ­дайда қиындық туындап қалады. Солтүстікке келген отбасыларды кері қайтарғымыз келмейді, барынша ұс­тап қалуға тырысамыз. Десе де, ор­ныға алмай, қайтып кетіп жат­қандары да бар. Бір кездері «Еңбек» бағдарла­масы жұмыс істеді, сондай бір жоба керек деп ойлаймын. Өйткені қоныс аударуға ниетті жандардың көп мәсе­лесі әлі күнтәртібінен түскен жоқ – тұрғын үй, жұмыс табу және жерсену ісіне әлі де көмек қажет, – дейді Бу­рахан Дақан. 

Асыл ТҰМАР