Жұрт Тараз-Әулиеата десе, әуелі ежелгі мәдени-тарихи ескерткіштердің мөлдір көзіндей болған Айша бибі мазаратын айтады. Бұл ешбір кездейсоқтық емес. Қазақтың ең ежелгі дәуірінен бері айшықты сәулет ескерткіштерінің сұлуы да, сырға толысы да, сүйкімдісі десек те болады.
Күн нұры түскен, айдай сұлу Айша бибіге сол заманда ел билеген әулие Қарахан соққызған күмбездің көркі мен кереметтері әлі күнге дейін әрі аңыз, әрі ақиқат желісінде қайта-қайта, қатар-қатар айтылып және тоқтаусыз жазылып келе жатқанына он ғасырдан астам уақыт болыпты.
Сан ғасырлар бойы ғұндар, сақтар, түркілер осы – өрісі кең, өмірі тұнық қасиетті өңірде ат сабылтып дәуренді өмір сүрген. Дүрбелеңді шайқастар болған. Елі мен жерін қорғаған. Сол жойқын жорықтар мен таңғажайып тағдырлар із қалдырған, артына шаң басқан көмбелер, ақиқаты әлі де ашыла қоймаған, толқынды ойлары мен әпсанасы тамсандыратын аңыз-әңгімелерімен есте сақталған.
Бір ғана Айша бибі кесенесі айналасында қаншама ой айтылады десеңізші. Айтылмағанда ше?!
Сонау қиял жетпейтін алыста мұнаралы күмбездер мен балбал тастар «сөйлейтін» заман көз алдыңызға елестей ме? Деректердің жазбалары бір емес, ондап-жүздеп жолығатын сияқты. «Х ғасырда алпыс екі түрлі өрнекпен тасқа құйылып тұрғызылған кесененің құпиясы мен жұмбақтары әлі толық ашылмағаны қалай?» деп ойлайтын шығарсыз. Солай әркім ойлайды. Соның арғы жағында туристер мұнда «мәңгілік махаббат» орнын көруге келгенде кәсіби маман емес, Құран оқитын молданың өзі-ақ Айша бибі мен Бабаджун (Айша бибінің күтушісі деп айтылады) хатунның кесенелері мен өздеріне белгілі тарихын таныстырып үлгереді. Айтқанда да олар ағып тұр. Соның бірі…
Тас қабырға жолақтарының 18-ші қатарында көзге оттай басылып, тұңғиығына түсіретін бір жол жазуды оқыған археолог та, тілші-ғалым да, философ та осы уақытқа дейін таңғалумен келеді дейді. Бұл рас.
Бұл қандай жазу? Сол бедерлі жазуда «Күзгі аспан… бұлттар… өмір таңғажайып» деген сөздер шығады деп тұжырым жасалған. Осы жалғыз дерек жиі айтылады. Араб тілінің ең көне бір жазуын оқи алған ғалымдардың тасқа басылған ой-жосықтары ұқсас. Әлбетте, ол сөзді тура сол қатарда, нақты кім, қашан жаздырды, қандай себептермен қышқа құйып бедерлегені белгісіз болғанымен, кез келген адамды ұйытып, қалың ойға қалдыратын осынау жазудың мағынасы адамзат жаратылысына тән өмірдің негізгі ой-философиясы дерсің. Адам – керуен, өмір – жол. Ол ешкімге таңсық із емес. Бір Жаратушының құдіретіне ай астында, жер үстінде бас иіп, мойынұсынбайтын жан бар ма өзі?! Түсінбейтін адам бар ма екен?!
Өмірдің көш-керуенінде «Тараз қаласын мен ғана түсіне аламын» деп жазатын шайырлардың сезімі мен махаббатында Айша бибі кесенесіндегі осы жазудың да әсері болмай қалған шығар, сірә.
Дәл осы арада бұл мәдени-тарихи ескерткіштің тұрған жері туралы айту арқылы әңгімемізді одан әрі жалғастыру көп жайттың қисынды және үйлесімді жақтарын аңғартады.
Ел аузында сол бағзы заманнан келе жатқан тәмсіл әңгіме бар: Махаббатына адал қас сұлу Айша ақ арманына жете алмапты, сүйгені Қарахан екен, ару қыздың аяулы сағынышы алты айлық жерден керуен тартып Таразға қарай жетелепті, таулар асып, жүрек лүпілі аптықтырған жолда аялдаған аруды кенет улы жылан шағып, мөлдір көз жасын төгіпті… ғашықтықтан өртене жаздап, енді орны толмас өкініштен жүрегі қарс айырылған Қарахан оны сүйіп өттім, жаным бірге деп жария еткен. Қос ғашықтың мәңгі белгісі деп әулие кісі мұсылман әлемі сәулетімен тұрғызылған мазаратты мұнаралы Тараздың қақ ортасынан өзі көріп жататын (о дүниелік болғанда жерленетін жерін белгілепті) анау Алатау мен Қаратаудың тоғысар құшағындағы биік қырға салдырған екен…Некесін де қидырған деген аңыз небір заман зердесінде сақталып келеді.
Талайғы Тараз атауы
Тарихшылар мен шежірешілердің, жылнамашылардың айтуынша, Тараз сөзінің пайда болуы туралы бірнеше нұсқа бар. Көпшілігі Таразды Талас деген ән сөзіндей әдемі сөзден шығарады. «Талас» грек тілінде «теңіз» деген сөзді білдіреді. Адамзат тарихында, атап айтсақ, ата-бабаларымыздың көшпенділер мәдени өмірінен ғылыми түрде хабар беретін «Талас жазулары» қаншама ғылыми зерттеу мен еңбектің арқауына айналғанының өзі бекер емес, ол – мол рухани қазына.
Адамзат игілігінің қамқоршысы ЮНЕСКО шешімімен Тараз қаласының 2 000 жылдық тойының кеңінен аталып өтуі тәуелсіз қазақ елінің көнеден тамыр тартқан көкжиегіне айрықша сәуле түсірді. Нақ осы мереке қарсаңында ежелгі қаланың арғы бергі тарихына байланысты ғалымдар зерделеп берген мағлұматтар мен дерек-дәйектер барынша айтылып, баспасөз бетінде жарық көрді.
Талайғы Тараз атауының араға ғасырлар салып қайта оралуының сәті түсіп, ол құтты 1997 жылы жүзеге асқан болатын. Жүрекке тым ыстық әрі әріден әдемі атау тез арада елдің құлағына сіңіп кетті. Аз уақыт ішінде ол брендке айнала бастады. Ежелгі Тараз, тағдырлы Әулиеата және жыр жампозы Жамбыл аталған қалалар ұлылардың атамекені мен әулиелі жердің ұғымымен жымдасып, ғасыр жасаған Жамбыл ақынның «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» деген сөзімен әйгілене түсуі де қиюласып, қадірін арттырды. Тасқа басылған, қағазға жазылған дәйектен, әрине аттап өте алмаймыз, бұл шежірелі қала кешегі кеңестік дәуірде коммунистердің пәрменімен Мирзоян (Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы) деп те аталған. Бірер жыл ғана… Солақай саясаттың кесепатты кесірі қоғамға тигізген зардабы аз болмаған ғой.
Байтақ елдің бақ дәуренінен үзілмес сыр тартқан Тараз қаласының өткен тарихы өшпес оқиғалардың таңбалануымен және сөз өнерімен өрнектелгені әлеуметті барлық уақытта қатты таңғалдырған. Осындай қалың ойға оралтқанына негізі бар дәйек, дерек көп. Айтқанда, Шығыстың атақты шайырлары мен кешегі-бүгінгі қазақтың ақын-жырауларының туындыларына арқау болып, өлмес тақырып, мөлдір махаббат пен сүйіспеншілік туғызған Тараздай тағлымды, құлпырған шаhар бар ма, өзі?! Жоқ-ау, ә?! Бір көргеннен-ақ Тараз қаласын жырламаған ақын жоқтың қасы. Сезімтал ақыннан көркем сөз артылған ба? Тек осы бір ғажапқа, «Таразды жырлаймын» деген ақындар өлең-толғауларына жергілікті әдебиетшілер мен мұрағатшылар жете мән беріп, мұқият жинастырып жүруі керек-ақ. Әзірге ондай қадамдар жасалған, дей тұрғанымен толыққанды жинақ шыға қоймады. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Тараз мұралары» сериясымен шыққан 110 томдық кітапта да өз деңгейінде болу үшін әлі көп зерттеуді қамту керектігі байқалып қалды. Бұл жағы алдағы уақытта ескерілетін шығар деген ойдамыз. Әулиеата аузымен құс тістеп, әуенімен қыран қалықтатып, сазды әуезімен ән шырқатқан ақын-жыршылар елі емес пе?
Әйтпесе, ықтиятты болмасақ, елдің абыройы-ақындар мұрасы әр жерде қалып қоюы мүмкін.
Бұл орайда мына бір көңіл толқытып, риза еткен жағдай ойға оралып отыр. Әлем ойшылдары атанған және қазақ жерінен шыққан ортағасырлық ғалымдарды толағай зерттеулерінің нәтижесінде құнды дүниелер жазып, нағыз ғалымның кең өрісін танытқан шығыстанушы, атақты ғұлама, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі туралы бөле-жара айтқанды жөн санаймыз. Ол рухани қазынамызға ХV-ХVI ғасырларға жататын, жалпы жұрт түгілі тарихшы ғалымдарға да белгісіз, бұрын-соңды аталмай келген 300-ге жуық ғұламаны қосты. Солардың ішінде аз да, көп те емес, тұп-тура 51 Таразиды, яғни өз дәуірінде оқып, білім алған түрлі бағалы еңбегімен әйгілі болған қайраткерлерді оралтып, ғылыми айналымға олжа қосқанының өзі не тұрады?!
Дұрысында қазақ топырағында жаратылған дана адамдар еңбегін араға жүздеген жыл салып туған Атажұртымен қайта табыстырды. Бұл күндері көне қаланың қақ ортасында тұрған орталық мешіт «hибатулла Тарази» деп аталады. Бір қарағанда тосын, беймәлім есім қайдан пайда бола қалды? Бұл шындығында мұсылман әлемінде ірі дін қызметкері және ғұлама ойшыл, Каирдегі Сұлтан Бейбарыс медресесінің меңгерушісі болған адамның (1272-1323) есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен қойылған. Тарихи ақиқат үшін айтсақ, сол кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің ұсынысымен жаңа мешіт осылай аталған екен. Осындайда ой жүйрік қой. Қазақ баласының орта ғасырда қандай тағдырмен, арман-мақсатпен алыстағы Шам мен Мысыр еліне сапар шекті екен десеңізші.
Қараханидтер дәуірі, ислам дінінің Орталық Азия жерінде Тараз төрінен басталуы, Рудаки, Фирдоуси тәрізді сол заманның атақты шайырларының өлең-жырларының шығуы, Талас шайқасы, Қазақ хандығының бастауында тұрғаны, Абылай ханның ақордасының тіккен орны, ең ақыры ХХ ғасырдың 20-жылдары Сара Есова апамыз бастамасымен қазақ әйелдерінің теңдігі туралы тұңғыш бүкілқазақстандық жиынның Әулиеата-Тараз жерінде өткені де терең тарихтың тағлымды, өткен күндердің ұмытылмас тарауларын танытады.
Шежірелі Х ғасырда атақты шайыр Фирдоуси «Сергітер жүректің жарасын, Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп жазған. Бұл тарихи жыр шумақтарының өзі бір жағынан өскен, өркен жайған елді қыздың сұлулығымен өлшесе, екінші жағынан көне қаланың байырғы ғұмырынан хабар береді. Бұл сөз 1990 жылдың басында Таразға кіреберіс оңтүстік қақпасында қаланың бойтұмары ретінде жазылып қойған еді. Ақылды адамдар түсінетін өлең болатын. Бертінде, оны бір додалы айтыста жас ақын терістеу мағынада айтты деп облыстың сол кездегі әкімі 2015 жылы еш ойланбастан, менмендікпен алдырып тастаған. Қала тұрғындары биліктің бұл қате, әпербақан өктемдігіне, өкінішке қарай қарсы тұра алмады. Анығында өз тарихына қатысты бәсіре дүниені қорғамады.
Әдеби сөздің нарқы мен парқын білмейтіндердің әрекеттеріне не айтарсың?
Суы мөп-мөлдір, көк толқыны жан тербейтін Талас өзенінің жағалауында өсіп, ән сөзіндей Әулиеатаның әлдиімен қанаттанып, поэзия әлеміне танылған көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова өзінің «Жұлдызым Жібек жолы бойындағы» толғауында:
Берілген ұлылардың бағасы – шың,
Тарихтың салихалы саласысың.
Киелі, Әулиелі, көне Тараз,
Сүюдің, сұлулықтың Таразысың!
Сүюдің Айша бибі бопты Арындай,
Далада қызға ескерткіш жоқ та мұндай,
Кезінде Шах Жаханның Мұмтазға арнап,
Өлмейтұғын Тәжмахалды соққанындай,–
деп жырлайды. Қазақ қызына ықылым заманда осындай ескерткіш қойған ерге де мың тағзым, деп келетін ақын жырлары «Жан Тараз, жақұт таққан тәжім менің» күйінде жарқырай түскенін оқып, не ұйып тыңдау да бір көркем дүние! Көкжиегі сәулелі Күләш ақынның ақын інілері мен сіңлілері Жамбылды жыр нұрына бөлеп, бәрін де сұлуландырып тұрғандай әсерге бөлейді.
Аңыздарда және соған орай зерттеу жұмыстарын жүргізген жекелеген жас ғалымдар өз мақаларында Айша бибінің орта ғасырларда өмір сүрген дін ғұламасы Сүлеймен Бақырғанидың қызы деген айқындама беретінін де байқаймыз. Түрлі деректе айтылып жүргеніндей, ару Айша бибінің нағашы атасы Қарабура әулие саналады. Ал Қарабура дегеніміз Қарахан империясын билеген патшалардың бірі болған Қара Богра хан деп келтіреді.
Біздің тарихнамамызда ең алғаш Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялап, түркілер арасында да кеңінен насихаттаған да осы қарахандықтар.
Осылайша, Айша бибінің түптегі патша әулетінен шыққан деп ой қорытады тарихшылар мен зерттеушілер өз еңбектерінде. Бұдан басқа да шығу тарихы туралы ойлар айтылатын секілді. Ертеден бері түрлі болжам болғанымен, оның тегі асқан мәртебелі отбасынан шыққаны бір арнадан табылады, сол себепті бүгінгі күнге жеткізген ата-бабаларымыздың зердесінде сақталған және таңғажайып кесенесіндегі айғақтың барлығы бір-бірін толықтырып тұрғанын ескергеніміз абзал.
Айдай сұлу аруға кесенені дала қыраны Қараханның тұрғызғаны да дәл сондай, мәңгілік ғашықтық пен махаббаттың, шексіз сүйіспеншіліктің ғұмырлар бойғы ғибратындай дедік. Аңыз әңгімелер мен зердеде жаңғырған замандар елесі.
Қазақ жеріндегі күмбездердің ең ерекшелігі де осы тарихи-мәдени ескерткіште. Ғалымдардың зерттеу қорытындысына сүйеніп кесененің артқы бұрыштама бағаналарының 18-ші қатарында араб әліпбиінің «куфа» өрнегімен бедерленген жазу бар дедік. Бұл сөздерді 1895 жылы орыс ғұламасы В.Бартольд «Күз…бұлттар…жер ғажайып» деп аударған. Тылсым сырлы ойдан адам жаратылысы мен тіршіліктің барлық сипатының неден тұратынын сезініп, ұғатын боламыз. Бұл көне сөзді «Күз. Жер. Су» деп өзінше және қиялдап аударып жүргендер де бар. Ал таным-талғамы терең, белгілі жазушы Асқар Сүлейменов болса, бұл жазуды «Аспан. Сүмбіле. Сұмдық өмір» деп оқиды.
Ежелгі Тараздың тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау мекемесін көп жыл басқарған тарихшы-маман, көптеген зерттеу еңбекті таныстырып жүрген Тәкен Молдақыновтың бұл жазудың дұрыстығына көз жеткізу үшін В.Бартольд, В. Массон, Т. Снегинова секілді ғалымдардың зерттеулері бойынша және Таразға арнайы жолы түскен Иран Ислам республикасының Қазақстандағы елшілігі қызметкерінің аудармасы негізінде ой қорытқан мақаласы да кесенедегі жазудың айтылып жүрген нұсқасын қостайды.
Тағы бір кереметі – күмбездің кіреберіс есігінің жақтауларындағы қос бағананың бас жағына кең ауқымда улы жыланның белгісі салынған. Бұл Айша аруды жылан шағып қайтыс болған деген аңыздың мазмұнын ашық суреттегендей.
Сонымен, «өрнегі мол Шығыс сәулетінің үздік нұсқасының жобалау авторы кім болды екен?» деген мәңгілік сұрақтың жауабын табудың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны да рухани мұраның бір ғажабы болса керек.
О, несін айтасыз, 1980 жылдың белортасы ма екен, белгілі мәдениеттанушы, ұзақ жыл Жамбыл облысының мәдениет саласын басқарған Әлібек Әмзеұлының эссе-жазбасында келтірілгеніндей, сол уақытта Мәскеу жақтан бірнеше археологпыз деген адамдар Жамбыл жеріне суыт келіп, көненің көзі Айша бибі кесенесін қазып, ашып зерттейміз, бізге аңыз емес, ақиқат керек деп тепсініп, алқымынан алады. Бұған жаратылысынан кесек мінезді, айтқанынан қайтпайтын Мәдениет басқармасының басшысы бірден пышақкесті келіспейді, содан барып қып-қызыл ерегіс басталады. Жоғары жақтан келгендер ашу шақырады. Рұқсат қағазды алу үшін обкомның бірінші хатшысы С.Байжановтың алдынан бір-ақ шығарады. Сол арада обком хатшысы сөзі орнықты, ой орамдары ақиқат, сауаты күшті Ә.Әмзеұлының «мұсылман әлемінде аруақтарға тиісуге болмайды, оның үстіне мына қазба жұмысының мақсаты да белгісіз» деген тоқтамын қолдайды. Мұнымен де тартыс бітпепті. Енді Алматыда, Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековке барып арызданған екен әлгі археологтер. Не керек, Алматыдағы кеңседе екі тараптың ой-пікірлерін мұқият тыңдаған Өзағаң «Айша бибі кесенесін ешкім де қазбайды. Оған рұқсат ешқашан берілмейді. Егер сол жерден бір күрек топырақ қазылса, сол жерге сен көмілесің» деп сөз бен ой мағынасын тереңінен түсінетін Әлекеңе қаратып қатаң тапсырма беріпті. Қайран, Өзағаңдар – ұлттық рухтың жебеушісі! Кім біледі, ол кісі тоқтау салмаса, әйтпесе, атақты адамдар қабірінен құнды заттар іздеген «қара археологтер» секілді тонап, ұрлайтындардың көздегені ақиқат емес, басқа болуы да мүмкін ғой. Бұл да тарихи көмбелердің біразына тән нәрсе.
Біз кейіпкердің тағлымы көптеген шығармашылық адамның туындыларына арқау болғанын жақсы білеміз. Бұл ыңғайда жергілікті жазушы, Тараз қаласы тарихын зерттеуге елеулі еңбек сіңірген қаламгер Бақтияр Әбілдаевтың «Айша бибі» пьесасының кезінде театр сахналарында қойылуы көп жайттың бетін ашты. Аңыздың ақиқатқа айналған сәттері де көркемдік шешімін тауып, Айша бибінің аяулы бейнесі мен образы көз алдымызда тұрды.
Сондай-ақ бірқатар тарихшы мен әдебиетші де көне жазбалар желісімен көркем ойлар айтты.
Ескерткіштерге де күтім керек
Ғасырлар куәгері Айша бибі кесенесінің аумағын ерекше көркейтіп, көгалдандыру, саяхат жасап келушілерге қолайлы жағдай туғызу сөзбен емес, іспен дәлелдеген бір жағдай еске түсіп отыр. Бұл тұрғыда 2010 жылы сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев киелі орынға ел-жұрт тілігіне сай тікелей өзі айрықша қамқорлық жасап, оның көлемді айналасын айнадай етіп, жасыл саялы бақ ектіріп, мәдени жаңғыртып, көркейтіп, көріктендіріп, әдемілеп қойып еді.
Содан бері талай су ақты, аңызақ жел гуледі, жылжып жылдар өтті.
Қылаудай иманды қарекеттің өзі қадірлі.
Талайғы Тараздың бақ қонып, қыдыр дарыған ұлттық жақұттары теңдессіз қазына. Олар заманалар көш-керуенінде рухани өмірдің әдемі арқауы, сарқылмас бұлағындай бола бермек. Сонысымен де дүниені дүркіреткен Сақ, Ғұн, Түркеш қағанатынан бері жер бетінен жоғалып, жойылып кетпей, бізге жеткен түрлі мәдени-тарихи ескерткіштер мен алтын көмбелер адамзат тарихы үшін ең қымбат жәдігер және тірілер үшін тағзымды тағлым!
Жер дүниені жалғаған Ұлы Жібек жолы бойында арлы-берлі ағылған саяхатшылар мен жолаушылар жүрегін қазақ даласында қанат қаққан «Айша бибінің» көз жетпес алысқа кеткен аңыздары мен зейінді зердеде жаңғырған мөп-мөлдір ақиқаты әлі талай ұрпақты тылсым күйде тербеп, таңғалдыратын болады.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
қоғам қайраткері