BBC News сайтында смартфондардың жасанды интеллектпен жұмыс істейтін суретті өңдеуге арналған жаңа функциялары туралы мақала жарияланды. Мақалада адамның бет-әлпетін өзгертетін революциялық технологиялардың қауіпті жақтары да айтылған. Aikyn.kz қолданушылар арасында түрлі пікір тудырған технологияның мүмкіндіктерін британдық басылымның материалына сілтеме жасай отырып талдайды.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Westend61
Смартфон дәуірінде фотосуреттерді жақсарту үшін түсті өзгерту, жарықтың деңгейін реттеу сияқты жылдам цифрлық өңдеу функциялары қалыпты жағдайға айналды.
Өткен аптада шығарылған Google-дың соңғы смартфондары, Pixel 8 және Pixel 8 Pro, басқа компаниялардың құрылғыларынан бір қадам алда екенін көрсетті. Олар фото суреттердегі адамдардың мимикасын өзгерту үшін ЖИ-ді пайдаланады.
Топтық фотосуретте бір адам камерадан басқа жаққа қарап немесе күлмей түскен жағдайлар кездеседі. Google смартфондары енді басқа фотосуретте күліп түскен бейнелерді және машиналық оқыту технологиясын пайдалана отырып, адамның бұрынғы бет қимылын, күлу өрнектерін сәтсіз фотоларды жасқартуға қолдана алады. Google оны Best Take деп атаған.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Luis Alvarez
Жаңа Pixel 8 смартфондары пайдаланушыларға фотосуреттегі қажет емес элементтерді өшіруге, жылжытуға және өлшемін өзгертуге мүмкіндік береді: адамдардан бастап тұтастай ғимараттарға дейін Magic Editor деп аталатын бағдарлама арқылы қалаған кеңістікті «толтыруға» болады.
Ол миллиондаған басқа фотосуреттерден алынған бейнелердің орналасуын пайдалана отырып, олқылықтың орнын толтыратын жасанды интеллект алгоритмін (терең оқытуды) пайдаланады.
Жаңа сурет жасау үшін смартфонда түсірілген суреттің болуы да міндетті емес. Pixel 8 Pro көмегімен Google Photos кітапханасындағы кез келген кескінге Magic Editor немесе Best Take технологиясын қолданып жаңа фотосурет жасауға болады.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Dean Mitchell
Жаңадан шыққан ЖИ технологияларына сарапшылар «жағымсыз, қорқынышты және адамдардың интернет желісіндегі мазмұнға деген сенімін жояды» деген бағалар беруде. Олардың ойынша, бұл технологиялар жалған дүниеге көшудің жолын көрсетеді. Ал BBC News басылымына берген сұхбатында Google компаниясының өкілі Исаак Рейнольдс компания өзі ұсынатын технологиясының этикалық мәселелеріне байыппен қарайтынын айтып, Best Take функциялары ештеңені «жалған» етпейтінін атап өткен.
Бүгінде камера сапасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету Samsung, Apple және басқалармен бәсекелесетін Google компаниясы үшін негізгі факторлар деп саналады және ЖИ мүмкіндіктерін қолдану бірегей өнім жасаудың басты құралы ретінде қарастырылады.
Бейнені өңдеу құралдарын жақтайтын тарап болса, «пайдаланушылар өзі қалағандай суреттер түсіре алатынын» айтуда. Кембридж университетінің графика және дисплей бойынша сарапшысы, профессор Рафал Мантиук смартфондарда ЖИ-ді пайдалану фотосуреттерді шынайы өмірге ұқсатуға арналмағанын ескертеді: «Адамдар шындықты қаламайды, шындықты түсіргісі келмейді. Олар әдемі бейнелер жасағысы келеді. Смартфондардағы кескінді өңдеудің бүкіл желісі шынайы емес, әдемі кескіндер жасауға арналған».
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: middelveld
Осы жылдың басында Samsung смартфондары түсірген Айдың кескінінің сапасын жақсарту үшін терең оқыту алгоритмдерін қолданғаны үшін қатты сынға ұшыраған еді. Қаншалықты нашар түсірілген сурет болса да, оны өңдегеннен кейін сапалы сурет алуға болатын.
Компания айтылған сынды мойындап, «шынайы Айды суретке түсіру мен Айды бейнелеу арасында туындауы мүмкін кез келген шатасуларды азайту үшін» технологияны жетілдіретінін мәлімдеген.
Google да жаңа технологияда ЖИ қолданылған кезде салалық стандарттарды қолданып, фотосуреттің, бейненің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын көрсететін цифрлық іздер қоятынын ескерткен.