Егемендік – ата-бабамыздың азаттық жолындағы арпалыстарының өтеуі болды. Бұл Алаш қамы үшін жандарын пида еткен барлық арысымыздың аңсарлы арманы әрі асыл мұрасы еді. Егемендік қазақ елінің кейінгі барлық жетістігінің алтын арқау, асыл өзегіне айналды.
Сананы азат етіп, Ұлы даланы құрсаудан құтқарды
Егемендікпен бірге ұлттық сана жаңғырды, әдет-ғұрып, салт-дәстүр темір құрсаудан, ауыр қыспақтан құтылды. Халқымыз іргесінде ізгілік ұялаған, төрінде татулық орныққан құқықтық мемлекет, ырысы артқан экономика құрды. Бұл тарихи құжат ұйқыдағы рухты серпілтті. Мемлекеттілікті мәңгілік етудің бітіп қалған бастау көзін қайта ашты.
Тарихқа үңілсек, Ресей императоры II Александр 1867 жылғы 11 шілдеде және 1868 жылғы 21 қазанда қазақ даласына қатысты «уақытша жарғыларға» қол қойды. 1867–1868 жылғы сол реформалардағы бастысы жер мәселесі болатын. Аталған жарғыларға сәйкес, Қазақстанның бүкіл жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланды және қазақ ауылдарына пайдалануға ғана берілді. 1893 жылғы 26 наурыздағы патша жарлығы бойынша Каспий теңізінің айдыны да Ресей меншігіне өтті. Қазақтар жаңа тәртіпті қабылдаудан бас тартты, бұл шет-шегі болмаған ұлт-азаттық көтерілістерге ұласты. Бағынбағанның бәрін патша өкіметі аясыз қырып, халық толқуларын басып-жаншыды.
Ресей империясы күйреген соң қазақ жері оның меншігі болудан қалды. 1906 жылғы ақпанда Семейде ұлт арыстары бас қосып, II қазақ құрылтайын өткізді. Оның қорытындысында бекітілген бағдарламада Қазақстанның бүкіл аумағы тұрғылықты ұлттың меншігі болып танылатыны айтылған. Ақтың орнын басқан Қызыл империя ұлт жанашырларының бұл арманын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді.
Сондықтан да қазақ халқы үшін 1990 жылғы «Мемлекеттiк егемендiк туралы» декларацияның 9-бабы жанға жақын, жүрекке ыстық көрінеді. Онда: «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует, Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық – Республика егемендiгiнiң негiзiн құрайды және оның ерекше меншiгiнде болады», – делінген.
Осылайша, ұзақ, 123 жылға созылған әділетсіздік жойылды. Қазақтар бұл күнді бір ғасырдан артық күткен еді.
Егемендікті тәуелсіздік толықтырады
Мемлекеттік құқық пен тарих зерттеушісі, белгілі профессор Виктор Нездемковский тіпті сарапшылардың өзі егемендік пен тәуелсіздіктің айырмашылығын аңдай алмай, бірін-бірі алмастыратын синоним санайтынына назар аудартты.
«Әлемде, геосаясатта болып жатқан терең әрі сан салалы өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік егемендік сол бұрынғыдай басты құндылық, конституциялық құрылымның ұстыны мен саяси легитимациясы болып отыр. Әлемде тәуелсіздігін жариялаған көптеген ел әлі күнге егемендікке қол жеткізе алмады. Себебі заманауи ғылымға жүгінсек, егемендік, мемлекеттің өз билігін елдің бүкіл территориясына тарататынын білдіреді. Яғни, мемлекеттің заңы оның барлық субъектісінде бірдей үстем болуы тиіс», – деп түсіндірді ғалым.
Мысалы, Әзербайжан тек Қарабақ өңірін қайтара алған соң 2023 жылғы қазан айында ғана егемендігін қалпына келтіргенін жариялады. Азаттығы мен территориялық тұтастығы үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан Украинаның өз егемендігін қашан толыққанды етері белгісіз. Әзірге Киевтің мемлекеттік билігі ішінара төрт облысына жүрмейді. Грузия, Молдова сияқты посткеңестік кеңістіктегі елдерде мемлекеттік билік олардың конституцияларында белгіленген, әлем таныған территориясына тұтас таралмайды. Дәл солай тәуелсіздік алған, бірақ түбегейлі егемендікке қол жеткізе алмаған мемлекеттер төрткүл дүниенің әр түкпірінде тым көп.
Сондықтан ғалымның айтуынша, тәуелсіздік мен егемендік секілді қос құндылыққа қатар ие Қазақстан халқы бақытты.
В.Нездемковский егемендіктің ішкі және сыртқы болып бөлінетінін айтты. Ішкі егемендікке мемлекеттік органдар жүйесін сыртқы ықпалсыз, өз бетінше құру, оларға билік құзырларын беру, елде тәртіп пен құқықты дербес орнату, қалаған заңдарды қабылдау, юрисдикциялық қызметтерді жүзеге асыру және басқасы кіреді. Ал мемлекеттің сыртқы саясатты тәуелсіз жүргізуі, қандай да бір халықаралық ұйымдарға ерікті түрде кіруі немесе шығуы, өзге мемлекеттермен одақтастық құруы, мемлекеттік шекараны күзетуі, соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешуі – мемлекеттің сыртқы егемендігі болып есептеледі.
Бұл ретте 17 ғана баптан тұратын, небәрі 4-бетке сыйған «Мемлекеттiк егемендiк туралы» декларацияда осының бәрі қамтылған.
Мысалы, 2-бабында қазақ халқының тілін, төл мәдениетiн, дәстүрiн қайта түлету мен дамыту – Қазақстанның мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi ретінде бекітілді. 3-бабында: «Қазiргi шекарасындағы Қазақ КСР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды» делінген.
6-бабы Қазақстанның мемлекеттiк билiгi республика iшiнде, сондай-ақ сыртқы қарым-қатынастарда үстем, дербес, толық болатыны нықталды.
Ел экономикасын өрлеткен бір бап
Қазақстан өз территориясында республиканың егемендi құқықтары мен Конституциясын бұзатын халықаралық актілердің қолданылуын тоқтата тұру құқығын да иеленді.
Экономист-ғалым Марат Ерғозин Егемендік декларациясының 10-бабы елімізде көптеген саланың іргесін қалағанын қаперге салды.
«Бұл бап екі сөйлемнен ғана тұрады. Әйткенмен, соның арқасында Қазақстанның мемлекеттiк Ұлттық банкі, төл қаржылық жүйесi, банк секторы құрылды. Қазақстанның мемлекеттік бюджеттік жоспарлауы жолға қойылды. Салық пен кеден салалары іске қосылды. Осының бәрі одақтан бөлінген жоқ, оларды біздің мамандар шетелден шақырылған кеңесшілермен бірге жаңадан жасады. Тақырдан пайда болды деуге келеді. Әрине, бұл салалардың әлі де болса, кем-кетігі, олқы тұстары жетерлік. Бірақ ең бастысы, ол игіліктер бізде бар. 10-бап аясында Қазақстан жалпыодақтық мүліктегi еншісін алды. Соның iшiнде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесiн өз меншігінде қалдыратынын жариялады», – деді экономист ғалым.
Ол бүгінде Қазақстанның банк секторы – ТМД аймағындағы көшбасшысы әрі ең озығы екеніне назар аудартты (шектен тыс шоғырландырылғанын назарға алмағанда). Ал Кеңес Одағы заманында Қазақ КСР-інің төл банктік жүйесі болмады, одақтық жүйеге толығымен тәуелді болды. Ол кезде одақта Мемлекеттік банктен, Сыртқы сауда банкінен, Құрылыс банкінен құралған бір деңгейлі банктік жүйе ғана болды. Қазір Қазақстанда мемлекеттік және коммерциялық банктерден тұратын екінші деңгейлі банктер жұмыс істеуде. Бірінші деңгейде Ұлттық банк тұр.
Сарапшының түсіндіруінше, дамыған капиталистік елдер екі деңгейлі жүйені дамытты. Экономикасының күйзеліс құрдымына құлап бара жатқанын түсінген КСРО 1987-1988 жылдары банк реформасын жүргізді. 1987 жылы КОКП ОК және КСРО Министрлер кеңесінің №821 бірлескен қаулысымен, Кеңес Одағында екі деңгейлі банк жүйесін құру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, КСРО Мемлекеттік банкі мен КСРО Құрылыс банкі негізінде «Промстройбанк», «Агропромбанк», «Жилсоцбанк» құрылды. «Внешторгбанк» орнында «Внешэкономбанк» ашылды. КСРО Мембанкі құрамындағы жинақтаушы кассалар «Сбербанкке» берілді. КСРО Мемлекеттік банкі кәсіпорындар мен ұйымдарға кассалық, кредиттік-есептесу қызметтерін көрсетуді доғарып, одақтың Орталық банкіне айналды.
Бірақ мұның бәрі Қазақстан үшін жат еді. Мысалы, одақ ыдыраған соң «Сбербанк» (Жинақтаушы банк) өзінде ондаған жыл жинағын жиған қазақстандықтарды ұлардай шулатып, Мәскеуге тайып тұрды.
Қазақстан егемендікке қолы жетісімен, яғни 1990 жылғы желтоқсанда одақтан дербес, төл банк жүйесін құруға кірісті. Ол да тақырдан түзілді, өйткені КСРО-да жоспарлы экономика үстемдік құрып келсе, Қазақстан нарықтық қатынастарға көшіп жатқан еді. Банк жүйесін реформалаудың бастапқы кезеңінде нарық жағдайында банк қызметін реттейтін заңнаманың жоқтығы әшкереленді. Содан 1991 жылғы қаңтарда Жоғарғы кеңес «Қазақ КСР банктері және банктік қызметі туралы» заңын шұғыл түрде қабылдады. Осылайша, елде түбегейлі банктік реформалар басталды, екі деңгейлі банктік жүйе қалыптасты.
Заң ғылымдарының докторы Қабдулсамих Айтхожиннің байламынша, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСРО Жоғарғы кеңесінің Егемендік декларациясын қабылдауы қазақ тарихының жарқын беттерінің бірі әрі бірегейі саналады. Қазақ елі үшін тағдыршешті құжатқа айналған декларация Қазақстанда жаңа конституциялық құрылымның негізін салды, байырғы қазақ жерінде тәуелсіз, егемен, біртұтас, заманауи мемлекеттің іргесін қалады. Сол себепті де бұл декларация қазақ халқы үшін құнды дүние. Сондықтан да қазіргі және болашақ зерттеушілер Егемендік декларациясына басты қайнар ретінде үнемі оралатын болады.
Қазақ елінің қазіргі халқы мен болашақ ұрпағы үшін бабаларымыз бағдар тұтқан Азаттыққа адалдықтан айнымау – парыз.
Айхан ШӘРІП