Биыл еліміздің төтенше жағдай­лар қызметінің құрылғанына – 28 жыл. 1995 жылы 19 қазанда Пре­зи­дент Жарлығымен Төтенше жағдай­лар мемлекеттік комитеті құрылды.
Құтқарушыға құрмет
929
оқылды

Ал 19 қазан – халықты, республика өңірлері мен объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйе қызметкер­лерінің кәсіби мерекесі деп бекітілген болатын. 

Мемлекет басшысы соңғы бірнеше жылда орын алған өңірлердегі алапат өрттен кейін ТЖ министрлігінің өңірлік бөлімшелерін арнаулы техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Бүгінде елімізде ТЖ министрлігі мен оның комитеттерінің жүзден астам ведомстволық бағынысты ұйымдары бар, құтқарушылардың жалпы саны 28 мыңнан асады. Күн сайын құтқару қызметінің мамандары төтенше жағдайды жою және адамдарды құтқару үшін екі жүзге жуық жұмыс сапарын орындайды, басым бөлігі – жану жағдайы мен өрт.

Астанадағы Төтенше жағдайлар депар­таменті, ондағы әскери қызметші­лердің, құтқарушылар мен өрт сөндіру­шілердің кәсібилігі, қала тұрғындарын, Астананың экономикалық әлеуетін төтенше жағдай­дан қорғауға бағытталған қызметтің маңы­зы орасан. Қазір елорданы өртке қарсы қорғауды 18 өрт сөндіру бөлім­шесі жүзеге асырады. Астана қаласының әкімдігі бес өрт сөндіру депосын салу бойынша жұмысты жалғастыруда. Көктал көшесі аумағында – 4, Ильинка тұрғын ауданында Жанқожа батыр және Доспам­бет жырау көшелері аумағына – 2, №28 көше бойын­ша – 6, Интернациональный теміржолына – 2, Тельман теміржолына төрт шығысқа қамтамасыз ететін өрт сөндіру депосы са­лы­нып жатыр. Бұдан басқа, Астана қаласы әкімдігінің Құрылыс басқармасы ЖСҚ әзірлеу, мемлекеттік сараптама жүргізу және қызметтің 7 объектісін одан әрі ре­конструкциялау бойынша жұмыс жүргізу­де. Елордалық ТЖД-да 205 бірлік техника бар. 2021 жылы қала әкімдігі 2,5 млрд теңгеге 48 негізгі және арнайы техника сатып алды. Бүгінде ТЖД техникасымен материалдық-тех­никалық жарақтандыру 100% -ды құрайды. 

Әйтсе де, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы «Басты еңбек – адамдікі» екенін жеткізді. «Құтқарушы батырларымызды мақтан тұ­та­мыз. Адам өмірі мен мүлкін құтқара отырып, кәсіби міндетін орындау кезінде өмірін қатерге тігетін жандарды мәңгі жүрегімізде сақтаймыз. Қазір елорданың қауіпсіздік күзетінде екі мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Мұндағы әрбір кә­сіптің – өрт сөндірушілер, құтқару­шылар, психологтер, медицина қызметкер­лері және т.б ерекшелігіне байланысты өз қиын­дығы бар», – дейді ТЖД өкілі.

Аталмыш департамент сондай-ақ мем­лекеттік өрт бақылауын жүзеге асырады, табиғи және техногендік сипаттағы тө­тенше жағдайдың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Су тасқыны, командалық-штабтық жаттығулар өткізу бойынша қа­уіпті учаскелердің, аймақтар мен ошақ­тардың мониторингін жүргізуге қатысады. 

Астанадағы ТЖД-ның әрбір қызметкері ең алдымен, аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат көмекке келуге дайын. Жауапты ведомствоның мәліметінше, жыл сайын елордалық гарнизон бөлімшелері орта есеппен төрт мыңнан астам қызмет сапарын жасайды, 600-ден астам өртті жояды, мыңнан астам адамның өмірін құтқарып, эвакуациялайды. Кезекші тәулікте 101 және 112 қызметтеріне мың­нан астам қоңырау түседі. Тек 9 айдың ішінде елордалық құтқарушылар дабыл бойынша 4 242 рет қызмет сапарын жасады. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысын жүргізу кезінде кезекші қарауылдардың жеке құрамымен 257 адам құтқарылып, қауіпсіз аймаққа 378 адам эвакуацияланған. Сонымен қатар биыл елордалық өрт сөндірушілер Қостанай облысында (98 құтқарушы, 18 өрт техни­касы), Абай облысында (103 өрт сөндіруші және 18 техника) және Павлодар облы­сында Ертіс орманы өртіне қарсы күресте әріптестеріне зор көмек көрсетті. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары апат­ты жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Түркия Респуб­ликасына барды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қойылған міндетті абырой­мен орындап, алғысхат, медаль және төс­белгілерімен марапатталды.

«Қызметтік борышқа адалдық, маман­дық­қа деген сүйіспеншілік, мінездің бе­ріктігі мен жауаптылығы құтқару ведом­ствосының қызметкерлеріне өзінің қиын жұмысын лайықты орындауға мүмкіндік береді. Өрт сөндірушілер үшін төтенше жағдай – бұл әдеттегі жұмыс күні, штаттық кезең. Олар күн мен түннің кез келген уақытында, боран мен аязда, жаңбыр мен дауылда, аптап ыстықта кез келген көңіл-күйде отқа да, суға да түсуге дайын. Қысқа уақыт ішінде қызыл жалынмен күресудің алдыңғы қапталында өз міндетін атқарған қызметкерлерден айырылдық. Олар батылдық, табандылық таныту арқылы адамдардың өмірін сақтап қалды. Қаһармандарымыздың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Осындай батырлардың бірі – былтыр қараша айында қызметтік боры­шын өтеу кезінде қаза тапқан  өрт сөндіруші Асқар Забикулин. Асқардың батыл, батыр әрекетінің арқасында адам өмірі сақталды. Ол туралы мейірімді, жарқын және мәңгілік естелік жүрегімізде мәңгі қалады», – деп атап өтті Астана қалалық ТЖД өкілі. 

Күні кеше Асқар Забикулин атындағы көшенің, №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде оған арналған ескерткіштің  ашылу салтанаты өтті. 

Асыл ТҰМАР