Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының орта буын актрисасы Айнұр Бермұхамбетова «Ай-Нұр әлемі» атты концерт-спектаклін көрермен назарына ұсынды. Кеш иесі екі сағат бойы жанды дауыспен әртүрлі жанрда күрделі әндерді шырқады. Шағын монологтар мен поэзия оқып, танымал кейіпкерлердің рөлін сомдады.
«Ай-Нұр әлемі» актрисаны өнерсүйер қауыммен қауыштырды деп айтсақ, артық емес. Сахна мен экранда талай рөлді жарқырата сомдап жүрген хас шебер тағы бір тамсандырды, тағы бір таңғалдырды. Кеш барысында әннің әр сөзін, әр нотасын жүректен жүрекке жеткізу нағыз әнші-актрисаға тән қасиет. Өнерлі отбасы Нұркен Өтеуілов пен Айнұр Болатқызы өмірде де бір-біріне сүйеу болып, екі ұл тәрбиелеп отыр. Анасының кешінде кіші ұлы Ақарыс Әшімхан гитарамен ән салып, көрермен ықыласына бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Қ.Қыстықбаев, С.Камиев, А.Иманбаева, Н.Өтеуілов, А.Бермұхамбетова шырқаған «Қыз Жібек» операсынан ариялары мен әзілдері де қошеметке ие болды.
Кеш соңында актрисаға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен кештің басты қолдаушысы Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Н.Сыдықовтың атынан арнайы алғысхат табысталды. Арнайы құттықтаулардан кейін театр директоры – өнертану ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров кеш иесінің өнерге сіңірген елеулі еңбегін атап, алдағы уақытта да сахнаның киесін халыққа таныту жолында күш саларына сенім білдірді.
Сахна – қашанда саф өнердің, хас таланттың орны. Оны өзге дүниемен былғауға әсте болмайды. Актриса келешекте де жұртшылық назарына көркем туындыларды ұсына береріне сенім мол.
М.ХАҚНАЗАР