Алқалы жиынның тізгінін Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚазҰЖҒА вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев ұстады. Шарада Президент кеңесшісі Ерлан Кариннің, Президенттің Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайдың құттықтау хаттарын Кәрімбек Арыстанбекұлы және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтауын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов табыстады. Әр ұлттың өзіне тән төл мәдениетін сақтау мен дамыту, сондай-ақ әлемдік өркениеттердің ғаламдық диалогінің аспектілері қарастырылған жиында алыс-жақын шетелдік және қазақстандық көрнекті ғалымдар бас қосты. Атап айтқанда, конференцияға Франция, Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Ресей, Қырғызстан және қазақстандық белгілі ғалымдар қатысты. Олар өз кезегінде Еренғайып Омаровтың еңбектері мен шығармашылығы турасында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар тарих қойнауында әлі күнге дейін ашылмаған тың деректермен бөлісіп, арнайы баяндама жасады.
Конференция асында Еренғайып Омаров өзінің кітаптарын Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты. Одан өзге Ұлттық кітапхана қорынан ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Конференция барысында тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанымхан Ошан ағамызды сұхбатымызға тартқан едік. Ол өтіп жатқан жиынның ұрпақтар сабақтастығымен байланысы жайлы атап өтіп, қазақ өркениетіне қатысты бірқатар мәселенің бетін қаузады.
– Қазақстан өз егемендігін алғаннан бері тарихта сан ғасырлар бойы күңгірт қалған тұстарымыз ашылып жатыр. Қазақ тарихы деген – үлкен тақырып. Еліміздің неше мыңжылдық тарихы бар деп алатын болсақ, соның ішінде неше мың түрлі проблема жатыр. Соның бірі – қазақ өркениеті. Адамзаттың жалпы өркениетінде көшпенділер өркениеті, соның ішінде қазақ өркениеті деген мәселе егемендік алғанға дейін дәріптелмеген. Бұл тақырыпта ешкім зерттемеді, жазбады. Біз көп жылдар бойы мемлекеттігімізден айрылдық. Сол себепті қазақтарға байланысты түрлі пікір айтылды. Батыстық ғалымдар қазақтарда өркениет болған жоқ, олар сай-сайды, шөбі шүйгін даланы кезіп жүрген кезбе халық болды деген сипаттама берді. Бұл әрине, қате пікір. Қазақта мемлекет болды. Империялардың ең үлкені біздің ұлы даламызда құрылды. Ал Қазақ хандығы тұсында өркениет жоқ деп айта аласыз ба? Қазақ хандығында әдемі қалалар, әскери жүйе, елдің өз территориясы болды. Алыс-жақын елдермен дипломатиялық байланыс орнатты. Саудамен айналысты. Мұның бәрі – өркениет. Еренғайып ағамыз осы тұрғыдан қазақ өркениетінің мән-мағынасын ашып көрсеткен бірінші ғалым. Сондықтан, Еренғайып ағаның бұл салада еткен еңбегі ұшан-теңіз деп айтуға болады. Ол біздің жоғымызды жоқтады, түгендеп берді және бүкіл әлемге жария етті, – деді ол.
Конференцияда Кеңес одағы тұсында қазақ ғылымының дамуы сөз болды. Әсіресе, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Әбсаттаров ағаның келтірген деректері қазақта ілім іздеген жастардың аз болмағандығын айғақтайды. Жанымхан ағадан осы мәселеге қатысты пікірін сұрадық:
– Раушанбек ағамыз Кеңес одағы құрылғанға дейін Қазақстанда жоғары білімі бар 22 адам ғана болды деген деректерді бәріміз «тотықұс» сияқты қайталадық, барлық ғалымдар жаздық деп айтты ғой. Раушанбек ағаның сөзінше, бұл – Кеңес одағының пропагандасы. Шын мәнінде, одан бұрын Ресейді қоспағанда Еуропа елдерінде, Түркия мен Мысырда 70 студент білім алған. Бұл 22 ғана қазақ оқыған деген ақпаратты жоққа шығарады. Қазақ тарихының ашылмаған сырлары өте көп, – дейді Ж.Ошан.
Академик Еренғайып Сәліпұлы – «Қазақ өркениеті» концепциясын ұсынған ғалым. Ол қазақта көшпенділікпен қатар, өзіндік өркениет болғанын, ертедегі қазақтардың кеме жасағанын ғылыми тұрғыдан дәйектеді. Қазақ өркениетінің көшпенділік, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік, дала өркениеттері болып бөлінетіні туралы ғылыми тұжырымдарын «Қазақ өркениетінің негізі», «Аттила. Өркениеттік рөлі», «Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы», The Kazakh Civilization and History, « Портреттер: Гередоттан Гумбольдтқа дейін сырттай көзқарас» сынды монографиялық еңбектерінде жариялаған. Ғалымның бастамасымен Қайнар университетінің жанынан ашылған «Қазақ өркениеті мен тарихы» институты 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ