Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықты несиелендіру мәселесіне назар аударғаны мәлім.
«Несібеге» айналған несие
960
оқылды

Мемлекет басшысының айтуынша, банктер экономиканың нақты секторын несиелендірудің орнына тұтынушылық қарыздарға басымдық беріп келеді. Осының әсерінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер артып қана қойған жоқ, сондай-ақ азаматтардың несиеге тәуелділігі күшейе түсті.

Тіпті, бір кездері халықтың шектен тыс несие алуына шектеу болады деп қабыл­данған шешімдер де бүгінге қажетті нәти­жеге қол жеткізу үшін жеткіліксіз екенін дә­лел­деп берді. Мысалы, 2019 жылы 500 мың қазақстандықтың борышына рақым­шылық жасалды және жеке тұлға­лардың банкроттығы туралы заңы да кү­шіне енді. Дегенмен проблема әлі де өзек­тілігін жойған жоқ. Керісінше, соңғы 7 жыл­да жеке тұлғаларға несие беру көр­сеткіші 340 пайызға артқанын көріп отыр­мыз. Статистикаға сүйенер болсақ, 2016 жылы жеке тұлғаларға 4,2 трлн теңге кредит берілген. Бірінші кредиттік бюро­ның деректері бойынша, биыл 1 қыркүйекте жеке тұлғалардың жалпы кредиттік порт­фелі 18,1 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 7,7 млн қазақстандық жалпы сомасы 8,8 трлн теңге болатын тұтынушы­лық кепілсіз кредит алған. Бұл – еліміздегі эко­но­микалық белсенді халықтың 77 пайызы. Бір ғана тамыз айында 2,5 миллион қазақ­стандық несие рәсімдеп үлгерген. Ал бере­шегі бар 1,5 миллионға жуық адамның қары­зының мерзімі өтіп кеткен және кол­лекторлар мен сот орындаушыларының қысымына ұшыраған.

Desht сарапшыларының пікірінше, қазақстандықтарды несиелендіру мәселесі макроэкономикалық деңгейде қаржылық жүйенің тұрақтылығына қауіп төндірмейді.

«8,4 миллион адамның тұтынушылық несиесі бар. Бірақ оның жартысынан көбі пайызсыз бөліп төлеуге жатады. Қаржы­герлер қауымдастығы бұл қаржы ұйымда­рына қауіп төндірмейтін, әлеуметтік маңы­зы басым проблема деп мәлімдейді. Себебі банктердің балансындағы тұтынушылық несиелер бойынша проблемалық берешек деңгейі ШОБ несиелеріне немесе жылжы­майтын мүлік сатып алуға қарағанда төмен. Мұны қаржы реттеушісі де растап отыр. Қаржы нарығының заңдылықтарына сү­йен­сек, табысы тұрақты тұтынушы үшін бөліп төлеу өте ұтымды. Өйткені ақша құнсызданады. Сондықтан қаражатты бір­ден жұмсағанша, оны депозитте ұстап, орнына бөліп төлеу арқылы сатып алған тиімді», – деп түсіндіреді Desht мамандары.

Сарапшылардың пікірінше, қарызы ауқымды белгілі бір топ қана берешегін өтей алмай жүргендер қатарында. Халық жаппай қарызға батты деп Парламент деңгейінде талқыға түсуіне де осы топ өкіл­дері себепкер. Мысалы, 1,7 млн адамның проблемалық несиесінің жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл – тек өтеу мерзімі 90 күннен кешіккен кредиттер. Осы қарыз алушылардың 4 пайызының ғана жүктемесі 7 миллион теңгеден асады. Яғни, «триллиондар» туралы сөз қозғау қажет болса, онда 1,7 млн қарыз алушының бәрімен емес, тек 100-150 мың адаммен жұмыс істеу қажет. «Сондай-ақ банктерде несие алу қиынырақ және жылдық шекті мөлшерлеме – 56 пайыз. Банктен несие ала алмаған адамдар микроқаржылық ұйым­дарға жүгіреді және ондаған несие ала алады. Өйткені қаржы реттеушісінің өзі мұн­дай ұйымдардың жылдық тиімді мөл­шерлемесін 146 пайыз деп бекіткен. Мұның жанында банктерге мөлшерлемені одан әрі төмендету қажет деген талаптар қисынсыз көрінеді. Кредиттік бюро туралы заңдағы олқылықтар осындайда көрінеді. Өйткені несие тарихы 15 күнде 1 рет жаңартылады. Соның әсерінен адам әртүрлі банктерден ондаған несие ала алады. Екінші деңгейлі банктер болса клиенттің несиелік жүктемесі асып кеткенін анықтай алмайды. Қаржы реттеушісінің талабымен микроқаржылық ұйымдар проблемалық қарыздарды кол­­лекторларға өткізіп, баланстарын тазартты. Нәтижесінде, қазір коллекторлар портфо­лиосы 5 есеге өсіп, борышкерлер саны миллионға жуықтады. Олардың қандай әді­спен жұмыс істейтін бәріне белгілі», – дейді сарапшылар.

Желіде осы тектес «проблемалы қарыз алушылар банктердің емес, МҚҰ-ның қыз­метін көп пайдаланады» деген пікір тал­қылануда. Ал RiskTakers сарапшылары банк­­тердің де, микроқаржылық ұйымдардың да проблемалық несие бойын­ша көрсеткіштері өте жоғары деген пікірде. Екі сектор да мұндай берешектерді коллек­­торлық ұйымдардың балансына аударып отырғандықтан, есебі түгел көрінуі әбден мүмкін. Дегенмен қолда бар мәліметтерді саралайтын болсақ, банктердің үлесінде – 1,03 млн, ал МҚҰ үлесіне – 347 мың проб­лемалық қарыз алушыдан келеді. Міне, осы ақпарат Қазақстандағы халықтың кредит­ке кіру проблемасын айқын айғақтайды.

Парламенттік тыңдауда Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің бас­шысы Мәдина Әбілқасымова коллектор­ларға қарыздарды сатуға толық тыйым салуды ұсынды. «Біз кредиттерді коллек­тор­­­­ларға сатуға толық тыйым салуды ұсы­намыз», – деді ведомство басшысы. Соны­мен қатар борыштық жүктеме коэ­ф­­фи­­­­­циенттерін есептеу барысында құқықбұзушылықтар орын алғанын және несиелер бойынша қайта есептеу жүргізі­летінін айтты. Әбілқасымованың айтуын­ша, бұл коллекторларға сатылған қарыздар­ға да қатысты. Агенттік деректері бойынша, онлайн-кредиттер де отқа тамызық болып отыр. Өйткені мұндай қызмет түрімен ай­налысатын ұйымдар қарыз алушыны тың­ғылықты тексеруден өткізбейді. Сол себеп­ті кірісі жоқ балалар мен жастар да қарыз ала алады.

«Бірақ жоғары көрсеткішке ие дефолт­тық қарыздарға қарамастан, проблема тек банктер немесе МҚҰ-да деп айтуға болмай­ды. Әрине, банктер мен микроқаржылық ұйымдардағы тәуекел деңгейі жоғары. Сол себепті реттеуші Парламентпен бірлесіп азаматтардың несиелік жүктемесінің одан әрі артуын тоқтату үшін қатаң шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар халықтың кредитке белшеден батуының негізгі себе­бінің бірі – нақты табыс деңгейінің төмен­деуі туралы ұмытпауымыз керек. Халықтың қаржылық сауаттылығы да маңыз­ды», – дейді мамандар.

Үкімет үнемі экономика тұрақты өсім көрсетті деп есеп береді. Бірақ сарапшылар әлі де халықтың сатып алу қабілеті тұрақты төмендеп келе жатқанын айтуда. Ұлттық банктің қыркүйек айының басында жария­ланған баяндамасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында он қазақ­стандықтың тоғызының ай сайынғы табысы 151 000 тең­­­геден (шамамен 320 АҚШ долларынан) аспағаны айтылған. Соңғы екі жылда екі таңбалы деңгейден түспеген инфляция әсерінен азаматтардың басым көпшілігінің сатып алу қабілеті төмендеуде. 2023 жыл­дың басында жарияланған Ұлттық статис­тика бюросының мәліметтерінше, азамат­­тардың 96 пайызының ай сайынғы табысы 200 мың теңгеден төмен болған. Статистика сүйенсек, бір миллионға жуық қазақстан­дық кедейлік шегінен төмен өмір сүреді, ал олардың табысы – 45 мың теңгеден төмен. Бюро биыл бірінші тоқсанда кедейлік 5,2 пайыздан, 4,8 пайызға төмендеді деп ақпарат таратса, Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялова бұл деректер ахуалды шынайы көрсете алатынына күмән келті­реді. Себебі халықтың нақты табысының төмендеуі және азық-түлік тауарларының қымбаттауын ескерсек, бұл индикатордың объективтілігіне қатысты сұрақтар туын­дауы мүмкін», – дейді маман.

Сарапшылар қазақстандықтар табысы­ның 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын азаматтардың, тұрмыстық қажеттіліктеріне де қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартады. Бүгінде техниканы былай қойып, тістің өзін бөліп төлеуге емдететін қоғам қалыптасты. Табысы тұрақты болып несие алса құба-құп. Барлық мәселе сол жұмыс орнынан айырылған жағдайда баста­лады. Қаржылық қауіпсіздігін қамта­масыз ете алмаған халық микроқар­жылық ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Қорыта айтқанда, салдарымен күрескенше, себебін жоюға күш салған абзал. Халықты не­сие­лендіру мәселесін шешуде де негізгі мақ­­­сат азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру болғаны қажет. 

Кәмила ЕРКІН