Шығармашылықтың адамы болумен қатар, ол айналасына көп дос топтастыра білді және соларға адал бола білді. Біз соңғы кезде қатты араластық, сырластық. Шымкентке келген сайын маған соқпай кетпейтін. Негізі, көктем кезінде Көпен саяжайыма келіп кетті. Сонда көк аспан көрінбей, самсап тұрған жүзімнің үлкен бауын көріп, «Жүзім піскенде бір келемін» деген еді. Зейнеттегі жанмын, уақытым бар. Саяжайымда қияр, қызанақ, бұрыш отырғызып, кішкентай бау-бақша ұстайтыным бар. Көпен сол бауды аралап жүріп: «Ханбибі, сенің поэзияңда арам шөп жоқ, бақшаңда да арам шөп жоқ екен. Ақын деген барлық жақтан талантты болуы керек қой. Сенің талантыңа тәнтімін. Сен қандай да бір істі қолыңа алсаң, соның өзі жолын тауып кете береді екен. Саған ризамын», – деп ризалығын білдіріп еді. Сондағысы Көпен бәріне көңіл бөлетіні ғой.
Сөйтіп, соңғы рет өткен жылдың тамыз айының соңында жүзім енді-енді пісіп жатқанда келіншегі Әйгерім мен баласы Жұбанышпен келіп еді. Сол кезде сақал-шашы аппақ қудай болып ағарып кетіпті. «Сен өзіңді күтсеңші! Өзіңе керек болмасаң да, елге керек адамсың ғой. Барған соң ауруханаға жат, қарал, емдел!» – дегеніме: «Айналайын-ай, болды, барған соң жатамын», – деді. Сол тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Астанаға кетті. Артынан «ауруханаға жаттым», – деп хабарласып, «анализін алды, жаман аурудан аман екенмін», – деп мені жұбатып қойды. Ол еш уақытта пессимистікке салынбады. Телефонмен сағаттап сөйлесетінбіз. Сонда ылғи көңілді, күлкілі әңгімелерін айтатын.
Қараша айында Көпеннен айырылып қалдық. Бұл хабарды естігенімде жолда едім. Сасқанымнан: «Өй, оңбаған, маған айтпады ғой», – дей беріппін. Сонда рөлде отырған қызым: «Мама, сен қызықсың, саған не деп айтады? Өлейін деп жатырмын дей ме?» – деп ұрсып салған соң есімді жидым. Күтпеген жерден екі айдың ішінде кетті де қалды. Көңілім түсіп, еңсем басылып қалды. Оның артынша Мархабат Байғұт та кетіп қалды. Екеуі 70 жылдығымда екі қанатым болып кешімді жүргізіп еді. Енді екеуі де жоқ, орны үңірейіп тұр. Сол мерейтойымда төрелердің төбедейі болып отырған Айталы ағамыз да өмірден өтті. Қосан деген атыраулық бауырым да 70-ке жетпей көз жұмды. Бала кезден досым Әсемхан кетіп қалды. Сонымен, күйзеліске түспеуге амалым қалмады. Түсінетін достарымның бәрі өмірден кетіп қалғанда еңсемді көтере алмай қалдым.
Жалпы, ақын да ағайын-туысқаны өмірден өткенде өкінеді, жылайды. Бірақ орны бөлек достың жөні бөлек екен. Туысыңа сырларыңды айтпайсың, олардың көмегі де тимейді. Сонда кез келген жағдайда Көпенге арқа сүйеуге болатын еді. Достыққа адал болды. Менің Алматыда, Астанада, тіпті Атырауда өткен кешімді жүргізіп берген. Сонда Көпен: «Сен өте таланттысың, бірақ соны бағаламайсың», – деп мен туралы «Аспандағы ақ мұз» деген үлкен көлемде мақала жазған. Артынан сол мақаланы кітапқа қосарда: «Көпен үшін аспанда болсам, сол аспанды маған қимайтындар да бар ғой», – деп атын өзгертіп жібердім. Кейін Көпен: «Сен менің авторлық құқығыма қол сұғып, бұздың, мен оған қарсымын. Аспандағы жұлдыз екенің рас, оны көріп тұрмын. Айтқанымнан қайтпаймын», – деп бұл мақаланы өз кітабына ескі атауымен шығарды. Мені аспандатқан, талантымды көре білген, соны мойындай білген дос еді. Қазір оның орны опырайып тұр. Ақын жаны нәзік қой. Көпен дүниеден өткенде еңсемді мұң басты. Одан арыла алмайтын шығармын, енді мен де кететін шығармын деп ойладым. Жоқ, Алла Тағала өмірімді әлі жалғап жатыр.
Көпенді киелі, арқасы бар адам дер едім. Себебі ол – адамды тани білді және осы мәселеде қателеспеген жан. Екінші рет отбасын құрғанда ел ауызында түрлі әңгіме жүрді. Қазақта «басыңнан өтпегеннің қасынан өтпе» деген сөз бар. Сондықтан оның жағдайына түсіністікпен қарадым. Себебі өмір деген – бас-аяғы жоқ философия. Оның үстіне, ондай жағдай менің де басымнан өтті. Әлі күнге дейін Әйгеріммен сөйлесіп тұрамын. Жұбаныштың әрбір қимылы, істеген әрекетін айтып, кейде күлеміз. Сондай кезде «Көпен өлмепті ғой. Көпеннің қасында оның жолын жалғайтын кішкентай періште бар екен ғой. Осы періштенің өмірін ұзақ қылсын!» – деп жаныма жамау болатын сезім келеді басыма. Кішкентай болса да, сол Көпеннің көшірмесі. Сол Көпеннің көшірмесі аман болсын!
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ