29 қазанда бауырлас Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Түбі бір туысқан ел ертеден бері азат өмір сүрді дегенмен, ХХ ғасырдың басындағы «соқтықпалы, соқпақсыз» жылдарда зайырлы, демократиялық жолға түсті. Елдігін сақтады. Содан бері ғасыр өтіпті. Жаһан жұрты республика ретінде танып, мойындаған кезде Түркия жалғыз тәуелсіз түркі елі еді. Қазір түркі жұртының алты азат мемлекеті бар. Қазақстан тәуелсіздік алған сәтте алғашқы болып егемен ел екенін мойындайтынын мәлімдеп, шын қуанған жұрттың бірі Анадолыдағы ағайын болатын. Ал Түркия тарихында Мұстафа Кемал Ататүріктің орны бөлек. Анадолы жұртының тағдыр-талайы осынау қайраткер тұлғаның табандылығы мен ақыл-парасатына тікелей байланысты еді.
Aiqyn газеті бауырлас елдің ғасырлық мерейтойы қарсаңында әлем тарихында өзіндік із қалдырған Мұстафа Кемал Ататүрік жайлы сенатор Дархан Қыдырәлінің мақаласын оқырманға ұсынуды жөн көрді.
РЕДАКЦИЯДАН
Әлем картасы өзгеріп, ірі империялар келмеске кетіп жатқан күрделі кезеңде Түркия Республикасының құрылып, іргелі мемлекет ретінде қалыптасуында Мұстафа Кемал Ататүріктің айрықша қызмет атқарғаны белгілі. Ал Ататүріктің еңбегі мен ерлігін дұрыс бағамдау үшін сол кезеңді тарихи тұрғыда бір шолып шыққан абзал.
Кез келген империяның шарықтау шегі және құлдырау кезеңі болады десек, үш құрлыққа тамыр жайған Осман империясы тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатты. Алып империяның шекарасын қорғау, сол үшін әскери жорықтарды көп ұйымдастыру елді үлкен шығынға әкеліп соқты. Жібек жолының маңызын жоғалтуы, еуропалықтардың Қызыл теңіз, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шығып, орасан зор байлықтарға қол жеткізуі – империяның экономикалық жағдайының әлсіреуіне әсер етті. Бірте-бірте оның экономикасы капитуляциялар арқылы батысқа тәуелді бола бастады. Империяның құлауына Еуропада бастау алған ұлтшылдық қозғалыстар да негіз болды. Сонымен қатар батыстағы реформалау үрдісінен Түркия тыс қалып қойды. Мұсылмандық өркениеттің қорғаны саналған Османлы батыс үстемдігін сезіне бастаған кезде реформалар жүргізе бастады. Дегенмен көп жағдайда тереңге бойламай, олардың сәулеті, ғимараты, мәдениеті секілді көзге көрінетін материалдық дүниелерге үңілді. Сондай-ақ алпауыт елдер күн тәртібіне шығыс мәселесін қойып, өздері «сырқат адам» деп атаған Османлыны Еуропадан, Балқан түбегінен, Ыстанбұлдан, тіпті Анатолиядан ығыстырып шығару, Алтайға дейін қуып тастау, қолдарына қару алуына, әлемдік саясатқа ықпал етуіне мүмкіндік бермеу секілді ұйғарым жасады. Наполеонның «Әлемдік империя құрсам, астанасын Ыстанбұл жасайтын едім» деген сөзі бар екен. Ыстанбұл осылайша бүкіл батыстық мемлекеттердің көз құрты болды. Өйткені ол бір жағынан шығыс пен батысты жалғастырған еуразиялық қала болса, екіншіден, Түркия жері христиандар үшін аса қасиетті, киелі мекен болып саналды. Осындай кезеңде жағдайы әлсіреген, жан-жағында қыспаққа алынған, қол астындағы ұлттың бәрі өз тәуелсіздігіне ұмтылған, жалпы жаңа дәуірдегі ғылым мен технологиядан артта қалған Осман империясы көп жерден ығысуға мәжбүр болды.
Осы кезде Парижде топтасқан ұлт зиялылары мен жастар бірігіп, заманға сай ұлттың қалыптасуы мен ұлтшылдықтың теориясын негіздей бастады. Мысалы, 1904 жылы тегі татар Юсуф Акчура «Үш түрлі саясат» деген кітап жазды. Оны батыстың тарихшылары кейін атқарған қызметі мен маңызына қарай «түркшілдіктің манифесті» деп атады. Юсуф Акчура: «Бірінші жол – «османшылдық». Империяның құрамындағы барлық этнос пен дін өкілі – бір халық, бір ұлт. Дегенмен оның құрамында мұсылмандар да, христиандар да бар. Ұлттық теңсіздікке ұмтылған кезде бәрі бет алдына кетеді, сосын «осман ұлты» деген ұлт қалмайды. Екінші жол – қазіргі халифтің жүргізіп отырған исламшылдық саясаты. Бірақ империя құрамындағы басқа мұсылман елдердің біразы өзге империялардың қол астында. Олардың арасында Осман империясына қарсы шығып жатқандары да бар. Империя да тек мұсылмандардан құралмаған. Сондықтан мұсылманшылдық саясаты да мемлекетті сақтап қала алмайды. Үшінші жол – түркшілдік. Осман империясының негізін қалаған түріктер болғандықтан, шаңырақтың иесі солар. Османшылдық та, мұсылманшылдық та түптеп келгенде түркшілдікке келіп тіреледі. Өйткені түрк – мұсылман, түрік – османлы. Сондықтан да мемлекетке түркшілдік керек» деп жазды.
Акчураның бұл саясаты кейін Зия Гөкалыптың әйгілі «Түркшілдіктің негіздері» еңбегінің жазылуына түрткі болды. Зия Гөкалып «түркшілдік, батысшылдық және мұсылманшылықты біріктіру қажет. Осыдан жаңа мемлекетшілдікті шығаруымыз керек» деп синтез жасады. Ататүрік негізге алған басты идеялар, міне, осылар. Осындай пікірлердің әсерімен, сұлтан 1908 жылы тақтан тайдырылды, мемлекет басына «жас түріктер» келді, парламенттік билік күшейді. Әр ұлттар парламентке өзінің өкілдерін қою арқылы тартысты күшейте берді. Сөйтіп, Осман империясының құлдырауы ұзаққа созылды. Жалпы, бір мемлекеттің бір сәтте құлауы оның қайта орнынан тез тұруына мүмкіндік беруі мүмкін. Өйткені құлаған империяның дәстүрі, жолы тұрғындардың санасында жаңғырып тұрғандықтан, олар сол империяны қайта жасақтауға ұмтылады. Егер империяның құлауы ғасырларға ұзап кетсе, бұл қиын. Осман империясының құлауы екі ғасырға созылды. Осы уақыт аралығында бірнеше ұрпақ ауысты. Мемлекет басына келген «жас түріктер» Бірінші дүниежүзілік соғыста дұрыс стратегиялық жол таңдамады. Германия жеңіліс тапқаннан кейін Еуропа елдері жан-жақтан анталап, түрк жеріне ауыз сала бастады. Осы кезде Осман империясының құлауы ғана емес, түрік халқының мүлдем жойылып кету қаупі төнді.
Міне, осындай күрделі кезеңде тарих сахнасына Ататүрік шықты. Ұлылар еңбегі заманының қиындығымен, уақыттың тығыздығымен және атқарған ісінің ауқымымен өлшенсе, Ататүріктің еңбегі ұшан-теңіз. І дүниежүзілік соғыс басталғанда Уинстон Черчилль: «Қалтасында бір тиыны жоқ, қираған, қаусаған Түркиядан осы сілкіністен кейін не қалады?» деп айтқан екен. Расында, әлемнің картасы өзгеріп жатқанда ел зиялылары империяны сақтап қалу амалдарын іздегенде, Ататүрік «Османлы сұлтандығын сақтап қалуға тырысу, түрік ұлтына қарсы жасалған үлкен қастандық болар еді» деп келмеске кетіп бара жатқан империяны қайта жаңғыртуға ұмтылмай, ұлтты сақтап қалды. Сондықтан Ататүрікті талайлы шақта тағдыры тәлкекке түскен түрікке Тәңірдің тартуы деп білген жөн.
Соғыста одақтастарымен бірге жеңіліске ұшыраған Осман мемлекеті 1918 жылғы 30 қазанда қатал үкімдер бекітілген Мондрос келісімшартына қол қоюға мәжбүр болды. Бұл келісімшарт Антанта мемлекеттеріне қауіпсіздіктеріне қатер төнген сәтте Осман мемлекетінің кез келген стратегиялық аймағын жаулап алу құқығын берді. 1918 жылдың 13 қарашасында Антанта мемлекеттері мен грек кемелері Ыстанбұлға басып кірді. Англия, Франция, Италия және Грекия Түркияның аймақтарын басып алды. Урфа, Мараш, Газиантеп және Адана жерін француздар басып алды. Анталия мен Конияда итальян әскери жасақтары, Мерзифон мен Самсунда ағылшын әскерлері жүрді. 1919 жылғы 15 мамырда Антанта елдерінің мақұлдауымен грек армиясы Измирге басып кірді. Бірақ өзара бөліске салғанда оларда ауызбіршілік болмады.
Ататүрік одақтастардың алауыздығын жақсы пайдаланып, қысылтаяң кездегі ауыр шарттарды қолайлы мүмкіндікке айналдыра білді. Уақыттың тамырын тап басып таныған ол 1919 жылдың 19 мамырында Ыстанбұлдан «Бандырма» кемесімен жолға шығып, Самсунға келді. Бұл күн тарихта түрік халқының Ұлт-азаттық күресінің іс жүзінде басталу күні болды. Елдің қолдауына ие болған Ататүрік Сұлтанның өкілі ретінде халық көтерілісіне басшылық жасап жүргендердің басын қосып, Ерзұрұм, Сивас қалаларында құрылтайлар өткізіп, халық билігін жария етті.
1920 жылғы 16 наурызда Антанта мемлекеттері Ыстанбұлды басып алды. Осыдан бір айдан кейін, 1920 жылғы 23 сәуірде Анкарада Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі ашылып, өз қызметіне кірісті. Мұстафа Кемал бірауыздан Мәжіліске төраға болып сайланды. Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі мен оның 2 мамырда құрылған үкіметі Анадолыдағы азаттық соғысына басшылық жасады. 1923 жылдың 24 шілдесінде жасалған Лозанна келісімшартымен Түркия аңсаған азаттыққа қол жеткізді. 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі Анкарада ресми түрде Түркия Республикасын жариялады. Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияның тұңғыш президенті болып сайланды. Осылайша, түрік ұлты 11 жыл бойы арпалысып, 16 миллион адам жанын құрбан етіп, үлкен қажыр-қайратпен ел тәуелсіздігін сақтап қалды. 1924 жылы 20 сәуірде Ататүрік тәуелсіз Түркияның Ата Заңын қабылдай отырып, мұсылман әлемінде алғашқы зайырлы мемлекетті қалыптастырды.
Осы кезеңде Түркияға төніп тұрған тағы бір қауіп бар еді. Бұл батыс әлемін империалистік күш ретінде қабылдап, дүниежүзілік пролетарлық билікті орнатуды көздеген большевиктер болатын. Билік басындағы Троцкий, Зиновьев бастаған топ «дүниежүзіне төңкеріс орнатамыз» деді. Бұған сенген түріктер де аз болмады. Әнуар паша, Жамал пашалар да осы идеяны қолдады. Олар Британияға импералистік күш ретінде қарап, содан өш алуға тырысты. Сөйтіп, Жамал паша Үндістандағы мұсылмандарды, Әнуар паша Түркістан мен Ауғанстандағы мұсылмандарды көтеріліске бастамақшы болды. Ал прагматикалық саясат жүргізген Ататүрік ақылға қонымды әрекет жасап, большевиктермен белгілі деңгейде мәмілеге келіп, коммунизм идеясының Түркияға енуіне тосқауыл қоя білді.
Әрине, Ататүрік – түркшіл адам болды. Ол Акчура мен Гөкалыптың түркшілдік идеясынан нәр ала отырып, оны өзінше дамытты. Мемлекетті Түркия деп атауының түпкі мақсаты – түркі әлемімен, соның ішінде Түркістанмен бірігу еді. Ататүріктің түркшіл болғанын, оның алғашқы кезеңдегі қадамдарынан анық байқаймыз. Мәселен, Түркияның алғашқы ақшасында көк бөрінің бейнесі суреттелген. Ол түркі тарихына байланысты терең зерттеулердің көп жүргізуін қадағалап отырды. Жіберген адамдары Бұхара Республикасының құрылуына ықпал етті. Түркі әлеміндегі тұтастыққа қол жеткізу үшін Ататүрік латын әліппесіне көшті. Дегенмен Ататүрік сол тұстағы саяси ахуалды, дәуірдің шындықтарын жақсы оқи білген тұлға болды. Түркістанның сол тұста тәуелсіздікке жете алмайтынын ол білді. Біріншіден, бұған саяси ахуал мүмкіндік бермеді. Сол тұстағы әлемдік саясатты жүргізген Еуропадағы үлкен күштер мен Түркістанның билігін ұстап тұрған Ресей бұған мүдделі болған жоқ. Екіншіден, бұған жағрапиялық жағдай да кедергі еді. Сондықтан Ленин мен Сталиннің түпкі саясатын айқын аңғарып, батыстың ойын оқи білген Ататүрік сол замандарға сәйкес нақты қадамдарға барды. Ол ұлыс мемлекетін құруды ойлады. Ататүрік: «Бізді біреулер «панисламист» дейді, бірақ біз ондай емеспіз. Біреулер бізге «пантүркизмді» тануға тырысады. «Пантүркист те» емеспіз. Біз түрік халқына негізделген Түркия мемлекетімен ғана шектелеміз. Біз сыртқы саясатта да, ішкі саясатта да бейбітшілікті ұстанамыз. Біздің қияли саясатта шаруамыз жоқ», – деді.
Ататүріктің алысты аңдаған шебер саясаты оның көршілерімен тату болуына септігін тигізді. Мәселен, Түркия жаңа құрылып жатқан тұста КСРО оларға көмектесті. Бұхара Республикасының басшысы Осман Қожаоғлының айтуынша, тек Бұхараның өзінен 100 миллион алтын рубль жіберілген. Біз сол тұста Түркістаннан, қазақ жерінен де қаржы жиналғанын білеміз. Ал Ленин осы қаражаттың басым бөлігін орталықта алып қалып, Түркияға барлығы 11 миллион алтын рубль көлемінде жәрдем жасаған. Большевиктердің оларға көмек бергендегі мақсаты – Түркияны өзіне қарату болды. Сондықтан 20-жылдардың басында Мәскеуде шыққан большевиктік газеттер Ататүрікті керемет мақтап жазады. Оны пролетариаттан шыққан көсем, халық билігімен салтанат құрған, патшаны тақтан тайдырған, керітартпа мұсылманшылықпен күресуші, ескіліктің түбіріне балта шабушы, халифатты жоюшы, жұмысшы табының жеңімпазы ретінде мадақтады. Ататүрік мұны шебер пайдалана білді. Кеңестер мен батыстың арасындағы қарама-қайшылықты, өзіне төнген қауіп-қатердің барлығын ол мүмкіншілікке айналдырып отырды.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Ресейдегі ұлт-азаттық қозғалыстар сәтсіз аяқталғандықтан, олардың көсемдері Түркияны паналап, сол жақта күрестерін жалғастырғаны белгілі. Сол жылдары Ататүрікке үлкен үміт артқан Мұстафа Шоқай «Түркия Республикасы неғұрлым үлкен жетістікке жетсе, бізге үлгі болар еді» деп жүргізген реформаларын қолдап, оған үлкен құрметпен қараған. Ататүрік эмиграцияға барған осы зиялы қауым өкілдерін Түркияның қалыптасуына тартты. Түркі әлемінен жиылған зиялыларды қолдау арқылы сол кездегі түрік қоғамын қалыптастыруға ұмтылды. Сондықтан Түркияда ұлттық идеяның орнығуында, зайырлылық, батысшылдық принциптерін құруда, конституциялық реформалар жасауда түркі әлемінен келген зиялы қауымның әсері үлкен болды. Мәселен, татар Юсуф Акчура Түрік тарих құрылымын басқарды, әзери Ахмет Ағаоғлы заң мен саясат саласында ықпалды қызмет атқарды, башқұрт Зәки Уалиди Тоған мен Абдулқадир Инан тарих, әдебиет және тіл саласында жемісті еңбек етті.
Түркия Республикасының 10 жылдығы аталып жатқан кезде Ататүрік: «Аустрия – Венгрия және Осман империясы сияқты Кеңестер Одағы да қирайды. Әр ұлт азаттық үшін айқасқа шығады, тәуелсіздік үшін күреседі. Сол кезде Орталық Азиядағы қандастарымыз тәуелсіздіктеріне қол жеткізеді. Бірақ біз туысқан ретінде ол күнді күтіп отырмауымыз керек. Дайындалып, арадағы көпірлерді құруымыз керек. Ол көпір – тарихымыз, тіліміз, мәдениетіміз. Осыларды бүгіннен қалыптастырайық. Ортақ тарихымызды жазайық. Ертең бұл біздің арамызды жалғастыратын дәнекерге айналады» деп өсиет айтқан. Сондықтан түркі елдерінің арасындағы бүгінгі бауырластықтың пайда болуына Ататүріктің әсері болғаны анық.
Жалпы, Ататүрік социализмнің де, капитализмнің де, либерализмнің де озық үлгілерін мүмкіндігінше өз елін өркендету жолында пайдаланды. Мәселен, ол 30-жылдары бес жылдық жоспарлы экономиканы енгізді. Соғыс аяқталысымен, қылышты ораққа, оқты сабанға алмастыру туралы ұран көтеріп, ауыл шаруашылығына мән берді. Ұлттық өнім мен өнеркәсіпті дамытуға ден қойды. Бір мысал, әлі соғыс жүріп жатқан 1921 жылы ол «Жергілікті жерде өндірілген киім кию туралы» заң шығарды. Жалпы, Ататүрік «халықшылдық, ұлтшылдық және мемлекетшілдік» деген ұранды ұстанды. Сондықтан Ататүрік барлық билікті мемлекетке шоғырландыруға тырысты. Сол арқылы Осман империясы кезінен ықпалын жүргізіп келген түрлі әулет пен топтардың әсерін әлсіретті. Әскер мен мемлекеттік қызметке шоғырланған түрік ұлтын шаруашылық пен саудаға тартты. Оған дейін бұл сала негізінен еврей, армян ұлты өкілдерінің қолында болатын. Ататүрік: «Бізден миллионерлер, ірі капиталистер шығу керек. Ірі буржуазия қалыптасу керек. Ол ұлттық сипатта болуы тиіс» деді және соған мүмкіндік жасады. Осылай жаңа орта тап қалыптастыруға тырысты. Астананы ел орталығындағы Анкараға ауыстыру да экономикаға жан бітірді. Барыс-келіс артты, сауда жанданды, бұқара халыққа жұмыс табылды. Бәсекелестікте соғыстан қалжыраған түрік халқы ұтылып қалмау үшін ол жалпы халыққа негізделген халықшылдық саясатын жүргізді. Соның арқасында Түркия 30-жылдардағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан оңай шықты.
Ататүрік – Түркия және түркі халықтары үшін аса қастерлі есім. Оны сондай қадірлі еткен қандай қасиеттері еді? Соған да тоқталып өтсек.
Біріншіден, Ататүрік мемлекетін жау қолынан азат етті. Құлап жатқан Осман империясының қирандыларының ішінен өзінің ұлтын сақтап қалды. Сондықтан ол әуелі Отанын құтқарған қаһарман, жаужүрек қолбасшы.
Екіншіден, ол тәуелсіз мемлекет құрды. Мемлекеттің іргесін бекітіп, көпұлтты біртұтас ұлысқа айналдырды, тарихи таным мен ұлттық рухты күшейтіп, түрік тілінің көсегесін көгертті. Жаңа қоғам, жаңа сана қалыптастырды. Сол үшін түбегейлі саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени реформалар жүргізді. Мәселен, соның бірі – фамилия реформасы. Оның реформасы арқылы әрбір азаматқа жаңа түрікше фамилия берілді. Ол адамның әулетімен мүлде қатыссыз болды. Сол арқылы Түркияда мекендеп жатқан көптеген этнос өкілдері түрік болып есептелді. Әрине, олар өзінің өткенін біледі. Бірақ түрік жерінде тұру арқылы, түрікше сөйлеп, түрікше білім алу арқылы олардың әрқайсысы Түрік Республикасының азаматы, патриоты ретінде қалыптасты.
Үшіншіден, ол халықшылдық саясатын ұстанды. Ленин сияқты өзге топтарды, партияларды жоя отырып, бір партияның басшылығына сүйенген жоқ. Ол тұтас халықтың қолдауына ие болды. Ататүріктің жерді, елді құтқаруы, қоғамды, ұлтты қалыптастыруы және халыққа арқа сүйеуі, халықтық билікті орнатуы оның есімін өзге көсемдерден биіктетіп тұр.
Жалпы, Ататүріктің азаттық жолындағы жеңісі мен жүргізген жемісті реформалары барлық бодан халықтарға үлкен үлгі болды. Оның 1930 жылы айтқан «Күн шығыстан атады. Таңертең күннің қалай атқанын анық көргенім сияқты бір күні бүкіл шығыс халықтарының да солай оянғанын айқын көріп тұрмын» деген сөзі бар. Ол шын мәнінде шығыстағы отаршылдыққа қарсы күрестің символына айналды. Сондықтан исламға қайшы көрінетін кейбір әрекетіне қарамастан оны бүкіл шығыс халықтары мен ислам әлемі тегіс құрметтеп, ұлы тұлға ретінде мойындап, дәріптеді. Мәселен, Мұстафа Шоқай да оны «Түркия тарихының бағытын түбегейлі өзгерткен көсем» деп бағалады. Ал Үндістан мұсылмандарының рухани жетекшілерінің бірі, әйгілі ақын Мұхаммед Икбал «Кемал пашаға» деген жыр арнап, «Біз сақтандық, қор болдық, Саған сақтық не керек?!!» деп жазды. Сондықтан Мұстафа Кемал Ататүрік тек Түркияның негізін қалаушы ғана емес, бодан ұлттардың үмітін оятқан, қирандыдан шыққан елдің еңсесін тіктеудің бағдарын жасаған аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Сенат депутаты