Осыған сәйкес, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 19 қыркүйек күні Ауыл шаруашылығы министрінің саны реттелуге тиіс жануарлар тізіміне өзгерістер енгізіп, киіктердің санын азайтуды бастап та кеткен. Мәселен, Орал ақбөкендерінің саны 20%-ға, Бетпақдала киіктер саны 15%-ға қысқартылатыны да айтылды. Бірақ осы киіктерді қынадай қырудың екінші жағы да бар болып шықты. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларға қарасаңыз аңшылар аңшылар тым қатігездік танытып жатқан тәрізді.
2015 жылдары елде атуға тыйым салынғалы бері иен даланы еркін жайлаған киіктердің саны қазір 2 миллионнан асып кеткен еді. «Қазіргі күні киіктердің саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Яғни, екі миллионға жуық ақбөкен бар. Олар жыл сайын диқандардың егінін таптап, шығын келтіріп жатыр. Қазірдің өзінде шаруалардың шығыны 12 миллиард теңгені құрады. Олардың санын қысқартпасақ, көбейе береді», – деген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атылған киіктердің еті комбинаттар арқылы сатылатынын мәлімдеген еді. Киікті аулау қазір БҚО, Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарының аумағында жүріп жатыр. Биологиялық негіздемеге сәйкес, киік саны корал (тор құру) әдісімен және ату арқылы реттеледі. Ведомство киіктердің санын 20 пайызға азайтуды жоспарлаған. Нысанбаевтың сөзінше, киік етінің әр келісі 300 теңгеден ет комбинаттарына өткізіледі. Ет комбинаттары ветеринарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сата алады. Биологиялық негіздемеге сәйкес, киік санын реттеудің екі әдісі таңдалған. Біріншісі, торға қамап ұстау. Онда «охотзоопром» өб» РМҚК қызметкерлері ұзындығы 2 шақырым болатын тор құрып, қолға түсірген киіктерді сойып, етін комбинатқа өткізеді. Екіншісі, ақбөкендерді түнгі уақытта ату. Министрліктің мәліметінше, 337 мың ақбөкенді ату немесе торға түсіру жоспарланған.
Киікті күзетумен әрі аулауды бақылаумен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК айналысады. Бірақ жауапты мекеменің әрекеті қоғамның наразылығын тудырып жатқаны жасырын емес.
Қазақ даласында киіктің Бетпақдала, Үстірт және Орал тұқымдастары бар. Кейінгі жылдары үш тұқымдастың да саны көбейе бастаған. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысының шаруалары айрықша көбейген киік шаруашылыққа зиян келтіре бастағаны жайлы көптеген шағым жасаған. Бұл туралы біз осы «АIQYN» газетінде жазған болатынбыз.
Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәдуақас Губашевқа хабарласқан едік.
«Жалпы, киік санын реттеп отырған дұрыс. Себебі ұзақ жылдар бойы, әсіресе соңғы екі-үш жылда шаруалар қатты қиналып кетті. Олар бостан-бос мәселе көтеріп жатқан жоқ. Егіндіктерді былай қойғанда, жайылым жерлердің өзіне айтарлықтай зиян келтірді. Оған қуаңшылықты қосыңыз. Осындай жағдайда шаруалардың жағдайы қалай оңсын?! Негізінде министр тапсырмасына сәйкес, киік санын 230 мыңға азайту тапсырылды. Бірақ ол өтелгенімен мәселе шешіле қоя ма екен? Қазір 2 миллион киіктің келесі жылы 1 миллионы төлдесе де (киіктер егізден төлдейді) 3-4 миллионға жетіп жығылайын деп тұр. Ондай жағдайда мәселе тіпті ушыққалы тұр. Қазір киіктерді ату мәселесін «Охотзоопром» мекемесі қадағалап отыр. Мысалы, бір бригадада 4 адам болса, оның біреуі жетекшісі болса, біреуі жүргізуші болады. Қалған екеуі – мергендер. Міне, сол бір бригаданы «Охотзоопром» мекемесінің бір маманы қадағалап жүреді. Кешкі 20.00-де басталған ату мерзімі таңғы алтыға дейін жүргізіледі. Бір түнде 100 басқа дейін атуға рұқсат. Бірақ қазіргі уақыт жауын-шашынды болып тұрғандықтан ол көлемді орындау мүмкін болмай тұр. Атылған ақбөкенді таңертең жинап алып, есебін жүргізіп, Жаңақала ауданындағы ет комбинатына өткізеді. Ал әлеуметтік желілердегі таралған киіктердің ішек қарындарын өз басым көрмедім», – дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан киіктерді ату мәселесі дұрыс жүргізілмей жатқанын айтады.
«Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутат ретінде осы киіктер мәселесін Мәжіліс мінберінде бірнеше мәрте көтердім. Оның ішінде киіктер санын реттеу туралы мәселеге тоқталдым. Оған себеп – Орал популяциясы шекті саны біренеше есеге көбейіп кеткендігі. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірді. Киіктер санын реттеудегі мәселені қарапайым түрде былайша түсіндіріп көрейін. Кез келген адам өзінің қорасындағы мал санын реттеп отырады емес пе? Жем-шөп жеткіліксіздігіне байланысты соғымға союы мүмкін, базарға апарып сатуы мүмкін. Бірақ оны малын жек көргендігінен жасамайды ғой. Сол секілді киіктердің де санын реттеу керек. Бұрын КСРО кезінде қалай болды? Охотзоопром деген мекеме болды. Киік көбейіп кетсе де, азайып кетсе де сол мекемеден жауап алынатын еді. Мен дәл осы жолды ұсынған болатынмын. Бізде Орман шаруашылығы комитетіне қатысты осындай мекеме бар. Мен киік ату мәселесін аңшыларға тапсыруға болмайды деген болатынмын. Осы жылы жазда Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы қоныс аударатын жануарлар жөніндегі комитет мамандары келіп Оралды түгел аралады. Одан бөлек, осы мәселеге қатысты мамыр айында 25-інен 28-іне дейін үш күн қатарынан Астанада үлкен жиын өтті. Сол кезде де сол мамандар келді. Оралды аралаған кезде де, Астанадағы жиында да мен басы-қасында жүрдім. Сол жерде мен осы мәселені қадап тұрып айтқанмын. Сол кезде аңшылардың өкілдері отырды. Солар осы мәселені бізге тапсырыңдар, біз айналысайық деп отырды. Ол кезде де қарсы болғанмын. Егер оларға берсек, процесс қадағалаусыз бетімен кетіп, бақылау мүмкін болмай қалады дедім. Қазіргі болып жатқан жүйесіздіктің барлығы осы біздің ұсынысымыздың жерде қалғанының салдары деп білемін. Мен білетін ақпаратқа сәйкес, жеке аңшыларға рұқсат берген», – дейді мәжілісмен.
ТҮЙІН:
Сонымен, киіктерді торға қамап ұстау да, ату әдісі де басталды. Әлеуметтік желілерде, түрлі ақпарат көздерінде қырылған, әр-әр жерде теңкиіп өліп жатқан, көлікке тиелген киіктің фото, бейнежазбалары тарады. Киікті атуға, оның санын қысқартуға, сөйтіп жайылым, егістік жерді қорғауға бұйрық беру оңай болғанымен, оның екінші жағына үңілмеген болып шықтық.
Осындай да Мұқағали Мақатаевтың мына өлең жолдары еріксіз еске түседі.
«Киіктер, мұнда жүрмеңдер,
Бас бұғып отыр сұр мерген.
Боласың ғайып, байғұстар,
Қоштасып сайран күндермен.
Тасада отыр сұр мерген,
Кетіңдер аулақ бұл жерден».
Иә, Қазақстанда тас дәуірінен бері тіршілік ететін жануар – ақбөкен. Басына сан мәрте зобалаң туса да, жылдар бойы жойылмай келеді. Рас, киіктерді атып, санын азайтпас бұрын шешілуге тиіс мәселелер бар. Олардың етін, мүйізін, басқа да мүшелерін қалай пайдаланамыз? Киік етін өңдеуге ет комбинаттары қауқарлы ма? Атылған киік еті ветеринарлық нормалардан өтті ме, жеуге жарай ма? Бұл да ойланатын сауал. Ендігі кезекте ведомство тарапынан аталған сауалдарға тыңғылықты жауап болса екен. Сонда ғана көңілі алаң халықтың күмәні сейілер...
Наурызбек САРША