Балғын бақша өнімі қайдан келіп жатыр?
Сауд Арабиясында жұмыс істеп тұрған әлемдегі ең үлкен тұрақты жылыжай фермасы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Шаруа қожалығының жалпы ауданы 3,20 млн шаршы метрді құрайды. Қызыл құмның үстіндегі алқапты суару үшін мелиора-
цияланған су пайдаланады екен. Мұнда тек жеміс ағаштары көшеттерінің өзіне 50 алаң арналған. Рекордтық көрсеткіштің көшін бастап тұрған кешен алдағы 2 жылда әлемнің түкпір-түкпіріне өнім жіберуді жоспарлап отыр. Арабтар мұнымен тоқтамайтын тәрізді.
Ал біздегі жағдай қалай? Сіз бен біз қысы-жызы жеп жүрген жеміс-жидек, көкөністің түр-түрі көбіне жылыжайда өсіріліп, күн сайын қалалар мен ауыл аймақтың дүкендеріне жөнелтіліп отырады. Жылыжайда жеміс өсіру – ең табысты әрі халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің таптырмас тәсілі. Бүгінде жылыжай өндірісіне қол жеткізу – әрбір бағбанның арманы десек артық болмас. Жылыжайда өскен өнімнің бір артықшылығы, түсімнің молдығы мен көкөністің жылдам өсуі және сыртқы пішінінің көз тартардай әдемі әрі тегіс болып келуі. Мұндағы құпия, жылыжайларда жарық пен ылғалдың жеткілікті мөлшерде болуы және жылудың барлық аумаққа бірдей таралуында болып отыр. Нәтижесінде, өнімнің түсі де, пішіні де көз тартарлық болып шығады. Бірақ жабық жерде өскен өнімге табиғи жарық, яғни шынайы күн сәулесінің жетіспеуінен дәмі мен иісі жағынан далада өскен көкөніске жетпейтіні шын. Десе де, өнімнің құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткілікті болады. Дегенмен сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжай шаруашылығының да өзіне тән қиындығы аз емес. Соған қарамастан қазір елімізде жылыжайлар саны артып келеді. Әсіресе, оңтүстік өңірде жылыжайлар біршама тиімді болып тұр.
«Қазір біз тұтынып жүрген жеміс-жидектер мен көкөністер жылыжайлардан келеді дейді ғой. Кейбіреулер Қытайдан әкеледі деседі. Не болса да үнемі балғын жидек жеп үйреніп қалдық. Бұрынғы кездерде ата-аналарымыз күзде бақша өнімдерін жинап түрлі көкөністі тұздап банка жабатын. Қазір мұндаймен әуреленіп жататындар аз. Өнімнің сан түрі дүкен сөресінде толып тұр. Керегіңді ал да жүре бер», – дейді астаналық тұрғын Эльмира Мұратқызы.
Қала тұрғынының айтып отырғаны шындық. Балғын көкөністердің басым көпшілігін соңғы жылдарда өзге елдерден емес, өзіміздегі жылыжайлардан тасымалдап жатқанымыз көңіл қуантады. Көкөніс шаруашылығы ауыл шаруашылығының ең тиімді саласы ретінде өзіндік ерекшеліктерге ие. Мұны өсірушілер де, тасымалдаушылар да жақсы түсінеді.
Дастарханымызды жайнатып жіберетін түрлі жеміс-жидектің жалпы саны және түрлері 200-дің шамасында екен. Осының ішінде 100-ден астамы көкөніс дақылдарының санатына жатқызылады. ТМД елдерінде көкөніс дақылдарының 70-тен астам түрі өсірілсе, Қазақстанда оның 50-ге жуығы дастарханымыздан табылады. Тағамтану академиясының мәліметтеріне сай, әр адам жылына орта есеппен 120 келі түрлі көкөніс дақылын пайдалануы қажат. Ағзаға қажетті дәрумендердің дені осы көкөністерде молынан кездесетіндіктен медицина мамандары да үнемі көкөніс жеуді ұсынады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша елімізде көкөніс дақылдарының жыл сайынғы егістік көлемі 110-115 мың гектар шамасында болса, оның 20-22 мың гектар оңтүстік облыстардың еншісінде. Еліміздегі көкөністердің барлық түрлерінен алынатын жалпы түсім 2,2-2,5 млн тоннаға дейін жетіп отыр екен. Қазір еліміз сұранысқа ие көкөніс өнімдерімен 100%-ға жуық қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар осы тауарлар алыс-жақын шет елдерге экспортталады және импортталады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан 242,3 мың тонна картоп, 178,6 мың тонна пияз, 17,5 мың тонна қызанақ, 9,0 мың тонна қырыққабат экспорттады. Бұл орайда импорт 48,7 мың тонна картоп, 196,4 мың тонна пияз, 118,3 мың тонна қырыққабат және 68,3 мың тонна қызанақты құраған. Тағы бір айта кететіні көкөніс түрлері біздің елге көбіне Өзбекстан мен Қырғызстаннан тасымалданып отыр.
Ал еліміздегі барлық жылыжайдың 80 пайызы еліміздің оңтүстігінде орналасқанын ескерсек жылыжайлардың да жылуды қажет ететіндігін аңғаруға болады.
Астанадағы жылыжайлар
Негізінде, Астанада екі ірі жылыжай кешені бар. Бұл жылыжай кешендерінің жылдық өнім шығару мүмкіндігі 10 мың тоннадан асуы керек. Ең өкініштісі сол, екі кешеннің бүгінде біреуі ғана жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Ал «Астана Эко Стандарт» ЖШС қазір өз жұмысын толық тоқтатқан. Есесіне Led System Media ЖШС-нің жұмысы дөңгеленіп тұр. Астананың өнеркәсіптік ауданындағы жылыжай барлығы 1,3 гектар алқапты алып жатыр. Аталмыш кешен жүйесі заманауй технологияның барлығын тоғыстырған.
«Әр шаршы метр жерінен жылына 90 келі өнім жинап отырмыз. Қазіргі жағдайда шығынды толық ақтап шығудамыз. Дегенмен болжамды мөлшерлеме әр айда өзгеріп кететін кездер де болады. Мүмкіндігінше болжамды ұстап тұруға тырысамыз. Жылыжай кешені соңғы үлгідегі технологияның барлық түрімен жабдықталған. Биіктігі де талапқа сай. Мұнда жасанды климатты қалыптастыруға мүмкіндік бар. Бір ерекшелігі күн сәулесі жетпеген жағдайда қосымша жарық беру жүйсі іске қосылса күн сәулесі шамадан тыс болған уақытта жасанды күнқағарлар адамның қатысуынсыз жұмыс істей береді. Барлығы өздігінен іске қосылатын болғандықтан нақты әрі аса дәлдікпен ерекше жағдайда орындалады. Ал менің міндетім – өсімдіктердің жағдайын бақылап, қандай да бір өзгерістер байқалса дереу алдын алып, шара қолдану», – дейді бас агроном Айбол Таңатұлы.
Агрономның айтуынша, жылыжай кешені көп шығынды талап ететін бизнес. Алдымен ақшалай шығындардан бұрын жерді таңдап, онда өсірілетін көкөністің түрлерін нақтылы бекіту қажет. Егер тұтынушыға қажетсіз немесе талапқа сай келетін сорттар таңдалмаса барлығы құрдымға кетуі мүмкін. Одан бөлек кез келген жылыжайда маман жетіспесе немесе мамандар біліксіз болса тағы да сол шаруашылықтың тұралап қалуы әбден мүмкін. Демек, кез келген жағдайда міндетті түрде білікті маманның болуы тиіс.
2017 жылдың өзінде Астананы жылына 10 мың тонна көкөніспен қамтамасыз етуге қауқарымыз болады деген Үкімет жоспарының бүгінде орындалар түрі көрінбейді. Есесіне егін егуші елдің қатары артып қажетінше өнім алуды меңгерген халықтың қарасы мол. Одан бөлек тек Астанада емес, Алматы, Шымкент қалаларында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің бас болуымен мектептер мен өзге де білім ошақтары жанынан шағын жылыжайлар пайда болып жатыр. Мектептердегі бақшамен оқушылар айналысып, көкөніс өсірудің кейбір тиімді тұстарын да меңгеруде. Ал колледждерде бұл іс арнайы білім ретінде оқытыла бастамақ.
«Оқу-ағарту министрлігінің «Жасыл мектеп» жобасы аясында салынған жылыжай Астанадағы Сервис және туризм колледжінде де бар. Әзірге жылыжайы бар бір ғана колледж болғандықтан білім мекемесіне арнайы бардық.
«Елорданы және қала аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Қазір жылыжай корпусымызда орман шаруашылығы мамандары жылыжай, бақша (жеміс-жидек) өсірудің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Болашақта орманшылар даярлаудан бөлек бау-бақша шаруашылығы сиқты мамандар даярлауды көздеп отырмыз», – дейді Директордың оқу жұмысы бойынша орынбасары Гаухар Рамазанқызы.
Баптамасаң бақшаңды – қайтармайды ақшаңды
Ал еліміздегі ең ірі жылыжай Екібастұзда. Бір жылда 15 мың тонна қызанақ жинайтын кешен 30 гектар аумақты алып жатыр. Тартылған инвестиция 27 млрд теңгені құрайды. 450 қызметкер жұмыс істейтін кешеннің өнімдері Qaztomat сауда белгісімен сырт елдерге де жөнелтілуде. Аталмыш жылыжай кешенін жылу мен жарықпен қамту ұдайы болуы үшін Екібастұзға мақсатты түрде салғаны белгілі.
Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық. Осы тұста Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қызылордалық «7 кz» шаруа қожалығын мысалға келтіргенді жөн санадық. Қияр өсірумен елге танылған бағбанның шаруасы бүгінде біршама ілгерілеп келеді.
«2010 жылдан бері осы диқаншылықпен айналысып жатырмыз. Көлемі 0,7 гектар аумақты құрайтын жылыжайда қазір қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүрдік. Қазір қызанақтан бас тартып, тек қана қиярды өсіріп жатырмыз. Жылыжайда егін егу бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл салқын соқса, солып қалады. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап, өспей қалады. Жылытудың өзі үлкен күш. Қызанақ мұндай тәуекелдерге төзбейді. Тез үсіп немесе ауырып қала береді екен. Ал қияр төзімдірек. Қиярымызды 40-45 күн бойы жылы сумен мол етіп суарамыз. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі. Және тасымалдауға да қолайлы. Сондықтан бірнеше жылдан бері бірыңғай қияр салып жатырмыз», – дейді кәсіпкер.
Қазір ауылдар мен қала маңындағы жеке тұрғын үйлердің ауласында түрлі пішінді жылыжай кешені пайда болып жатқанын көріп жүрміз. Оңтүстік өңірлерді былай қойғанда Астананың өзінде мұндай бақшалар көбейген. Бұл кешендердің дені темір не ағаштан тұрғызылған қаңқаны полителинмен қаптай отырып жасалады. Әрине, мұндай үлгідегі жылыжайлар қыстың саршұнақ аязына шыдас бере алмасы белгілі. Дегенмен ерте көктемнен-ақ егін егуге жарап тұр.
«Үй салдық, сосын бос жатқан осы бес сотық жерді игілікке пайдалануды жоспарладық. Сөйтіп, отбасымызбен жылыжай құрылысын жүргізе бастадық. Қыстың күні аяз күшті ғой. Алғашқыда үлкен пеш салып жылытамыз деген ой да болды. Есептей келе, көмір өте көп шығын әкелетін болғандықтан ол ойымыздан қайттық. Құрылыс қаңқасын кәдімгі ағаш тақтайлардан тұрғызып шықтық. Оның үстін полиэтиленмен бірнеше қабат етіп жаптық. Қазір қазан айының соңы болды ғой. Соңғы өнімді жинап үлгердік. Алғашқыда бала-шаға мен немерелердің қамы деп жүрдік. Қазір отбасылық табыс көзіне айналып келеді. Ең бастысы, жылыжайға да жылулық керек. Баптасаң бақшаң гүлдейді. Баптамасаң еңбегің зая кетеді. Көктемде наурыз айының басынан-ақ, көшеттерге орын даярлаймыз. Сәуір айының соңынан бастап кияр мен қызанақтың және көше гүлдерінің көшеттерін сатып шығынымызды жабамыз. Осы жылы көктемде 10-15 мыңдай көшет саудаладық. Одан қалғанын өзіміз өсіріп, жемісін жеп біршамасын саттық. «Баптамасаң бақшаңды – қайтармайды ақшаңды» деп әзілдеймін балаларыма. Отбасылық шаруашылығымыз болғаннан соң бәріміз жұмылып жүріп еңбектенеміз. Өйтпесең болмайды ғой. Оңтүстікте жүрген кезімде ауыл агрономы болдым. Осы бір тәжірибемнің бүгін пайдасы тиіп тұр. Бейнеттің зейнеті де бар», – дейді Астана маңындағы ауылдардың бірінде жылыжайды қолдан тұрғызып алып пайда тауып отырған Қарабай ақсақал.
«Қыста да жылытып отырмын. Біз оңтүстікте болған соң ауа райында солтүстікке қарағанда біршама айырмашылық бар. Сондықтан жылыту кезінде шығын аз кетеді. Десе де, қыстың күндері көмір жоқ болып қалып, бақшамды үсітіп ала жаздаған кездерім де болды. Алдағы уақытта газ жүйесімен жылытуды көздеп отырмын. Өнімнің барлығы топырақта өсетін болғаннан тәуекелділік басым. Себебі соңғы жылдары топырақта сан түрлі зиянкес пайда болып, балғын жемісті жеп кетіуі жиіледі. Ең дұрысы гидропоника. Бұл топырақ орнына қолданылатын арнайы зат болғандықтан онда топырақтағыдай зиянкестер болмайды», – дейді Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қарақұм ауылында егіншілікті нәсіп еткен шаруа Самат Сұлтанов.
Маманның маңызы ерекше
Бізде топырақта өскен өнімнің артықшылығы мол деген ұғым қалыптасқан. Мамандардың айтуынша, керісінше топырақта өскен кейбір жидектің адам ағзасына зияны көп. Себебі кей аумақтарда топырақ мүлде ластанған. Ондай жерлерге көкөніс салуға жарамайды. Өкініштісі сол, кейде аңдаусызда мұндай аумаққа егін де салынып жатады. Сол себепті көкөністің кей түрін топырақтың баламасы саналатын гидропоника немесе өзге де түрлеріне көшіру керек. Бұл жүйеде еш қателік болмайды. Тіпті, оның топырақтағы өнімнен артықшылығы турасында пікірді жоғарыда мысалға келтірген едік.
«Жылыжай шаруашылығымен айналысқысы келетін кез келген адам алдымен өзінің шығындарын толық есептеп барып жүйелі жұмыс жоспарын реттеп, мамандарын сайлап іске кірісуі керек. Әйтпегенде шығынға шаш етектен батып, жұмысы алға жылжымай қоюы әбден мүмкін», – дейді Астанадағы Led System Media жылыжай кешенінің бас агрономы Айбол Таңатұлы.
Тағы бір әттегенай дейтін дүние, елімізде дәл осы жылыжай маманы деп диплом беретін оқу орны жоқ екен. Иә, ауыл шаруашылығы саласы бойынша маман даярлайтын оқу орындары бар. Онда агрономиялық сала негіз болып оқытылады. Арасында там-тұмдап жылыжайлар турасында мағлұмат беріліп, бірлі-екілі лекция жүргізіледі. Шаруа осымен бітеді екен.
Жоғарыда пікір білдірген бағбандардың дені – жай ғана агроном немесе мүлде салаға қатысы жоқ шаруалар. Олардың айтуына қарағанда, маман болса қателіктер де болмас еді. Шынымен де саланың маманы болса алға жылжу да бір қадам артық болары сөзсіз.
Жылыжай бүгінде пайда мол әкелетін бизнес түрі екені рас. Ғылыми тұрғыда айналысатындар үшін тіптен мол табыс болары сөзсіз. Ал болашақта жылыжайлар тек бау-бақшалық кешен ғана болып қалмай адамдардың өмір сүруіне қолайлы комплексіке айналады дейді ғалымдар. Қарап отырсақ бұл да рас дүние. Тіпті, жақында болатынға да ұқсайды. Шыныдан тұрғызылып жатқан Араб еліндегі үлкен құрылыс тағы да әлем үшін мол жаңалық болғалы тұр.
Бердібек ҚАБАЙ