Ел жастарының қоғамдағы рөлін қалыптастыруда әлеуметтік сатының әділ қозғалуын бақылауды «AMANAT» партиясы өз мойнына алып отыр. Партия «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін бір жарым миллионнан астам жасты жұмыспен қамтуға басымдық берген.
Айта кетейік, жас санатына қатысты ұғым әлемнің әр мемлекетінде әрқалай. Ол негізінен демографиялық ахуал, миграциялық үдерістерге байланысты есептеледі. БҰҰ дүниежүзінде 15 жас пен 24 жас аралығындағы жастардың саны 1,2 млрд адам деп есептеп, бұл жер бетіндегі халықтың 16%-ы деген дерек ұсынады.
Жалпы, көптеген мемлекет жас санатын орташа стандартпен 14 пен 24 жастың аралығы деп есептейді. Ал біздің елдегі есептің жөні бөлек. Қазақстан тұрғындарының үштен бірі жастар болғандықтан, ең жас мемлекеттердің қатарына кіреді. Біздің елде 2022 жылға дейін жастар санатына 14 жас пен 29 жас аралығы жатқызылып келді, ол есеп бойынша республикадағы жастардың саны 3 741 083 адам болған. 2023 жылдың 26 ақпанынан бастап қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен түзетулерге байланысты аталған санат 29-дан 35-ке дейін деп ұзартылып, қайыра есебін шаққанда жастардың саны 6,05 млн адамға жетті. Бұл ҚР халқының 31%-ы деген сөз.
Аумақтар бойынша жастар ең көп шоғырланған қала – Алматы (722,9 мың адам немесе қала тұрғындарының 33,4%-ы), Түркістан облысы (682,1 мың) және Астана (468,4 мың адам немесе елордалықтардың 34,6%-ы). Одан ке-йінгі орындарда Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Соңғы жылдары елімізде туу көрсеткіші жоғары, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сол себепті алдағы он-он бес жылда жастардың үлесі еселеп артпақ. Ал бұл дегеніңіз, жұмыс орнына, баспанаға тағы басқа да әлеуметтік қажеттілікті тудырмақ.
Үкімет 2023 жылдың басында барлық өңірлердің әкімдерімен жұмыспен қамтудың Жол картасын бекітті. Осының аясында биыл республика бойынша 947 мыңнан астам азаматқа жұмыс тауып беру негізгі міндет саналды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында 734 мың адам жұмысқа орналасыпты. Бұл жоғарыдағы жылдық көрсеткіштің 77%-ына тең. Оның 50%-ы – жас азаматтар. Жұмыспен қамтылған 35 жасқа дейінгі жастардың басым бөлігі Түркістан (15%), Жамбыл (9%), Ақтөбе (7%), Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарының (6%) азаматтары.
«Қазір жұмысқа орналастырылған азаматтардың 76%-ы үшін зейнетақы аударымдары аударылуда, бұл олардың тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растайды», – делінген министрлік ақпаратында. Жаңа жұмыс орындарының басым көпшілігі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобалары арқылы ашылған.
Сондай-ақ Президент жастарды жұмыспен қамту ісінде олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін қайтарымсыз гранттар мен жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредиттер беруді қарастыру керегін де айтқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 4 734 микрокредит беріліпті. Биыл Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес, азаматтарды еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру тетігі қайта қаралған болатын. Осығын орай қазір солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударудың жылдық жоспардың 87%-ы орындалды. Көшіп келген еңбекке қабілетті азаматтардың 73%-ы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.
Алайда азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы ресми ақпараттың өзінде нақтылық жетіспейді. Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Нартай Аралбайұлының айтуынша, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық жайлы статистиканы бұрмалап көрсету жиі кездеседі. «Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небары 4,9%-ы жұмыссыз деген мәлімет береді. Анығында солай ма? Ресми деректерге қарасақ, елімізде NEET санатындағы жастар саны – 422 000. Сонымен қатар 400 000-нан астам жас өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінде жүрсе, жұмыссыз жастар саны 80 000 деп көрсетілген. Демек, бас-аяғы 900 мыңнан астам жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылмай отыр деген сөз. Осылайша, жауапты органдар статистиканы үшке бөліп, жұмыссыз жастардың нақты санын жасырып көрсететіндей», – дейді депутат.
Жыл сайын өсіп, жетіліп қатарға қосылатын жас азаматқа жұмыс тауып беру мәселесі барлық мемлекетке ортақ. Әлем бойынша жастарын жұмыспен қамтуда жақсы көрсеткішке – Чехия, Германия, Исландия, Польша, Катар, Бахрейн, БАӘ, Сауд Арабиясы секілді елдер ие. Яғни, бұл жерде ел экономикасының қуаты және халық саны көрсеткіші де маңызды рөл атқарады.
«Бізде шетел асып, жұмыс іздеп кетіп жатқан жастардың да нақты есебі жоқ. Мәселен, ресми статистика былтыр Оңтүстік Кореяға 9 600 жас азамат жұмыс іздеп барды деп көрсетеді. Ал өзге ашық дерек көздерінде ол жақтағы жастарымыздың саны 20 000-нан асып отыр. Одан бөлек, АҚШ-та, Еуропада мыңдаған жас азамат жұмыс істеп жүр. Сыртқа кеткен азаматтарымыздың да нақты санын біліп, жұмыссыздықпен күресте жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», – дейді Нартай Аралбайұлы.
Жастардың жұмыссыз қалуының алдын алу үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау ісін жолға қою қажет. Өйткені еліміздегі колледждерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бітіргенімен олардың 77%-ы жұмыс табады да 17,6%-ы жеке кәсібін ашса, 11%-ы түрлі себепке байланысты жұмысқа орналаса алмай қалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде жастарды техникалық және кәсіптік бағытта білім алуға тарту мақсатында шәкіртақы көлемі ұлғайтылып жатыр. Жақында Оқу-ағарту министрлігі аймақтарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алатын студенттер саны 130 000-ға жеткенін хабарлады. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 150 мың адамды құрамақ.
Оған қоса, еліміздің еңбек нарығында шешілмей отырған мәселенің бірі – жұмыс берушілер еңбек құқықтарын қорғау талаптарын орындауға құлықсыз. Бұл жағдай 7 қыркүйектегі «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің отырысында жан-жақты талқыланды. Партиялық бақылау комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пікірінше, сапалы дерек пен дәйек ұсыну кезінде әдетте жергілікті деңгейде жағдай бұрмаланады. «Ешкім ашықтықты қаламайтындықтан осындай олқылыққа жол беріледі. Салалық мәселелер есептегіштерді орнатудан бастап мәліметтер базасын жүргізуге дейін тоқтап тұр. Президент айтқан еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне келсек, жұмыс берушілер көбінесе Еңбек кодексінің талаптарын орындауға құлықсыз. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін де партиялық бақылауға алу қажет», – дейді Екатерина Смышляева.
Бек БОЛАТ