Ал түркі жұрты қастерлеген Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптасты. Міне, содан бері төрт қақпалы Түркістанның рухани және экономикалық даму қарқыны айтарлықтай деңгейде жүріп жатыр. Атап айтқанда, қаланы дамыту үшін ауқымды кешенді жоспарлар жүзеге асырылып келеді.
Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы.
Түркістанға ерекше мән беру керектігін және Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі екенін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы осы облысқа ерекше мән беруіміз керек, – деген еді Президентіміз.
Мемлекет басшысы айтқандай, қазақтың рухани астанасы атанған Түркістанның мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан.
«Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді», – деп атап өткен болатын Президент.
Мемлекет басшысының пәрменімен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасының қабылданып жатқаны және Түркістан қаласының рухани және тарихи астана ретінде дамуына жағдай жасау үшін көптеген жобалар қолға алынғаны жұртты қуантып отыр.
Бұдан бөлек, жақында Түркістан қаласында Түркі елдерінің туризм министрлері мен өкілдерінің басқосуы өтті. Ол жерде, шаһарымыз – 2024 жылға түркі әлемінің туристік астанасы ретінде жарияланды. Міне, осылардың бәрі қасиетті шаһар тіршілігінің жандана түсуіне серпін беруде.
Осы бағытта Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы билік тарапынан жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларына сәйкес, тиісті жұмыстарды жүргізіп отыр. Қалаға бөлінген қаржының тиісінше игерілуі облыс басшылығының бақылауында.
Жақында жұртшылық алдында сөз сөйлеген өңір басшысы:
«Қаламыз соңғы 5 жылда өзінің дамуының жаңа дәуіріне қадам басты, ауқымды жұмыстар атқарылды. Әрине, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті биліктің басты міндеті. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді», – дегенді алға тартқан болатын.
Айтса айтқандай, адам танымастай өзгеріп жатқан Түркістанда көптеген маңызды нысандар бой көтерді. Түркістанның рухани және әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім қалыптасты.
Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 225 мыңға адамға жетті.
Қазір түрленген Түркістанды көру үшін шетелден және еліміздің аймақтарынан келетін туристердің саны өсуде.
Осы тұрғыда күні кеше журналистерге брифинг өткізген Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековті сөзге тартып, қала бойынша бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстары жайлы айтып беруін сұрадық.
Нұрбол Әбдісаттарұлының берген мәліметтерінің бірқатарына тоқталар болсақ, ашық әкімдік жобасы бойынша, қазір қала әкімдігі жанында «Халықтық кеңсе» мен «1310» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар қала аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда.
Жалпы, өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 222,7 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15%-ға өсті.
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд теңгеге өнім өндіріліп өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,7% өсті.
Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 18,8 млрд теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3%-ды құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 12,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,5%-ға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд теңгенi құрап, өсім 25,6%-ға, сумен жабдықтау 1,2 млрд теңгенi құрап, 7,6%%-ға артты.
2023 жылға инвестиция көлемі 348,9 млрд теңгеге (бюджет есебінен 102,0 млрд теңге, жеке инвестиция 246,9 млрд теңге) жоспарланса, 9 айдың қорытындысымен 245,8 млрд теңгеге орындалды (бюджет есебінен 91,2 млрд теңге, жеке инвестиция 154,6 млрд теңге).
Биыл Түркістан қаласында 6 мыңға жуық пәтер берілетінін айтқан Нұрбол Тұрашбеков:
– Биыл жалпы 5 966 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ал 9 айда 294 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2023 жылы бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 59 үйді халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 46 үйдің құрылысы басталған. Одан бөлек, жаңадан салынатын 800 пәтерлі 20 тұрғын үй халық игілігіне 1 шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге берілетін болады. Сонымен қатар кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 187 пәтерді сатып алуға 1,8 млрд теңге қарастырылып, қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Бұдан бөлек, 2023 жылдың 9 айында Түркістан қаласында 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылған. Сондай-ақ 535 жас түлек –«Жастар практикасымен», 102 жас – алғашқы жұмыс орнымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылған. Ал 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар 150 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына қайтарымсыз грант қаражаты берілді.
Ал биыл 348,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланса, 9 айдың қорытындысымен 245,8 млрд теңгеге жетті.
Қала әкімінің мәліметінше, шаһарда 2023 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 222,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғымен салыстырғанда 15 пайызға артып отыр. Сондай-ақ осы жылы өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айында 18,8 млрд теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 4,3 пайызды құраған. Ал өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 12 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд теңгеге жеткен.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы облыс орталығына келетін туристердің артқанын да айтты. 2023 жылдың 9 айдың қорытындысымен Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 678,5 мың адамға жеткен. Сонымен қатар биыл қаңтар-қыркүйек айларында Түркістанға 6,7 мың шетелдік турист келіп, көрсеткіш 24,1%-ға өскен.
Түркістан қаласында қазір 38 032 абонент, яғни қала тұрғындарының 98%-ы табиғи газды пайдалануда.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, бүгінде Түркістан қаласындағы 845 шақырым жолдың 50%-ға жуығы толық асфальтталған.
– Биыл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға баратын және соларға қосалқы жатқан жалпы 42 шақырымдық 43 көшеге аяқжол төселді. Қазір қала аумағында 224 аялдама қолданыста бар. Биыл қосымша 120 аялдаманы орнату қолға алынып, 50-інің жұмысы толық аяқталды. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме 220 автобус, шағын автобустармен қызмет көрсетеді. Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға 119 жаңа автобус алынған. Жыл соңына дейін қосымша 28 автобус алынып, жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 78%-ға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар биыл 700-ге жуық көшеге жарықтандыру жүйелері орнатылатын болады, – деді қала әкімі.
Айта кетерлігі, Түркістан қаласындағы 42 240 абоненттің 98,9%-ы ауызсумен қам-тамасыз етілген. Ал электр қуатымен қамту деңгейі жыл соңына дейін 84,9%-дан 98,5% -ға жеткізу жоспарланған.
Бүгінде көркіне сай келбеті қалыптасып жатқан қалада түрлі бағытта республикалық, халықаралық деңгейде іс-шаралар көптеп өтіп жүр.
Мәселен, қала аумағында 2023 жылы ауқымды 73 мәдени іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде, «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты ақындар айтысы, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына байланысты салтанатты концерттік бағдарлама, қала күнінен орай, «Түркістан – бақ мекенім» мерекелік концерті және тағы басқа да көптеген шаралар өтті.
Сонымен қатар қалада 2022 жылы 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған.
Тельман БЕЙСЕН