Жасанды интеллект адамдардың досы ма, дұшпаны ма? Ол адамзатты құтқара ма, әлде жойып жібере ме? Бұл сұраққа ғұлама ғалымдар да жауап бере алмауда. Бүгін Лондонда өтетін саммит осы мәселені талқылайды.
Бүгін бүкіл әлемнің назары Лондонға бұрылды
892
оқылды

Әлемнің технологиялық жетекшілері ЖИ-дің дамуын бәсеңдетуге, тіпті тоқтатуға шақыруда. BBC News ақылды машиналардан туындайтын қауіптердің әлемдік саммитте талқылану себептерін талдаған мақала жариялады. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz адам қолымен жасалған машина неге адамзатқа қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Westend61

Жасанды интеллект технологиясы тым жылдам дамып келеді. Оны қорғаушылар ЖИ адамның қолынан келмейтін медициналық препараттарды жасай алады, климаттың өзгеруіне қатысты шешімдер тауып береді деген таңғажайып сценарийлер ұсынуда. Сондықтан бұл технологияның әлеуетін шектеуге болмайтынын айтуда. 

Бүгін 100-ге жуық әлемдік көшбасшылар, технология саласының жетекші мамандары, ғалымдар және жасанды интеллекті зерттеушілер Ұлыбританияда бас қосады. 

Саммиттің өткізілетін орны ретінде бір кездері екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуге көмектескен код бұзушылар мекені болған Блетчли Парк кампусы таңдалған.

Премьер-министр Риши Сунактың бастамасымен шақырылған жиынның мақсаты – тәуекелдерді азайта отырып, осы қуатты технологияның артықшылықтарын барынша арттыру жолын талқылау деп белгіленген.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Peter Nicholls

Жиын ЖИ қауіпсіздік саммиті деп аталады және онда «озық ЖИ» деп аталатын жүйенің қауіптерінің алдын алу талқыланады. Бүгінгі ЖИ-ден мыңдаған есе қуатты, жетілген озық ЖИ жүйесі әлі жасалған жоқ, бірақ мамандар технология осындай жылдамдықпен дамитын болса, ол бірнеше жылда пайда болуы мүмкін деген жорамал айтуда. 

Мамандардың пікірінше, 1-2 қарашада өтетін саммитте ЖИ технологиялары тұтынатын орасан көп энергия мен ЖИ-дің еңбек нарығына әсері, жұмыс орындарды қысқарту сияқты өзекті мәселелер де талқылануы мүмкін.

Өткен аптада жарияланған Ұлыбритания үкіметінің баяндамасында кейбір қорқынышты ықтимал қауіптер, соның ішінде биотерроризм, кибершабуылдар, адамның бақылауынан шығуға ұмтылған дамыған жасанды интеллект туралы мәселелердің көбейгені айтылды.

Бір қызығы, осындай қорқынышты кезеңде премьер-министр Риши Сунак адамдарды қорықпауға шақырған, ол Ұлыбританияны ЖИ қауіпсіздігі бойынша әлемдік көшбасшы ретінде көрсеткісі келеді.

Әлемдік саяси көшбасшылардан шараға БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриш, АҚШ вице-президенті Камала Харрис, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен қатысады деп күтілуде.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Peter Dazeley

Кейбір сарапшылар саммиттің басымдықтары дұрыс анықталмаған деп жазуда.

«Бізді жұмысымыз не болады, қандай жаңалықтар болады, бір-бірімізбен сөйлесу қабілетіміз не болады деп алаңдаймыз. Біз адамдарға, қауымдастықтарға және, шынын айтқанда, планетаға қауіп төндіретініне алаңдаймыз», – дейді Кембридж университетінің Жасанды интеллект орталығының жетекшісі профессор Джина Нефф.

ЖИ технологиясы қазірдің өзінде жұмыс орындарын қысқартып жатыр. BBC News тілшісі өзінің бір досының шағын маркетингтік компанияда копирайтер болып жұмыс істегенін, қазір 5 копирайтердің төртеуі қысқартылып орнында біреуі ғана қалғанын жазған. Жалғыз копирайтер енді ChatGPT жасаған мәтіндерді тексерумен айналысады. Ұлыбританияның Еңбек және зейнетақымен қамсыздандыру департаменті жәрдемақы алуды тездету үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Vithun Khamsong

Профессор Йошуа Бенджио жасанды интеллектің үш «өкіл әкесінің» бірі ретінде белгілі. Жақында Лондонда Chatham House ұйымдастырған шарада журналистер одан саммиттен не күтетінін сұраған. Ол қауіпті деп танылған озық ЖИ үлгілерін тіркеу және лицензиялау режимін енгізуді ұсынған. Бірақ профессор мұндай нәрсені жасауға саммиттің екі күні жеткіліксіз екенін мойындаған.

«Біз жылдам жүзеге асырылатын шағын қадамдардан бастауымыз керек. Халықаралық шарттар мен келісімдер әлдеқайда көп уақытты алады. Бірақ біз өте күрделі жаһандық басқару жүйесі жасалғанша күте алмаймыз», – деп мәлімдеген профессордың сөзіне құлақ салған дұрыс сияқты.