Депутаттар мен отырысқа қатысушылар Қарағандыдағы қайғылы оқиғада қаза тапқан кеншілерді аза тұтып, еске алды. Палата Спикері Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісі атынан марқұмдардың отбасына көңіл айтты. Естеріңізде болса, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан 46 шахтер опат болған еді.
Сондай-ақ бұл жолғы пленарлық отырыстың тағы бір ерекшелігі – оған Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі келіп қатысып отырғаны. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өзіне қойылған сұрақтарға тікелей жауап берген ол өзге сауалдар мен жауаптарды да өз құлағымен естіді. Бұл да болса бүгінгі күн тәртібінің маңыздылығын – Ұлттық қордан ақша алмау және мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалану мәселесінің өзектілігін айғақтай түседі. Осы тұста Үкімет басшысымен бірге министрлер кабинеті түгел келді десек артық айтқандық емес. Олардан бөлек қатысып отырған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының м.а. Айдар Рысқұловтарды қосқанда жиынға 30 адам шақыртылған екен. Жалпы отырыстың тағы бір ерекшелігі – жиынның депутаттық сауалмен басталғаны. Мәжіліс депутаттары атынан сөз сөйлеген «AMANAT» фракциясының мүшесі Арман Қалықов «Костенко» шахтасындағы қайғылы оқиғаға жол берген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын сынға алды. Оның айтуынша, жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған компания жаппай үнемге ден қойып, табысының басым бөлігін шетелге шығарып отырған. Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген. Нәтижесінде, осы жылдың өзінде екі апаттық жағдай болып, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалды.
«Қазіргі жағдайда Президент бірден-бір дұрыс шешім қабылдады, ол – «АрселорМитталмен» ынтымақтастықты тоқтату. Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Бірақ мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырлыққа шақырғым келеді. Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Алдағы уақытта әрбір жұмыскердің өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылатын болады. Бұл қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін қажет. Олар шахтаға соңғы рет бара жатырмын ба деген қобалжумен түспеуі тиіс. Кеншілер мен олардың отбасылары ертеңгі күнге сеніммен қарауы керек», – деген ол депутаттар әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібергенін жеткізді. Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылған. Депутаттың айтуынша, қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық. Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді. Сондай-ақ Кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру де – өз алдына бөлек мәселе.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қарау үшін палата бюросы бірнеше мәселе ұсыныпты. Олар – Ұлттық қордан алдағы үш жылға кепілдендірілген трансферт алу, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы заң жобалары. Депутаттардың шүйліккені Ұлттық қорды үнемдеу және республикалық бюджетті тиімді жұмсау мәселесі туралы болды. «AMANAT» фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Президенттің 2030 жылға қарай Ұлттық қорды 100 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы тапсырмасын алға тартып, болашақ ұрпақтың несібесіне қол салуды тоқтатуды талап етті.
«Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд болса, қазір бар-жоғы 60-ақ миллиард қалып отыр. 2024 жылдың басынан қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастамақ. Сондықтан енді халықтың бұл қордың жұмысына деген назары ерекше болмақ. Өйткені әр ата-ана өзінің баласына қанша ақша түсті деп күтіп отырмақ. Сондықтан да менің ойымша одан қаражат алуды тоқтатуымыз керек және орың тиімділдігін арттыруымыз қажет. Біз республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан ақша алып отырмыз. Ал мемлекеттік бюджеттің тапшылығы дайын ақшамен емес, экономиканың дамуы арқылы жабылуы тиіс. Бюджетті тиімді игеру де ақсап жатыр, осы дайын ақшаның өзін ұқсата алмай отырғанымыздың себебі неде?», – деді ол.
Депутатқа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі жауап берді. 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын трансферт көлемі 1,6 триллион теңгені құрайтынын айтқан Үкімет басшысы ол қаражаттың әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдарды қаржыландыруға бағытталатынын жеткізді.
«Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттер жылдан-жылға азайтылатын болады. Оның орнын республикалық бюджеттің өз кірістері алмастырмақ. Ол үшін тиісті инвестициялар тартылып, нақты сектор қаржыландырылмақ. Ол бірінші кезекте мемлекеттік қолдау шаралары арқылы шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенді қаржыландыру. Жалпы, қазір біз 32 триллион теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны іске асырудамыз. Соның 4,6 триллион теңгесі келесі жылы жүзеге асырылмақ. Олар шикізат емес сектордағы жобалар. Осы ретте инфрақұрылымдық жобаларға ерекше көңіл бөлінбек. Келесі жылдары экономиканың өсу қарқыны жоғарылайды деп күтіп отырмыз. Биыл оның көлемі 4,7% болса, келесі жылы 5,3%, ал 2026 жылға дейін 6%-ға дейін жетеді деп болжап отырмыз», – деді ол.
Депутаттарға «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды. Құжат еліміздің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген екен. Оның айтуынша, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. Трансферттерді есепке алмағанда, кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% көлемінде болады деп жоспарлануда. Жалпы, бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құраған. Бюджет тапшылығы Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болжанып отыр. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3%-ке дейін төмендемек.
«Жалпы, республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30%-ын құрайды. Оның ішінде 5,3 трлн теңгесі – субвенциялар, 1,7 трлн теңгесі өңірлерді дамытуға бағытталған нысаналы трансферттер. Экономиканың нақты секторын дамытуға 2,8 трлн теңге жұмсалмақ. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 млрд теңге бағытталып, шамамен 2,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бюджетті түзу барысында барлық фракциямен етене жұмыс жүргізілді. «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиналысы өткізілді. Депутаттар көтерген мәселелер, әсіресе өңірлердің қажеттіліктері барынша ескерілді. Нәтижесінде, 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат маңыздылығына қарай қайта бөлінді. Оның ішінде Үкімет резерві есебінен 56 млрд теңге қосымша қарастырылды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Жиынның тағы бір ерекшелігі – әр баяндамашыдан соң сұрақ қоймаған депутат, оған жауап бермеген Үкімет өкілі қалмады деуге болады. Мәжілісмендер қозғамаған сала, министрлер қорғамаған іс-шара қалмады. Соның ішінде аманаттық депутат Бақытжан Базарбек Үкіметтің резервінде келер жылға 417 млрд, 2025 жылға 344 млрд, ал 2026 жылға 702 млрд теңге жоспарланғанын алға тартып, олардың жұмсалу тиімділігін сынға алды. Ал Қайрат Балабиев ауыл шаруашылығындағы субсидияға жыл сайын 400 млрд теңге бағытталатынын айтып, бірақ жемқорлық қылмыстарының 34%-ы инвестициялық субсидиялауға тиесілі екенін сынға алды. Депутат Елнұр Бейсенбаев инфляцияның тоқтамауы, қымбатшылық мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, МӘМС жүйесінің реттелмеуі, үш ауысымды мектептер, лайықты жалақы мен тасжолдарды уақытылы салу проблемасына тоқталды.
«Осы ретте халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай отыр. Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл дегеніміз – шамамен 2 миллион отбасының мүшелері пәтер жалдап жүр деген сөз. Бұл бір. Екіншіден, бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуі көп іске қолбайлау болуда. Бұған бір ғана мектеп мәселесін мысалға келтірсек те жеткілікті. Мәселен, бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игерілген. Бұл – үлкен проблема», – деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Осылайша, әр сұрақтың артында халықтың әл-ауқаты, мемлекеттің әлеуеті жатқанын аңғару қиын емес еді. Осы күнгі формат сұрақ-жауап сипатында өрбігендіктен, әдеттегідей депутаттық сауалдар болған жоқ. Кезекті жиынның ендігі бір ерекшелігі осы болды. Жиынды Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қорытындылады.
«Бүгін біз еліміздің басты құжаты – республикалық бюджетті бекіттік. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялады. Оның түпкі мұраты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда республикалық бюджет, бірінші кезекте Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталып отыр. Ең бастысы, бұл құжат әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, елдің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет екі ай бойы жұмыс топтарында жан-жақты талқыланды. Мәжілістегі барлық фракция отырысын өткізіп, өз ұстанымдарын анықтады. Талқылау барысында көптеген сыни пікір болды, ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы бүгін қабылданған бюджетте ескерілді.
Сайлаушыларымызды толғандыратын ең өзекті мәселе – инфляция мен азық-түлік бағасы. Жылу, жарық, жол, сумен қамтамасыз ету де – түйткілді мәселелер. Мемлекеттік борыштың өсуі де депутаттарды алаңдатып отыр. Осы мәселелерге жұмыс тобының жетекшісі, фракциялардың басшылары өз баяндамаларында кеңінен тоқталып өтті. Үкімет бұл жайттарға ерекше көңіл бөліп, жүйелі түрде айналысуы қажет. Бюджетті талқылау кезінде сайлаушыларымыздың осы және өзге де талап-тілектері ескерілді. Қорыта айтқанда, бүкіл депутаттық корпусқа, партиялық фракцияларға және Үкіметке, Премьер-Министрге республикалық бюджетті қарау кезінде қоян-қолтық жұмыс істегені үшін зор ризашылығымды білдіремін», – деді Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
Палата Спикерінің айтуынша, ендігі міндет – республикалық бюджетті тиімді іске асыру. Депутаттар бекітілген бюджеттің орындалуына жүйелі түрде бақылау жүргізетін болады. Мемлекет басшысы бізге дәл осындай жауапты міндет жүктеп отыр. Ең бастысы, бюджеттің әр теңгесі өз мақсатына жетуі қажет.
Нұрлан ҚОСАЙ