Кейбір әуесқой режиссерлер мен пайда көздеген продюсерлердің арасында кино түсіру өнерін бизнес көзіне айналдырғандары да жетерлік. Алайда көрермен назарына ұсынылып жатқан комедиялық фильмдердің сапасы мен талғам қалыптастырудағы ықпалының жөні бір бөлек. Бұл туралы Отандық кинотанушылар мен киносыншылардан сұрап білдік.
Дана ӘМІРБЕКОВА,
киносыншы, Қазақстан киносыншылар
қауымдастығының мүшесі:
— Кез келген фильм идеологиялық жүктемені көтереді. Себебі авторлар фильм арқылы әрқашан өз идеяларын, мәдени ерекшеліктерін, дүниетанымын, құндылықтарын бейнелейді. Өкінішке қарай, біздің коммерциялық фильмдеріміз жанрлық әртүрлілікке ие емес. Бүгінде коммерциялық қазақ фильмінің бет-бейнесі — комедия. Онда да өте үстірт, дөрекі комедия. Кейде біздің комедияларымызда қызықты тақырыптар еленіп, ескерілмейді. Яғни, авторлар кино мазмұнын қалай толық ашуға болатынын білмейді. Қазір коммерциялық фильмдеріміздің басым бөлігі комедиялық жанрда ғана түсірілуде. Олар Голливуд пен Болливудтың әбден жауыр болған сюжеттеріне құрылған таптаурын шаблондарының әлсіз көшірмесі ғана. Жоғарыда айтқанымыздай, коммерциялық фильмдердің сапасы әзірге әлсіз.
Оған себеп – біріншіден, тәжірибесіз режиссерлердің көптігі. Кино түсіру үшін киноның әліппесін оқып, киноның тілін түсіну керек. Кино сапасы — негізгі ой мен оның көрермен назарына ұсынылу шеберлігімен ұштасуында. Екіншіден, бізде ұлттық идентификацияның жоқтығы байқалады. «Менің атым Қожа», Тақиялы періште» фильмдерін көргенде қазақ даласының иісі аңқып тұрады. Ал қазіргі комедиялық фильмдерде ұлттық болмысымызды дәріптеп, құндылықтарымызды қалыптастыратын белгілі бір археотип жоқ. Қазіргі қазақ комедиялары тек қазақ актерлерімен ғана таныс. Сюжеті Голливуд пен Болливудтікіне ұқсап кеткені соншалық, қай елдің киносы екенін ажырату қиын. Бұл да коммерциялық фильмдеріміздің әлсіз тұсы.
Ержан ЖҰМАБЕКОВ,
кинотанушы:
— Қазір кинотеатрлардан отандық коммерциялық фильмдердің көп көрсетілуі біз үшін қуанарлық жағдай. Себебі бұл жанрдағы фильмдер арқылы қазақ киносына қызығатын көрермен саны да артып отыр. Комедия бағытындағы коммерциялық фильмдер түсіруде продюсерлер мен режиссерлер тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұнда бір мәселе бар. Олардың сапасы мен көркемдік деңгейі туралы халықтың өзі де баға беріп жүр. Арзан сапада түсірілген фильмдерден көрермен шаршайды. Оларға әр түрлі тақырыптағы фильм қызығырақ. Қазір тек комедия емес, терең философиялық мәні бар фильмдер халықтың сұранысына ие. Соңғы уақытта шыққан «Дос-Мұқасан» мен «Міржақып. Оян қазақ!» – соның дәлелі.
Баубек НӨГЕРБЕК,
кинотанушы, Қазақ киносыншылар одағының мүшесі:
— Коммерциялық фильмдердің сапасы туралы айтар болсам, олардың визуалдық, дыбыстық шешім жағы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы дамыған. Алайда фильмдердің бұл жағы жақсарғанымен, мазмұндық жағы әлі де ақсап тұр. Байқасақ, жарыққа шыққан комедия жанрындағы кинолар мазмұндас келеді. Олардың техникалық сапасы жақсы болса да, халық оны контент деп қабылдайды, себебі ол көрермен жадында сақталмайтын дүние.
Коммерциялық фильмдер мазмұнының қайталануы 2016 жылы жарыққа шыққан «16 қыз» фильмінен кейін жалғаса бастады. Коммерциялық фильмдердің негізгі идеологиясын нақты айту мүмкін емес. Өйткені кино түсірушілер идеологияға бас қатырғаннан гөрі көбірек табыс табуды ғана көздейді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ