Қазір Жетісу облысының әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Осы саладағылардың кәсіби мерекелеріне орай оларға үлкен құрмет көрсетіліп, ел қамы үшін еңбек ететін жандардың мерейі тасыды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева ең жауапты әрі нәзік саладағы көп жылғы жауапты жұмысы, мамандығына деген адалдығы мен жауаптылығы үшін «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, алғысхатымен 30-ға жуық адамды марапаттады.
– Мейірім, жауапкершілік, жанашырлық, шыдамдылық, еңбекқорлық, бұл – сіздердің бойларыңыздағы ең ізгі қасиеттер. Осы орайда сіздердің қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға көрсеткен көмектеріңізді ерекше атап өтуге болады. Сондықтан бүгінгі тамаша мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, табыс тілеймін. Әрдайым еңбектеріңіз жанып, елдің алғысына бөлене беріңіздер – деген Гүлнар Тойлыбаева әлеуметтік сала қызметкерлерінің былай кезде көзге көп байқала бермейтін, шыдамдылық пен шынайылықты қажет ететін жауапты жұмысын айрықша атап өтті.
Жетісу облысының әлеуметтік қорғау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін бірнеше аталым бойынша берілген марапаттан өңірдегі халықты қолдауға бағытталған шарапатты шаралардың бел ортасынан табылып, мейірімділік істерге ұйытқы болып жүретін үкіметтік емес ұйымдар да тысқары қалмады. Қимыл-қозғалысы кем мүгедектердің «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Роза Ақжаркенова «Үздік ҮЕҰ» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, ал «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» аталымында мүгедек балаларға арналған «Бәйтерек» күндізгі болу орталығы үздік деп танылды, ұйымдардың әрқайсысына 300 мың теңге сомасына сертификаттар берілді. Текелі қаласының Grindstone ЖШС «Жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастырудағы үздік кәсіпорын» атанды, ал «Үздік мансап орталығы» аталымына Көксу ауданының мансап орталығы ие болды. Жоғарыда аталған үздіктерге 100 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Азаматтарды әлеуметтік қорғауға, жұмысқа орналастыруға, оқытуға, саланы ақпараттық қолдауға және тағы да басқа тақырыптарға қатысты барлығы 10 аталым бойынша марапат өз иесін тапты.
Бүгінгі күні Жетісу облысында экономикалық белсенді халық саны артып келеді, әрі 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,2 есеге көбейген. Осы кезеңде жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,8%-ға дейін төмендепті. Бұл көрсеткішке 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған шаралар мен «Кәсіпкерлік» бағдарламасы ықпал еткен. Инклюзивті орта құру, маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Мысалы, биыл Талдықорған қаласында аутизмі бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы және «Асар» спорттық-оңалту кешені, ал Алакөл ауданы әкімдігінің резиденциясы базасында 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру жазғы лагері ашылды. Алдағы жылы Талдықорғанда мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орынға есептелген оңалту орталығының құрылысы басталмақ.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы