Күн тәртібі бойынша комиссияның алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында өтетін көшпелі отырысы аясындағы экология мәселелері талқыланды.
Отырысқа парламенттік комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығы мен мәслихат депутаттары, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы мен Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары сөз сөйледі.
Палата Төрағасының орынбасары өз сөзінде ауаның ластануынан туындайтын проблемалардың қаупіне назар аударды және Комиссияның алдағы жұмысындағы бірқатар негізгі міндеттерді белгіледі.
«Орнықты даму мақсаттарында 2030 жылға қарай қалалардағы теріс экологиялық әсерді азайту, оның ішінде ауа сапасына ерекше назар аудару және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету міндеті белгіленді. 2022 жылы Қазақстанда ауаның ластануына мониторинг жүргізілген 69 елді мекеннің 30-ы жоғары және өте жоғары ластану дәрежесіне жатады. Бұл әсіресе өнеркәсіп секторындағы инфрақұрылымы дамыған және көлік магистралі бар өңірлерге қатысты. Олардың қатарына Өскемен қаласы да кіреді», – деп атап өтті Ольга Перепечина.
Сенатор атап өткендей, осыған байланысты бірінші кезектегі міндет – тау-кен және металлургия саласы кәсіпорындарының қызметіне мониторинг жүргізу. Өндіріс қалдықтарының шығарындылары мен кәдеге жарату деңгейін төмендету жөніндегі тетікті мұқият пысықтау қажет.
Сенат төрағасының орынбасары жергілікті атқарушы органдарды тағы бір маңызды бағытқа – жеке секторға газ жеткізу, қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту мен жетілдіруге назар аударуға шақырды.
Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев өз кезегінде әріптестерін сала бойынша ОДМ-нің міндеттерін іске асыру барысымен таныстырып, осы бағыттағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныстарын айтты.
Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Александр Акулов ШҚО-да табиғатты қорғау заңнамасының қандай бұзушылықтары жиі кездесетіні және оларды азайту үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы баяндады.
Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов жүргізілген сараптамалар мен ғылыми-тәжірибелік зерттеулердің нәтижелеріне тоқтала келіп, стратегиялық сипаттағы үрдістерді атап өтті. Сарапшының пікірінше, мәселені шешу барлық мүдделі тараптардың кешенді шараларды уақытылы қабылдауына байланысты.
Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша парламенттік комиссияның кезекті отырысына дайындық аясында жұмысқа қабылданатын өзекті мәселелер мен ұсынымдар барысы айқындалды.