Соңғы уақытта электр энергиясымен қамтамасыз ететін мекемелерде проблема көбейді.
Алыпсатарларға Үкіметтің де тісі батпай отыр – Еділ Жаңбыршин
4,512
оқылды

Тіпті, бір облыс, қала жарықсыз қалатын жайттар көбейді. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Бұл мәселе туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Facebook-тағы парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, алыпсатарлардан құтылмайынша, өзекті мәселе шешімін таппайды. 

– Электрэнергетика нарығында энергия өндіру мен энергия тасымалдаудан басқа, ел арасында «делдал», «ЭСО» деп аталып кеткен энергиямен жабдықтауыш ұйымдар (ЭЖҰ) тарифке өз маржаларын қосып, тарифтің қымбаттауына әкеліп, халықтың наразылығын туғызып жүр. Осы делдалдардың мәселесін реттеу жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет тапсырма берді. Мәжіліс және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов биылға сайлауалды бағдарламаны жариялағанда «Делдалдарды құртамыз» деген болатын. Самат Мұсабаевпен бірге сайлаушылармен кездескенде «Мәжіліске депутат болып сайлансақ ЭЖҰ-ларды жоюға ұсыныс береміз» деп уәде бергенбіз. Жаз бойы осы ЭЖҰ-ды жою жөнінде нормаларды дайындаған болатынбыз.

Бүгін соның орайы келді. «Жылуэнергетика туралы» заң жобасын қарайтын жұмыс тобында ЭЖҰ жоятын 21 нормамыз қаралды. Президент тапсырма берсе де, Мәжіліс Төрағасы партия ұстанымын жария етсе де, министр Алмасадам Сәтқалиев бастаған Энергетика министрлігінің басшылығы ЭЖҰ жоятын нормаға қарсы шықты. Олардың айтуынша ЭЖҰ-лар керек, олар қаржыны жинаушы, бәсекелестік болуы керек деген уәжін айтты.

Мен өз кезегімде бірнеше аргумент айттым:

1. ЭЖҰ-да энергетикаға қатысты ешқандай нысандар, жабдықтар, құрылғылар (станция, қосалқы станция, ток желілері, трансформаторлар және т.б.) жоқ. 

2. ЭЖҰ-лар жинаған қаржыларын энергетика саласына инвестиция жасамайды.

3. ЭЖҰ-лар тарифке маржа қосып, млрдтаған қаржы тауып отыр, тіпті Маңғыстауда сондай ЭЖҰ млрдтаған қаржы жинап, оны МАЭКке төлемей, қылмыстық іс қозғалды.

4. ЭЖҰ-да ешқандай жауапкершілік жоқ.

5. Энергетикада ешқандай бәскелестік жоқ. Қазір Қазақстанда электр энергиясын жалғыз сатып алушы заңмен бекітілген, түгелдей өңірлердегі ірі станциялардан бірінші кезекте электр энергиясы сатып алынады, аймақта көбінесе бір немесе екі электр жүйелік компаниялар (РЭК). Бізде не, әр өңірде бірнеше станция немесе бірнеше РЭК-тер бар ма? Қайдағы бәсекелестік, кіммен бәсекелеседі?!

6. ЭЖҰ-дың артында олигополия өкілдері мен кезінде үлкен саяси лауазымда қызмет еткен адамдардың жақын туыстары тұр. Сондықтан оларға министрліктің де, Үкіметтің де тісі батпай отыр.

Депутат әріптестерім Мархабат Жайымбетов Қызылорда облысындағы ЭЖҰ-дың бассыздығын айтса, Қайрат Балабиев Түркістан облысындағы, ал Құдайберген Бексұлтанов, Бауыржан Смағұлов және Аманжол Әлтай Қарағанды облысының Шет ауданындағы ЭЖҰ мен РЭК-терге қатысты проблемаларды айтты.

Энергетика министрлігінің және ЭЖҰ өкілдеріне «Егер ЭЖҰ 1 тиын энергетикаға инвестиция салса, транформаторларға, ток желісіне және басқа да жабдықтарды жаңалауға ақша бөлсе көрсетіңіздерші?» деген сауалыма ешқандай жауап ала алмадым.

Әріптестеріміздің ішінде соларға «жаны ауыратындар» бар сияқты. Себебі жұмыс тобында бұл нормаларды кейінге қалдырайық, талқылайық деген пікірлер айтылды.

ЭЖҰ өкілдері қазір делдал мекемелерді бір мезетте жою дұрыс емес, оған уақыт керек деген ойларды айтты.

Самат Мұсабаев «Кезінде сұйытылған газ нарығындағы делдал ГСОларды бір күнде заңға өзгеріс енгізіп жоқ қылған жоқпыз ба? ЭЖҰ-ды түбегейлі жойып, халықтың үстінен ақша жасауды тоқтату қажет» деді.

Біраз дисскусия да, эмоция да болды. 

Норманы енгізуге бастама көтерген депутат есебінде, ұсынысымызды кейінге қалдырмай, бүгін дауысқа қоюды талап еттім! 

Дауысқа қойылды. Біз бүгін жеңдік!

 

Б. Смағұлов, Қ. Балабиев, А. Қалықов, Қ. Бексұлтанов, А. Әлтай, М. Жайымбетов және басқалар қолдады.

 

Фото Еділ Жаңбыршиннің Facebook-тағы парақшасынан алынды. Алыпсатарларды жою нормасын ұсынған депутаттар тізімі.

Депутаттар Д. Тұрғанов пен П. Казанцев қалыс қалды.

Бұл нормаларымыз әлі дау болатынына сенімдімін. Себебі ЭЖҰ артында небір ықпалды күштер тұр. Президент пен Мәжіліс Төрағасының тапсырмасына министрден бастап дөңайбат жасағанынан біле беріңіз. 

Сондықтан бізге халықтың қолдауы қажет.

Енді сайлаушыларымыздың аманат нормаларын және өзекті мәселелерді шешетін заңға ұсыныстар талқыланып, дауыс бергенде қай депутаттар қолдады, кім қарсы, кім қалыс қалды әлеуметтік желіде жарияланғаны дұрыс деп есептеймін», – дейді депутат Еділ Жаңбыршин. 

Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша, МАЭК-те жөндеу жұмысын жүргізуге Үкімет қаулы қабылдап, резервтен шамамен 4,9 млрд теңге сомасында қаржы бөлгенін жазған болатынбыз.

Фото: dalanews.kz