Салық салмағы кімге түспек?

Қыркүйектің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеуді ұсынды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы экономиканың әртүрлі секторларында дифференцияланған салық ставкаларына көшуді, корпоративті табыс салығын төмендетуді немесе оны кейбір салалар үшін толығымен жою­ды, арнаулы салық режимдерін оңайлатуды тапсырды. Осыдан кейін Үкімет Салық кодексіне түзетулер жобасын жария талқылауға шығарды. Бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы және депутаттар арасынан 700-ге жуық ұсыныстар келіп түскен. Бұл кодексті 2024 жылдың қазан айында қабылдау жоспарлануда.

Үкімет ел тұрғындарына Салық ко­дексіне енгізілген түзетулерді талқы­лау­ды ұсынды. 2025 жылдан бастап қосым­ша құн салығы, корпоративті және жеке табыс салығының прогрессивті став­ка­ларын қайта қарау, арнаулы салық ре­жим­дерін реформалау, алкогольдің ак­­циз­дік ставкаларын үйлестіру, көлік құралдары мен жылжымайтын мүлікке салық салуды қайта қарау, сән-салта­натқа салық енгізу және т.б. жоспар­ла­нып отыр. Жаңа нұсқаға сәйкес, 2006 жыл­ға дейінгі ставкалармен теңесті­ріл­мек. Мы­салы, КТС-тағы да 25-30 па­йызға дейін ұлғайту, ҚҚС-ты 16 пайыз­ға дейін арттыру, сондай-ақ көп сатылы жеке табыс шкаласына көшу ұсынылады.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, тә­уел­сіз­діктің алғашқы жылдарында Қазақ­станда ҚҚС мөлшерлемесі 28 па­йызды құ­раған. Бірақ уақыт өте келе бұл көр­сет­кіш біртіндеп төмендеп отыр­ды. Мұн­­дағы мақсат көлеңкелі нарық­тағы қыз­­мет­­­тер мен тауарлардың айна­лымын қыс­­­қарту және салық деңгейін арттыру еді. 

Бұған дейінгі ең соңғы ауқымды са­лық реформасы 2006 жылдан 2009 жылға дейін жүргізілген. Нәтижесінде, кор­по­ративтік табыс салығы (КТС) 30 па­йыз­дан 20 пайызға дейін, қосымша құн са­лығы (ҚҚС) 16 пайыздан 12 пайызға де­йін төмендеді. Жеке табыс салығы (ЖТС) және әлеуметтік салықтар тиі­сін­ше 15-20 пайыздан 10 пайызға және 13-5 па­йыздан 11 пайызға дейін азайды. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер эко­но­миканы әртараптандыру, елдегі бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту, кө­леңкелі бизнестің жолын кесу және ел­дегі инвестициялық тартымдылықты арт­тыруға бағытталғаны сөз болған. 

2008 жылы отандық нарықтағы бә­секелестікке теріс ықпал етуде деген се­беп­пен жекелеген субъектілер үшін са­лық­тық жеңілдіктер мен преференциялар саны қысқартылды. 

Корпоративті табыс салығы 15 жыл бұрынғы мәнге оралмақ

Үкімет қазіргі 20 пайыздық корпо­ра­тив­тік табыс салығын 25-30 пайызға кө­теруді жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылға дейін аталмыш са­лық мөлшері 30 пайыз деңгейінде бол­ған. 

2007 жылы ел прогрессивті шкаладан 10 пайыздық біркелкі мөлшерлемеге көш­­ті. Жаңа кодекс жеке табыс салығы ставкаларының прогрессивті көп дең­гей­­­лі шкаласын қайтаруды жоспарлап отыр. Жобаның түсіндірме жазбасында прогрессивті шкаланың негізгі мәні – са­лықтық әділеттілік пен табысты қайта бөлу деп көрсетілген.

Салық кодексінің жобасының түсін­дірмесінде: «20 пайыздық мөлшерлеме басқа елдермен салыстырғанда төмен. Соңғы жылдары Қазақстанда КТС-тің тиімді мөлшер­ле­месі 2,9 пайыздан 3,8 пайызға дейін өзге­реді, мұның өзі төмен көрсеткіш. Мұның басты себебі – аумаққа байланысты жә­не жекелеген қызмет түрлері үшін белгі­ленген (лизинг, инвестициялық келісім­шарттар/келі­­сімдер бойынша эко­­­­­­­но­­ми­­­­ка­ның басым секторлары білім беру, меди­цина және т.б.) бірқатар са­­­лық­тық жеңілдік де­лінген.

ҰЭМ КТС бойынша сараланған мөл­шерлемелер «қызметтің кірістілігін және жалпы салық жүктемесін ескере оты­рып, ауыртпалық деңгейін әділ бөлу­ді» қам­тамасыз ететінін атап өтті.

«Қаржы секторы, ойын бизнесі, жер пайда­лану сияқты экономиканың кейбір салалары айтарлықтай табысты. Жаңа Са­лық кодексінің жобасын әзірлеу ке­зін­де экономиканың әртүрлі сала­ла­рын­да сараланған салық ставкаларына көшу, оның ішінде банктік және шикізат сек­торлары үшін, ойын бизнесі үшін салық ставкасын 25-30 пайызға дейін арттыру мәселесі қарастырылуда.

Halyk Finance сарапшылары Үкі­мет­тің КТС ставкалары бойынша ұсы­ныс­тарына «үлкен сұрақтар» қойды. Олар билік мұндай тәсілдің әділдігін не­­­гіздемейді, жекелеген салалар үшін КТС ставкаларын неге көтеру ке­рек­­тігін және осы салалар неге таңдал­­ғанын тү­сін­­­дірмейді деп санайды. Halyk Finance тау-кен және мұнай секторлары үшін КТС ұлғайтудың қажеті жоқ деп са­най­ды. Оның орнына барлық жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи шикізатты бастапқы өңдеушілер үшін үстеме пайда салығын қайтару ұсы­нылады.

Жеке табыс салығы қайта прогрессивті шкаламен есептеледі

2006 жылға дейін Қазақстанда жеке та­быс салығының ставкалары 5 пайыздан 20 пайызға дейін (5%, 10%, 15% және шек­ті мәндерден асып кетсе 20%) жете­­тін төрт сатылы прогрессивті шкаласы қол­данылды. 2007 жылы ел прогрессивті шкаладан 10 пайыз біркелкі мөлшер­­лемеге көшті. Жаңа кодекс жеке табыс салы­ғы ставкаларының прогрессивті көп дең­гейлі шкаласын қайтаруды жоспар­лап отыр. Жобаның түсіндірме жазба­сында прогрессивті шкаланың негізгі мә­ні салықтық әділеттілік пен табысты қай­та бөлу болып саналады деп көр­сетілген.

Ұлттық экономика министрлігінің мә­ліметінше, қазір пассивті кіріс пен жа­­ла­қыны арттырудың 3-4 сатылы шка­ла­сын белгілеу мәселесі қарастырылуда. 2006 жылға дейін қолданыста болған масш­табты қалпына келтіру жоспарда жоқ. Жоғары кірістер үшін мөлшер­­леме­лерді де жоғары етіп белгілеу арқылы тәуе­келдер азаяды. Мұндай жалақыны ірі квазимемлекеттік, тау-кен өндіруші компаниялардың, банктердің және бас­қалардың қызметкерлері алады, мұнда бар­лық операция ашық және жала­қы­­ны жасыру тәуекелдері аз. Сондай-ақ кірісті жасыру арқылы салықтан жал­­­тару­дың алдын алу құралдарының бірі – 2025 жылға жоспарланған жалпыға бір­дей декларациялауға толық көшу болмақ.

Сонымен бірге салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін жеке табыс салығын ұлғайту кірістерді жасыруға немесе кем көрсетуге (еңбекақыны са­лық­тар мен шегерімдерсіз «конвертте» төлеуге) әкелуі мүмкін екенін жоққа шы­ғаруға болмайды. Бұл тұрғыда ве­домство салық шкаласының нақты моделі және оны қабылдау мерзімі әлі де пысықтауды қажет етпек.

Мысалы, Halyk Finance сарапшылары біркелкі мөлшерлемеге көшу қате болды деп санайды. Сондықтан прогрессивті жеке салық салу шкаласы қоғамдағы кі­ріс­терді әділ бөлу үшін неғұрлым қо­лайлы әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырады деген пікірде. Сарап­шы­лардың пікірінше, прогрессивті шка­лаға оралу мұнайдан бөлек, бюджетке түсетін кірісті арттырады. ЭЫДҰ-ның 2020 жылғы есебінде Қазақстан ЖТС прогрессивті жүйесіне белгілі бір тәуе­келдер мен проблемалар жойылғаннан кейін ғана ауысатыны жайлы сөз болған. Баяндамада 2010 жылдан бері ұзақ уақыт бойы жалпыға бірдей табыс декла­ра­циясын енгізе алмағаны айтылған.

Қосымша құн салығы өзгереді

Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен ставкалардың бірі – 12 па­йыз. Ал Ресейде, Беларусь мемлеке­тінде, Арменияда – 20 пайыз, ЭЫДҰ елдерінде 27 пайызға дейін жетеді. Қа­зақ­­станда ҚҚС төлейтіндердің қатарына қосу шегі посткеңестік елдермен және ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда ең жо­ғары көрсеткіштердің бірі болып табы­лады. Яғни, 2022 жылғы 1 қаңтардан бас­тап 20 мың АЕК немесе 153,1 мың АҚШ доллары. 

Қазақстанда салық салудың оңай­ла­тыл­ған нысаны бойынша жұмыс істей­­тін жеке кәсіпкерлер үшін шегі бойынша жалпы ережеден ерекшелік бар. 

Бұл ретте әлемдік тәжірибеде әлеу­меттік маңызы бар тауарлар үшін сара­лан­ған мөлшерлемелер қолданылады. Алайда халықаралық тәжірибе көрсет­кендей, салықтық мөлшерлемесі жоғары елдерде жекелеген тауарлар үшін төмен ставкалар қолданылады. Бірақ бірнеше салық мөлшерлемелерінің болуы са­­лық­ты басқаруды едәуір қиындатады.

Экономиканың әртүрлі салалары үшін ҚҚС мөлшерлемесі әртүрлі болады деп жоспарлануда. Бұл ретте жаңа Салық кодексін қарау жөніндегі отырыстарда Uchet.kz негізін қалаушы Максим Ба­рышев ҚҚС мөлшерлемесінің ұлға­юына қарсы көзқараста екенін ашып айтқан.

Ол 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20 мың ҚҚС бойынша ең төменгі шекті мән белгіленгенін атап өтті. Бұл – жы­лына 69 миллион теңге немесе күніне 189 041 теңге.

«Яғни, дүкендерден сатып алатын азық-түлік, киім, аяқкиім, бензин секілді барлық тауардың құрамында ҚҚС бар. Бұдан түпкілікті тұтынушы зардап шеге­ді. Сонымен қатар адамның табысы тө­мен болған сайын соғұрлым қаржылық ауырт­палықты сезінеді. Мен ҚҚС мөл­шерлемесін көтеруге үзілді-кесілді қар­сы­мын», – дейді Барышев.

Сарапшы екі қазақстандықтың мы­салында түсіндіреді: біреуі 100 мың тең­ге, екіншісі – 10 миллион теңге табады. Бірінші тұтынушы қоржынында тамақ­тану шығындары мен қызметтерге база­лық қажеттіліктер толығымен осы 100 мың теңгені құрайды, оның ішінде бар­­лық жалақының 12 пайызы ҚҚС-на кетеді. Бұған дейін оның жалақысынан мем­лекетке басқа да салықтар төлене­­­тінін ескеріңіз.

Біздің екінші кейіпкеріміз табысы­ның шамамен 1/5 бөлігін негізгі қажет­ті­лік­­­терге жұмсайды, яғни 2 миллион тең­­ге. Қалған 8 пайызын бұл азамат де­по­­­­­зитке салады немесе инвести­­­ция­­лай­ды. Оған тиесілі ҚҚС шығындары тек 2,4 пайызды құрайды. Мысалдардан көріп отырғанымыздай, Қазақстандағы ҚҚС, әсіресе кедей қазақстандықтардың қалтасына қатты батады. Сарапшы «бөл­шек салықты әкімшілендірудің қара­пайым­дылығы мен жеңілдігі қазақ­стан­­дықтарға тауарлар мен қызметтерді са­­тып алу кезінде алты есе аз төлеу арқы­лы салық шығындарын үнемдеуге мүм­кіндік береді» деген пікірде. Нәти­­­жесін­де, мемлекет салықтарды жеңілдетіп, қыс­қарта отырып, бизнес-ортаны едәуір жақ­сарта алады, кәсіпкерлер салықтарды төлеудің түсінікті және қарапайым ере­желерін алады, ал азаматтар өз шы­­ғын­дарын едәуір қысқарта алады.

Арнаулы салық режимдерін реформалау

Жаңа салық кодексінде бұл бағытта келесідей тәсілдер ұсынылуда:

– ұқсас шарттармен режимдерді біріктіру;

– талап етілмеген режимдерді жою;

– нақты қолдану деректерін ескере отырып режимдерді қолдану шарттарын қайта қарау;

– бөлшек салық режимін жетілдіру.

Сондай-ақ ҰЭМ Арнайы салық ре­­жимдерінің санын қысқартуды көздейді. Ведомство өкілдері режимдердің, олар­­дың шарттарының, критерийлерінің ша­мадан тыс көптігі оларды қолдануды және салықтық әкімшілендіруді ай­тарлықтай қиындататынын айтты. Үкі­мет ұсыныстарында қалыптасқан халық­аралық салық салу практикасы шағын бизнес субъектілеріне қатысты екі негізгі тәсілді көздейтіні атап өтілген. Жеңілде­тілген салық салу – шағын кәсіпорындар үшін салықтардың барлық түрлерін сол күйінде қалғанымен, оларды есептеу мен өндіріп алу тәртібін жеңілдетуді көздейді.

«Бай-бағланға» бағытталған салық

Ведомство жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, алкоголь және темекі өнімдерін сәнді заттарға жатқызуды жос­­парлап отыр. Үкімет осындай зат­­­тарға салық салу тәсілдерін пысықтауда.

ҚР ҰЭМ мүлік, көлік және жанама салықтар бойынша жоғары ставкалар көптеген елдерде қолданылатынын атап көрсетеді. Мысалы, Қытай, Швеция, АҚШ және Франция секілді елдер мүлік, көлік және жанама салықтар арқылы сәнді тауарларға салықты күшейтеді. Кейбір елдер люкс санатындағы тауар­ларға жалпылама салықтан бөлек салық салады. 

Салықтық жеңілдіктер тиімділігі артпақ

Жалпы алғанда, мемлекеттің белгілі бір салық саясаты шеңберінде салықтық жеңілдіктер беруі орынды. Себебі мұн­­дай жеңілдіктер экономикалық дамуды ынталандырады және инвестиция тарту құралы ретінде қызмет етеді. Бірқатар жеңілдіктер әлеуметтік сипатта немесе тұтынушы шығындарын азайтуға бағыт­талады. Бірақ бұл жиналған салық кө­­лемін азайтып қана қоймай, салық төлеушілер арасында үнемі жеңілдіктерге арқа сүйейтіндей әдет қалыптастыруы мүм­кін. Қазақстанда салықтық жеңіл­діктер түсінігі нақты реттелмеген. 

Мысалы, 2021 жылы қолданылған салықтық жеңілдіктер мөлшері 8,1 трлн теңгені құрады. Оның ішінде тек тауар­лар экспортына ҚҚС нөлдік ставкасын қолдану есебінен 3 трлн теңге немесе 37 пайызды құрады. 

Halyk Finance сарапшылары салық­тық субсидиялардың көп бөлігі тиімді пайдаға аспағанын және бәсекеге қабі­лет­тіліктің өсуіне және экономиканың әртараптандырылуына алғышарт бола алмағанын атап өтті. Олар Қазақстандағы салықтық жеңілдіктер жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет деген пікірде. Сонда ғана салықтық әкімшілендірудің реп­рессиялық және сыбайлас жемқорлық сипаты жойылып, кейбір салық став­каларын ұлғайтудың да қажеті болмай қалуы мүмкін. 

Кәмила ЕРКІН