«Отан – отбасынан басталады» деген ұстанымды берік ұстанған, әсіресе дәс­түрлі құндылықтарды құнттаған ха­лық ретінде біз отба­сымыздағы жақын­да­рымызға жиі қол ұшын беріп, қорған боламыз, ын­тымақта болып, қолдау көрсетуге талпынамыз.
Кешіккендер – өмірге өшікпеңдер
730
оқылды

Өз кезегінде өзі­міз де сон­дай демеуді күтеміз. Мем­лекет жекелеген отбасылардың қосын­дысынан құралады десек, отбасындағы жекелеген адамдардың да жай-күйі маңызды рөл атқармақ. Әрбір азамат жас өлшеміне қарай әртүрлі кезеңді бастан кешетіні рас. Біз осы ретте «Сэнд­­вич ұрпағы» жөнінде сөз қозғамақпыз. 

«Сэндвич ұрпағы» деген кімдер?

Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы есіңізде ме? Басты кейіпкер – Қама­жай, ата-анасынан жастай айырылса да өмірге деген құштарлығы сөнбеген, алдынан шыққан қиыншылықтарға мойымай, артынан ерген бауырларына қамқор жан. Ол ендігі қалған өмірін тек бауырларына арнаймын деп жеке өмірін кейінге ысырады. Тіпті, өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс айтып кел­ген Қабен атты жігіттің сөзін де бауыр­лары үшін кері қайтарады. «Қабен ол...ол қиын сияқты, бауыр­ларымды қиып тастай алмаймын, олар әлі мен үшін бала, өздігінен өмір сү­ретініне күмәнім бар...» деген сөзі соның дәлелі болса керек. Шығармадағы Қама­жайды қазақ отбасындағы жанұя жүгін әрқа­лаған әрбір жанның жиынтық обра­зы деп қарастыруға болады. Өзі жеке отбасы болып, еншісін бөлек алып кет­кен адамдар да ата-ана алдындағы жауап­­кершілігін ұмытпай, ауырса, емханаға тасып, қаржыдан қысылса, ақшалай демеу болып жүретіні жасы­рын емес. Тіпті, сол әулеті үшін несие­ге батқан жандар да баршылық. Иә, біз сөз еткелі отырған ұғым да осындай жан-жақты жауапкершілікті мойымай мо­й­нына алған жандар туралы болмақ. Сонымен, «Сэндвич ұрпағы» дегенге келейік. Бұл терминді алғаш рет 1981 жылы әлеумет­танушы Дороти Мил­лер қолдан­ған және ол 45 пен 65 жас аралығындағы адам­дарды «сэнд­вич­тер» деп атаған. Бұл ұғымға бала-шағасы мен ата-анасын қамқор­лығын тең алған орта жастағы буын өкілдері кіреді. Әлеуметтану­шылар «Сэндвич ұрпа­ғының» жасын – 35-50 жас шама­­сындағы жандар деп есеп­тейді. Өйткені осы жас­тағы ер не­месе әйел адам­дардың өз балалары да бар және ата-анасының да көзі тірі бо­лып келеді. Бала­лары мен ата-анасы­ның жағдайын тең ойлаған жандар жоғары­да мысал еткен кейіпкер Қама­­жай секілді өз жеке бас өмірінен отбасы­ның өмірін жоғары қояды. Психолог­тердің пікі­рінше, адам­­дардың пси­­­­хо­­­­ло­­гиялық күйе­ліске көп ұшы­рай­тын кезеңі де, тіпті осындай ауыр жауап­­кер­шіліктен со­зылмалы ауруға шал­­­дыға­тындар да осы орта жастағы уа­­қыты екен. Бұл орта жас басында 30-40 жас аралы­ғында болса, кейіннен «сэнд­­­вич ұрпа­ғы» жасы 45-65 жасқа дейін созылған. Бұған себеп – жастардың кеш үйленуі. 

Ұлттық статистика бюросының са­рапшысы Бибігүл Мирасбектің ай­туынша, жігіттер мен қыздардың ал­ғаш­қы некеге тұру жасының ұлғаю қарқыны байқалады. «2023 жылдың қаңтар-мау­сым айларында республика бойынша 53 835 неке қиылды. Оның 64 пайызы – қала, 36 пайызы ауылдарға тиесілі. Мысалы, кейінгі 5 жылда ер­лер арасында 27,6 жастан 28 жасқа ұлғайды. Қыздар­дың орташа тұрмыс құратын жасы 25-тен 25,2-ге өскен. Отбасын құруға асық­пайтын жастар­дың дені Алматы, Қара­­­ғанды, Шығыс Қазақстан облыс­тарында тұрады», – дейді ол.

Жастар неге отбасын кеш құрады?

Жастардың кеш отбасы құруына да белгілі бір деңгейдегі болашақ отба­сының алдындағы жауапкершілігі себеп болатынын айтып өткеніміз жөн. Соңғы уақытта елімізде отбасын құруға ниетті жастар қатары азайған. Қазірдің өзінде үйлену жасына жеткен бойжеткен­дер­дің – 30, жігіттердің 40 пайызы – бойдақ. Ресми деректі бағдарласақ, 2012 жылдан бері тіркелген неке саны 164 мыңнан 128,5 мыңға дейін төмендепті. Қазір ерлер көбіне 32-33 жасында отбасын құрса, ал қыздар 30-ға таяп барып тұр­мысқа шығуда. Бұған екі тараптың ең әуелі «баспаналы болуым керек» деген себеп айтатынын атап өтуге болады. Ста­тистикаға сүйенсек, биыл 35-тен асып отбасын құрғандардың үлесі орта есеп­пен 19 пайызға жеткен. Сарап­шылар бұл жаста шаңырақ көтер­гендердің көбеюіне бұрын ажырасып, екінші рет некеге тұр­ғандар да қосылуы мүмкін екенін айтады.

Әлемде 13 секунд сайын бір отбасы ажырасса, ал елімізде әр үшінші шаңы­рақ шайқалады. Мамандардың зерт­теуін­ше, республикада жылына орта есеппен 140 мың азамат үйленсе, кейін оның 50 мыңы ажырасу туралы шешім қабылдайды. Айырылысуға бел буған­дардың үлесі жалпы тіркелген неке са­ны­ның 34,4 пайызын құрап отыр. Мұн­дай деректердің өзі болашақ жар таңдауда үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөз­сіз. Сарапшылар жастар отбасын құру­ға асықпайтын бұл үрдісті алдымен урбанизациямен, одан кейін инфляция­мен байланыстырып отыр. Олардың пікірінше, бұрын жастар алды-артына қарамай үйленіп, материалдық жағдайды сосын ойланатын болса, қазір жастар материалдық тұрақтылыққа қол жеткіз­геннен кейін барып саналы түрде отбасылы болғысы келеді. Тіпті, балалы болуға деген қорқыныш та басым екенін жасырмайтын көрінеді.

Жауапкершілік дегеннен шығады, қазіргі қоғамда азаматтық неке де жауап­кершіліктен жалтарудың бір кө­рінісі іспет­ті. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары әзірлеген «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасында респонденттердің «аза­маттық неке» құбылысына деген көзқа­растары «оң», «теріс», «бейтарап» деп аталатын үш топқа бөлініп, зерде­ленген. Азаматтық некені жақтайтындар көр­сеткіші – 28,3, оған қарсылар – 33,1, бей­тарап ұстанымдағылар үлесі – 32,8 пайыз. Зерттеуге еліміздің 17 өңі­рінен 1 200 адам қатысқан. Маман­­дар­дың айтуынша, бұл дегеніміз – елімізде әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін дегенді білдіреді.

Мамандар не дейді?

Қайтадан «Сэндвич ұрпағы» ұғымына оралайық. Жалпы, осы орта буын өкілдерінің осы бір құбылысты кезеңі жөнінде әлеуметтанушылар мен пси­холог­тердің пікірін білуді жөн көрдік. Мәселен, психолог Назгүл Темірғалиева бұл құбылысты «ұрпақтар теориясы» арқылы түсіндіріп беруге тырысты. 

«Ұрпақтар теориясын» америкалық ғалымдар Нейл Хоув пен Вильям Штраус 1991 жылы ойлап тапқан. Хоув-Штраус теориясы әрбір буынның психологиясы, болмысы, қоғамдық, саяси көзқарас­тарына өз заманының құндылықтары, тәрбиесі, үй ішіндегі тәрбиесі әсер етеді деп пайымдайды. Себебі әрбір буынға, ұрпаққа сай көзқарастар мен құнды­лықтар жиынтығы сай келеді. Осы тео­рияға салатын болсақ, бүгінгі Қазақ­станда бірнеше ұрпақ өкілі ғұмыр кешіп жатыр. Мәселен, «Сэндвич ұрпағы» Х ұрпақ пен Z ұрпақтың ортасындағы Ү ұрпақ деп айтуға болады. Бұл орта жастағы адамдар онсыз да күйзеліске бейім келеді. Себебі ер адам 40 жасында өз-өзіне «мен кіммін?», «кім боламын?», «қандай жетістікке жеттім?» деген секілді сұрақтарды өзіне қоя бастайды. Ал әйел адамдарда осы жаста сұлулықтарынан айырыла бастағандықтан, «қартайып барамын» деген күйзеліс басым болады. Енді осы жағдайға жаңағы отбасындағы туындайтын мәселелерді қосыңыз. Сондықтан да «сэндвич ұрпағы» деген мәселе күрделі болып көрінуі заңды құбылыс», – дейді ол. 

Ал әлеуметтанушы Ернұр Молдашев «сэндвич ұрпағының» басты мәселесі әлеуметтік жағдайға келіп тірелетінін, бұл мәселені шешуге мемлекет те мүдделі екенін жеткізді. 

«Бұрын отбасы деген адам өміріндегі ең маңызды институт болатын. Қазір де сондай ғой. Бірақ бұрын оның ауқымы кең, маңызы жоғары болды. Адамның басты қажеттіліктерін қанағаттан­­дыра­тын жалғыз институт осы – отбасы бол­ды. Мысал келтірейін. Бұрында бала дүниеге келген кезден бастап әулеттің бақылауында, қамқорлығында болды. Әйел босанарда абысындары, жеңгелері болысып, ауырса емдеп, аяқ-қолын ерте жиып алуға көмектесті. Кейін ер адамдар оның шілдехана тойын ұйымдастырып, үйленгенге дейін оның жан-жақты білімді, қайратты болып өсуіне ықпал етті. Тіпті, ер-жігіт үйленер кезде де оның болашақ жарын үлкендер таңдап, жеңгелері арқылы екі жастың отау құ­руына себепкер болды. Ер-азамат әйелі­нің, отбасының негізгі асыраушысы болды. Ол кезде балабақша жоқ. Баласын бағуды ата-әжесі мойнына алды. Осы­лайша, ол адам белгілі бір ортаның қамқорлығын сезініп жүреді. Өз кезегін­де өзі де сондай жауапкершілік арқа­лайды. Яғни, адам туғаннан бастап дүниеден қайтқанға дейін белгілі бір ортада өмір сүреді, сол ортаға тәуелді болады. Ол ортадан бөлініп кететін болса, оған басқа балама жоқ. Кейіннен бұл жағдай өзгере бастады. Бұған себеп – мемлекеттің күшеюі. Яғни, белгілі бір деңгейде мемлекет бұрынғы әулет орын­дап келген кейбір мәселелерді өз мойны­на алды. Бірақ мемлекет батыс елдердегі секілді бұл сатыға толық өткен жоқ. Мәселен, Еуропада болсын, АҚШ-та болсын балаларға және қарттарға арналған арнайы орталықтар бар. Егер қаражатыңыз жетсе, сіздің орыныңызды алмастырып береді. Ал біз ондай дәре­жеге жете қойған жоқпыз. Яғни, мемле­кет отбасындағы сіз атқаратын кейбір міндеттерді атқара алмайды. Сондықтан жаңағы «сэндвич ұрпағының» қиын­дықтарын кешуге мәжбүрсіз. Сонымен қатар дәстүрлі отбасы институтының кейбір нормалары да әлі бұған дайын емес. Мысалы, сіз ата-анаңызды қарттар үйіне өткізуді былай қойғанда, балаңызға бала күтуші жалдасаңыз «неге өзі тәр­биелемейді» деген сөзге қаласыз. Яғни, белгілі бір жағдайда «сэндвич ұрпақ­тарының» қиналуын құптайтын орта бар. Екіншіден, мемлекет пен бизнес те өзге балама ұсына алмауы да бұл мәсе­ленің туындауына алып келеді. «Сэндвич ұрпақтарының» басты мәсе­лесі әлеу­меттік жағдайға барып тірелетін болса, мемлекет те капиталистік елдер­дегідей түрлі қызмет түрін сізге ұсынуы, жағдай жасауы шарт», – дейді ол. 

Мамандар «сэндвич ұрпақтарына» COVID-19 пандемия кезеңі ауыр тигенін атап өтеді. Себебі бұл уақытта балалар онлайн оқу жүйесіне көшіп, ата-аналар қатты науқастанып жатты. Бір жағынан балалардың білімі үшін бас қатырып жүрсе, екінші жағынан вирус иектеген ата-аналарының жағдайы осы бір орта жас өкілдерін әжептеуір сансыратты. 

«Сэндвич ұрпағына» қандай көмек керек?

Көз алдыңызға сэндвичті елестеті­ңіз. Үстіңгі жағы – ата-әже, астыңғы жағы – бала-шаға. Ал ортаңғы жағында ерлі-зайыптылар. Енді осы ортаңғы жақ­тағы «сэндвич ұрпағы» мұндай ауырт­пашылықтың жолын қалай шешуге бо­ла­ды. Бұған алыстан тарих қопарудың немесе танымал психологтің көмегінің аса керегі жоқ. Тек қазақ дәстүріндегі бұ­рыннан бар немересін ата-әжесіне тәр­бие­лету арқылы бірқатар жеңілдік сезінуге болады. Өкінішке қарай, ата-аналар әрқашан үлкен туыстары арқылы қабылданатын және берілетін маңызды құндылықтар туралы ойламайды. Ата мен әженің көмегін пайдалануға мүм­кінд­ік немесе ниет болмаса, аналар мен әкелер күтушілердің немесе тәрбие­шілердің қызметтеріне жиі жүгінеді. Бі­рақ аға ұрпақтың немерелерін дамыту мен тәрбиелеуде атқаратын маңызды рөлдері туралы ұмытпаған жөн. Мұндай үрдісті ғалымдар да қолдайды. Мәселен, француз әлеуметтанушылары жүргізген зерттеуге сәйкес, сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 47,8% үшін құндылық­тарды, сенімдерді және дүниетанымды беру маңызды екені белгілі болған. Окс­форд университетінің зерттеулері де ата-әжелер баланың әл-ауқатында маңыз­ды рөл атқаратынын көрсетті. Өмірінде бел­сенді ата-әжесі бар бала­лардың эмоцио­­­налды және мінез-құлық проб­лемалары аз болады екен. Сонымен қатар үлкен кісілерге балалармен ара­­ласуы ұзақ өмір сүруінің бірден-бір кепілі екен. Ғалымдар немерелеріне күтім жасау егде жастағы адамдардың өмірін орта есеппен 5 жылға ұзартуға көмектесетінін анықтады. 

 

ТҮЙІН: 

Ресейдегі 45-65 жас аралығындағы адамдардың 80%-ы «сэндвич ұрпақ» және бұлар негізінен әйелдер екені анықталған. 2021 жылы экономика ғылымдарының кандидаты Марина Карцева 45 үй шаруашылығына әсер еткен сэндвич ұрпақтарына зерттеу жүргізген. Респонденттер уақыттарын қалай өткізгендерін сипаттайтын екі күнделік толтырған. Біріншісі – жұмыс күні, екіншісі – демалыс күні. Анықталғандай, ресейліктердің 7,9%-ы сэндвич синдромымен ауырады, олардың көпшілігі 30-39 жаста, олардың 72%-ы әйелдер болған. Әлеуметтанушы Елена Здравомыслова балаға да, қарт адамға да қамқорлық жасайтын адамдардың нақты санын анықтау өте қиын деп есептейді. «Сэндвичтер» өз жағдайын өмір нормасы деп санайды. Олар бірден екі ұрпаққа қамқорлық жасауды табиғи және қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Әлеуметтанушының айтуынша, 45 пен 65 жас аралығындағы ресейліктердің 80%-ға жуығы екі есе жүктемені бастан кешіруі мүмкін. Ал Америка Құрама Штаттарындағы әрбір ересек 10 адамның 1-і «сэндвич ұрпағы» саналады екен. Бір топ америкалық ғалымның зерттеуі 2021 жылы америкалық ересектердің 40%-ын сэндвич ұрпақтары қатарына жатқызуға болатынын көрсетті. Олардың 70%-ы психикалық денсаулығының нашарлауына шағымданған. Ал бізде мұндай зерттеулер жүргізіле ме екен? Дегенмен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген әрбір адам ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмаса деген тілегіміз бар.

Наурызбек САРША