Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәсіпкерлік саласын дамыту бағытын назардан тыс қалдырған емес.
«Даму» бастаған бастама
666
оқылды

Ол өз сөзінде экономикалық саясаттағы кәсіп­керлердің рөлін атай келе: «Экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші – шағын және орта кә­сіпкерлік болуы тиіс», – деді.  Осы ретте мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі саясатын жүзеге асыра отырып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы бизнеске, оның ішінде кәсібін жаңа ашқандарға мемлекеттік қолдау көрсетудегі жұмысын белсенді жалғастыруда. Қор құрылған кезден бастап Қазақстан бойынша жалпы несие сомасы 11,4 триллион теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес жобаны қолдаған.

Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуының серпінді ілгерілеуіне ықпал етеді. Мемле­кет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отан­дық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, халық­ты жұмыспен қамту саны артып, тауарлар импорты азая бастағаны байқалады.

Осыған байланысты «Даму» қоры бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, Ас­тана қаласы бойынша мемлекеттен қолдау алып, бүгінде  сәтті жұмыс істеп, ел экономикасын дамы­туға үлес қосып жүрген кәсіпорындарда баспасөз турын ұйымдастырды.

 «Даму» қоры Астана қаласы филиалының басшысы Светлана Назарюк кәсіпкерлікті дамыту қоры екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен кредиттеу, бизнесті дамытуға бөлетін кредиттің сыйақы мөлшерін субсидиялау, банк алдындағы кепілзаты жетпеген жағдайда жартылай кепілдеме беру қызметі кіретінін атап өтті.

«Кәсіп бастайтын және кеңейтетін іскер азамат­тарды тиімді шарттармен қолдап, экономиканы әртараптандыруға, өнім шығаратын кластер құруға, жоғары технологиялық өндіріс дамытуға үлес қосамыз. Астана қаласы әкімдігінің демеуімен шағын және орта кәсіпкерлік ілгерілеп, кәсіпкерлер қолдау шараларын сезінуде. Сондай кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысамыз», – деп пресс-турдың негізгі мақсатымен таныстырды.

Елордада бизнесті қолдау және дамыту бағдар­ламасы іске қосылғалы кәсіпкерлердің 7,6 мың жо­басын субсидиялауға 759,8 миллиард теңге қарал­ды, ал 4,4 мың жобаны кепілдендіруге 68,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өте ауқымды әрі маңызды көр­сеткіш. Өйткені қордан қолдау тапқан жобалардың ар­қасында қаншама жұмыс орны құрылып, бас қа­ла­ның қазынасына түсетін салық мөлшері артқаны анық.

Алдымен өндіріс аумағында орналасқан «АРКО ГРУПП 2011» ЖШС-ның өндірістік цехына барып, на­рыққа сусабын түрлерін шығаратын өндіріс орнымен таныстық. Компания басшысы Аслан Смаилов өндірісте 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтты. 

«Жұмысшылар 300-500 мың аралығында жалақы алады. Компанияның жылдық тауар айналымы – 400 миллион теңге. Біздің өнім ассортиментіне 20-дан астам тауар атауы кіреді. Олар: жуу және тазалау құралдары, сұйық крем-сабын, кір жуғыш ұнтақтар, мата жұмсартқыштар, сондай-ақ автохимия. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан жеңілдік алып, кәсіпті кеңейтіп, өзіміздің өндірістік базамызды құрдық.  Істі қолға алған жылы First Heartland Jusan Bank арқылы 21 пайызбен қарыз алдық. Әрине, екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлерді кредиттеуі маңызды. Бірақ пайыздық ставкасының жоғары болуы көп кәсіпкерлерге өте ауыр болады. Сосын «Даму» қорына жүгініп, 15 пайызын субсидиялауға мүмкіндік алдық. Өндірісті кеңейту үшін Halyk Bank-тен кредит алдық. Мұны да қордың субсидиялауына жүгіндік. Сөйтіп, «Даму» арқылы дамудың жолын тауып келеміз. Ендігі мақсат – өндірісті автомат­тандыру. Бұл бойынша да қорға арқа сүйейміз», – дейді серіктестіктің директоры.

Одан кейін Астана қаласында өндіріске керекті бетперде шығаратын алғашқы компания MFA International ЖШС жұмысымен таныстық. Жылдық қуаты 11 миллион дана  бетперде  шығарады. 20 адам­­ды тұрақты жұмыспен қамтып отыр екен. Әлемде MeltBlown фильтрімен бетперде шығаратын санаулы өндіріс орны саналса, соның бірі аталған компания. Компанияның коммерциялық директоры Ерсұлтан Бурхановтың айтуынша, FFP1, FFP2 және FFP3 класындағы өнеркәсіптік және медициналық респираторды шығарады. Яғни, әртүрлі сүзгісі бар, әртүрлі қауіп санаты үшін тыныс алу органын қорғау құралын өндіреді. Бұл  бетпер­делерді медицина қызметкерлері, кеншілер, метал­лургтер, автокөлік жүргізушілері мен цементшілер жиі қолданады.

Келешекте кәсіпорын толық қуатпен жұмыс істесе, жасанды интеллект компонентін қосуда ізденіс жасауда екен. 

Қорыта айтқанда, кәсібін өрге домалатамын немесе кәсіп ашамын деген әрбір кәсіпкерге мемле­кет тарапынан көрсетілетін көмек түрі өте көп. Ал осы мүмкіндіктерді құр жібермей, тиімді пайдалана білу  әр кәсіпкердің қаперінде болуы тиіс. Сонда ғана ұтымды кәсіпкерлік құрылып, ел эконмикасы ай­тарлықтай алға жылжитыны сөзсіз.

Наурызбек САРША