Жердегі ең әсем және тылсым құбылыстың бірі – поляр шұғыласы. Түрлі түспен алаулаған шұғыланы күн желінің зарядталған бөлшектері соғылуы әсерінен атмосфераның жоғарғы қабатындағы молекулалар мен атомдар шығарған сәулелер туғызады. «Солтүстік немесе оңтүстік шұғыласы» деп те аталатын жарқырау Жердің магнит полюстері маңында, яғни 65–70° ендіктерде көрінетіні белгілі. Алайда Күн белсенділігі артқан кезде атмофераның сәулеленуін орта, тіпті төмен ендік тұрғындары да көруі мүмкін.
Иә, солтүстік шұғыласы мың жылдар бойы адамдарды таңдандырып келді. Полярлық шұғыла алғаш рет 30 мың жылдық кроманьнон үңгірлеріндегі суреттерде бейнеленген. Бұл туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 2600 жылғы көне қытай жазбаларында кездеседі. Физикалық анықтамасына келсек, полярлық шұғыла немесе Cолтүстік шұғыласы – Жер атмосферасының ионосфера қабатында байқалатын жарқыл. Полярлық шұғыла ғарыштан келетін жоғары энергиялы зарядталған бөлшектердің (электрондар мен протондардың) атомдармен және молекулалармен әрекеттесуі (90–1000 шақырым биіктікте) нәтижесінде пайда болады.
Ал еліміздің көгінен көрінген теріскей шұғыласына мамандар не дейді? Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Бекдәулет Шүкірғалиев университеттің Ассы-Түрген астрофизикалық обсерваториясының аумағында орналасқан NU Transient Telescope арнайы мамандандырылған телескопы (NUTTelA-TAO) барын айтады.
«Бұл орбиталық ғарыштық обсерваториялардан келетін сигналдарға автономды түрде жауап алуға арналған телескоп және ол әр бұлтсыз түндері бір жылдан астам жұмыс істеп жатыр. Ғарыштық обсерваториялар бір секунд ішінде терең ғарыштан өте күшті жарылыстардың орындары туралы ақпарат жібереді. Мұндай оқиғалар өте тез жүреді, жарқын сәуле әдетте бір минуттан кейін жоғалады, бұл оқиға қарапайым телескоптарға өлшеулерді бастау үшін тым жылдам. Өткен түнде Қазақстан аймағында бақыланған солтүстік шұғылалар терістіктегі мемлекеттер үшін әдеттегі жағдай болғанымен, Қазақстан аймағында өте сирек кездеседі. Бұл Күнде болатын магниттік белсенділіктерге байланысты болады. Қараша айының 2-3-ші күндері өте үлкен белсенділік байқалды. Сол кезде Күннен бөлініп шыққан жоғары энергиялы зарядталған бөлшектер өткен түнде жердің магнитосферасына жетті. Сол жоғары энергиялы бөлшектер магнитосферадан өтіп атмосфера молекулаларымен әсерлескенде түрлі түсті сәулелер шығарады. Бұл жолғы магниттік дауылдың қуаты өте үлкен болғандықтан солтүстік шұғыласы оңтүстік аймақтарда да байқалып отыр. Алматыда орналасқан Ионосфера институтының детекторлары геомагнитті дауыл индикаторы болып табылатын К-индексінің 9 ұпайдың 7-іне дейін жеткенін бақылады. Бұл көрсеткіштерді Фесенков атындағы Астрофизикалық институттың арнайы парақшасында (ssa.fai.kz) көруге болады», – дейді ол.
Аспанның қызыл түске боялған сәтін еліміздің әр өңіріндегі Қазнет қолданушылары бөліскен. Қазақстанда пайда болған поляр шұғыласына «Қазгидромет» РМК да өз пікірін беріп үлгерді. «Поляр шұғыласын күннен бөлінген зарядталған бөлшектер атмосфераның жоғарғы қабатындағы сирек газдарға әсер еткенде байқауға болады. Солтүстік шұғыла – геомагниттік белсенділіктің нәтижесі. Бұл метеорологиялық құбылыс біздің ендігімізге тән емес және Қазақстанда өте сирек болады», – деп жазылған хабарламада.
Қазақстандықтар биыл көктемде де осындай құбылысты байқаған еді. Сол кезде бұлттар әдеттен тыс жарқылмен жарықтанып, кенет жоғалып кеткен еді. Мамандардың айтуынша, Күн белсенділігі биыл елеулі артқан. Күннен үзілген протуберанец заты жексенбіде 21:40 шамасында Жерге жеткен. Бұл соңғы 20 жылдағы ең қуатты магнит дауылының бірін туғызған. Нәтижесінде, әдетте биік ендіктерде ғана көрінетін поляр шұғыласын 6 қарашаға қараған түні орта ендік тұрғындары да тамашалап отыр.
Иә, түнде бақыланған поляр шұғыласы соңғы 20–30 жылдағы ең жарқын әрі ең оңтүстік аврора ретінде бағалануда. Дегенмен екі жыл бұрын да осыған ұқсас құбылыс байқалған. Мысалы, 2021 жылы 2 қарашада Күнде M1.7 балдық жарқыл болып, плазма бұлты атылған екен. Зарядталған бөлшектер ағыны екі тәуліктен соң Жерге жетіп, күшті геомагниттік дауыл туғызды. Сол себепті поляр шұғыласы төмен ендіктерден-ақ, мысалы, Калифорния штатындағы Линкольн (39° солтүстік ендік) мен 45° оңтүстік ендікте орналасқан жаңазеландиялық Данидин қалаларынан бақыланды. Шұғыла Ресейдің көптеген аймақтарында, тіпті 52° солтүстік ендіктегі Иркутск облысында да көрінді.
Ал «Солтүстік шұғыла астанасы» деген атаққа ие Норвегияның Тромсё қаласында (69° с.е.) жаңбыр жауып тұрса да, жолы болғыш кейбір фотографтар әдемі сурет түсіре алды.
Әлеуметтік желіде тарап кеткен фотолардың көбін Нұрқанат Шаймұратұлы Ақмола облысы Ерейментау ауданында (51°37 с.е.) түсірген. Біз фото авторымен байланыса алмадық. Бірақ осындай әр өңірдегі табиғат құбылыстарын фотоаппаратының көзінен тыс қалдырмауға тырысып жүрген фотограф Андрей Тюшинмен аз-маз пікірлесіп үлгердік.
«Мұның бәрі салыстырмалы түрде ұзақ уақыт бұрын астрофотографияға қызығушылықтан басталды. Ұзақ уақыт бойы мен әртүрлі табиғат құбылыстарын тек процестер физикасы тұрғысынан ғана емес, фотограф ретінде де зерттедім. Әрине, кез келген фотограф сияқты, мен ерекше нәрсені түсіргім келді. Осы ретте қызығушылығым солтүстікте жиі кездесетін құбылыс, бірақ өте сирек жағдайларда ортаңғы аймақта көрінетін Аврора шұғыласына ауды. Мен бұл оқиғаны болжау үшін арнайы сайттарда күннің жарқырауын қадағалай отырып, шұғыланың неден пайда болатынын зерттей бастадым. Алғаш рет 2022 жылдың тамызында мақсатыма жеттім. Содан кейін ұзақ айлар үзіліс болды. Сосын күтпеген жерден екінші рет сәттілік сағаты туды. Сәуір айында Батыс Қазақстан облысындағы дәл сол шұғыланы суретке түсірдім. Теориялық тұрғыдан бұл мүмкіндік өте аз болды, бірақ соған қарамастан, бұл көптеген факторлардың қолайлы сәйкестігінің арқасында мүмкін болды. Кеше, айтпақшы, бұл құбылыс тіпті кең ауқымда қайталанды. Бәлкім, келесі 1,5-2 жылда тағы қайталанатын шығар.
Болашаққа арналған жоспарларға келетін болсақ, өз кәсібімді дамыту, жұлдызды аспанның ең әдемі бөлігі бар жаңа жерлерді іздеу. Ресей мен Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де, астрономияны танымал етуге деген ұмтылыс бар. Ғылым ретінде өз көзіммен көрген, ғылым түсіндіре алатын таңғажайып құбылыстарды адамдарға түсіндіру, баяндау», – дейді ол.
Жалпы, табиғат құбылысына 1619 жылы ғана латынша aurora borealis деген ат берілген. Бұл атауды атақты ғалым Галилей қойған. Сол уақыттарда ғалымдар солтүстік шұғыласын таңда Күннің шығуы кезінде пайда болатын құбылыс деп есептеген. Бірақ ғылым дәлелдегендей шұғыла тек Күннің шығуымен пайда болатын құбылыс емес. 1749 жылы ғалымдар Күн циклдерін зерттей бастады. Нәтижесінде, Күн бетінде дақтар пайда болғанда Солтүстік шұғыла қатты жарқырап көрінетінін анықтады. Галилей мұндай табиғат құбылысына Римнің «Таң құдайы» мен гректердің «Жел құдайы» аттарын біріктіріп берген деседі.
Бүгінде солтүстік шұғыла – Aurora borealis деп аталса, ал оңтүстік шұғыласы Aurora australis деп аталады. Осылардың арасындағы ең көп көрінетіні жасыл-сары түсті шұғыла оттегі мен Күн молекулаларының өзара әрекеттесуінен жерден 240 шақырым биіктікте пайда болады. Егер Күн молекулалары азотпен өзара әрекеттессе, аспанда қызыл немесе көк түс пайда болады. Ал олардың басқа түстерін тек арнайы құрылғылар арқылы ғана көре аласыз. Сәулелік пішіндердің орташа қалыңдығы 200 метр, жарық артқанда, ол кемиді. Полярлық шұғыланың спектрлік құрамы ендікке байланысты өзгеріп отырады. Шұғылаларды зерттеу, біріншіден, Жерге жақын ғарыш кеңістігіндегі процестер туралы ақпарат жинауға, екіншіден, оптикалық сәуле шығарулары бойынша ғарыш бөлшектерінің ионосфераға әсерін анықтауға мүмкіндік береді.
Ғажайып табиғат құбылысы кейде бұлт сияқты, кейде толқын, спираль, және горизонт түріндегі түрлі пішінде көрінеді. Осыған байланысты әр халықтың өз наным-сенімдері бар. Мысалы, Финляндияда оларды «Отты түлкілер» деп атаса, Шотландияда «Періште», Скандинавияда оны балық аулаудың сәтті өтетінінен хабар беретін құбылыс ретінде қарайды. Инуиттер болса, оларды «Түнгі аспанда билейтін жануарлар» деп атайды екен.
ТҮЙІН:
2019 жылғы минимумнан кейін Күн белсенділігі біртіндеп артып келе жатқандықтан, мұндай құбылыс енді жиірек болуы мүмкін. Поляр шұғыласы 2015 жылы Қазақстанның солтүстігінде (53–55° с.е.) көрінгені есімізде. Күн белсенділігі шыңына 2025 жылы жетеді деп күтіледі. Демек, мұндай оқиғалар жиілей бермек. Дегенмен алып Анамыз – Жер планетасы аман болсын деп тілейміз! Әрқашан Күн сөнбесін!
Наурызбек САРША