Таяуда оңтүстік астанада математика саласы бойынша бастауыш және орта сынып оқушылары арасында кіл мықтылар анықталды.
Qalan: кіл жүйрікте кім жүйрік?
966
оқылды

Жаз айларында бастау алған Qalan республикалық олимпиадасында еліміздің түкпір-түкпірінен 30 мыңнан аса оқушы бақ сынады. Кезеңдер барысында үздік деп іріктеліп алынған балалар Алматы қаласында бас қосты. Математикалық олимпиада төрт кезеңнен тұрады. Оның алғашқы үш кезеңі қашықтан өткізілген. 

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 7,5 млн теңге. Оның ішінде 2-10 сынып ара­лығында әр сыныпқа 1-орын иегері үшін – 500 мың теңге, 2-орын – 200 мың теңге, 3-орын – 100 мың теңге көлемінде ақша­лай жүлде табысталды. Сондай-ақ сайыс кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен өзге де оқушыларды ынталандыру мақсатында QalanSchool онлайн мектебінде білім алуға  грант берілді. Айта кетейік, математиканың үздіктерін анықтайтын білім додасы биыл алғаш рет өтті. Олимпиаданы ұйымдас­тыру­шылар орта білім беретін мектеп оқу­шыларының терең математикалық бі­лі­мін жетілдіруді көздейді. Qalan.kz негі­зін қалаушы Асқар Болат елімізде мате­матика секілді фундаменталды білім бас­та­маларын қаржыландыру жағы ақсап тұр­ғанын атап өтті. Осы мәселені қолға алу мақсатында математика олимпиадасын өт­кізіп, сыйлық қорына қаржы бөлуді ұй­ғарыпты.

– Біз гранттарды мықтылардың мық­ты­сы алсын деген мақсатта жүлделерді то­лықтырып, осы олимпиаданы ұйымдас­тырдық. Сайыстың төртінші кезеңіне дейін жеткен 150-ге жуық оқушы бүгін Алматы қаласына келді. Бірінші кезеңде жеңіл, екінші кезеңде орташа, үшінші кезең бойынша күрделі деңгейдегі тапсыр­малар берілді. Бұл олимпиаданың басты талабы – әділ өткізу. Себебі мектеп олим­пиадаларының әділділігі мен ашықтығына күмәнмен қарайтындар көп. Жарыстың мақсаты – жас таланттарға өз білімін көрсетуге мүмкіндік беру, математикаға қызықтыру, шығармашылық, сыни ойлау және тез ойлану дағдыларын қалыптастыру. Грант иеленген балалар мектебімізде күр­делі, логикалық, олимпиадалық есептерді үйренеді, – дейді Qalan.kz негізін қалаушы А.Болат.

Шарада Qalan өкілдері математиканы оқытудағы ІТ мен жасанды интеллекті жайында тәжірибесін бөлісіп, болашаққа қойған жоспарын баяндады. Жаңа өнімдерін таныстырып, білім саласындағы трендтерге тоқталды. Сонымен қатар ата-аналарға арналған тренинг барысында сарапшылар профориентация, баланың қабілетін ашу және білімге ынталандыру,  ата-ананың балаға тиімді көмектесуі жайында пікірін бөлісті.

Атап өтерлік маңызды жайт, олим­пиада­ның тағы бір ерекше тұсы – мате­матика ғылымын насихаттайтын журнал­дың жарыққа шығуы. Жиында белгілі математик, академик Асқар Жұмаділ­даев­тың басшылығымен шыққан «әл-Жәбрдің атасы» атты журналдың тұсаукесері өтті. Журналға Ұлттық ғылым академиясы қолдау білдіріп, Qalan.kz жобасы қаржы­ландырды. Алғашқы саны 2 мың данамен жарық көрді. Олимпиаданың марапаттау рәсімі алдында Асқар ағамызбен сұхбат құрып, журнал жайында аз-кем ақпаратқа қанық болдық. Оның сөзінше, қазір ғылымға бағытталған журналдар некен-саяқ.

– Қазақстанда мыңдаған газет-журнал шығады екен. Бірақ олардың арасында ғылымға арналған бірде-бір журнал жоқ. Бұл журналды шығару – менің арманым болатын. Бүгін міне, Qalan платформасы­ның арқасында математика-физика, жалпы жаратылыстану ғылымдары туралы жаңа танымдық  журнал шығару мүмкіндігі туды. Ең бірінші мақсатым – жастарды ғылымға баулу. Журналдың ішінде бірнеше айдар қамтылған. Атауын «әл-Жәбрдің атасы» деп қойдым. Мұндай атау берген себебім – алгебраның атасы Мұхаммед әл-Хорезмидің «әл-Жәбр» атты еңбегі болған. әл-Хорезми – Арал теңізінің бойында туған, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл. Иран мен Тұранға ғана емес, бүкіл әлемге ортақ тұлға. Атамыздың атын алу – біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан затына сай журнал шығарайық деп шештік. Журналымыз халықтық дүние болсын. Ғылым мен білімді дамытуға бар жігерімізді салайық, - дейді А.Жұмаділдаев.

Қазылар алқасының қорытынды ше­шімімен төрт кезеңнен сүрінбей өтіп, үздік деп танылған оқушылар ақшалай жүлде қорымен марапатталды. 30 мыңнан аса оқушының арасынан суырылып шыққан жүйріктердің бірі – Серік Асылмұрат. Аста­на қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы (NIS IB) математика­лық олимпиаданың 6-сынып оқушылары арасында өткен сайыста 1-орын иегері атанды. Жас өренді бағындырған белесі­мен құттықтап, әңгімемізге тарттық.

– Алғашқыда бірінші, екінші кезеңдер бойынша 1-орын алып, үшінші сатыда да жақсы көрсеткішке қол жеткіздім. Төр­тінші кезең өзгелерге қарағанда күрделірек болды. Мұнда жеті есеп берілді. Жетеуі де ашық сұрақтар. Біз сол сұрақтардың жауа­бын тауып, толық шешімін жазуымыз керек. Бұл олимпиаданың өтетіні жайлы маған анам айтты.  Өзіме сенімді болдым. Осы уақытқа дейін біршама олимпиа­да­лар­ға қатыстым. Математика саласына жас­тайымнан қызығып өстім. Себебі ме­нің әкем мен ағаларым да осы салаға бе­йім­делген, – дейді олимпиада жеңімпазы С. Асылмұрат.

Qalan.kz – математиканы IT және педа­гогиканың көмегімен оқытатын онла­йн-тренажер. Математиканы қашықтан оқыту бойынша нарық көшбасшысына айналған жоба.  Платформада 324 мыңнан астам қолданушы болса, оның 12 мыңға жуығы персоналды оқыту әдісімен білім алуда. 2022 жылы платформадағы есептер орыс тіліне аударылып, ТМД аясында сатыла бастады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, биыл Ресей, Татарстан, Башқұрт­стан, Өзбекстан мемлекеттерінен порталға қызығушылар саны артқан. Сондай-ақ мұндай шаралар – әлемдік додаларға шы­ғуға дайындалатын алаң құруға мүмкіндік береді.  Платформа негізін қалаушылар ба­лалардың зияткерлігін дамытуға күш салатын осынау жобаны халықаралық олим­пиадаға айналдыруды жоспарлап отыр. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

Суреттерді түсірген: Максим Морозов