Ұлыбританияда өткен жасанды интеллектің қауіпсіз қызметіне арналған саммиттен кейін тағы бір чат-бот іске қосылды. Tesla-ның бас директоры, SpaceX және X-тің қожайыны миллиардер Илон Маск Grok атты чат-ботын іске қосатынын жариялады. Масктің xAI стартапы жасаған чат-боты өзінен бұрынғы үлгілерден ерекше болмақ.
Илон Маск жаңа әзілқой чат-бот шығарды
827
оқылды

Илон Масктың xAI жасанды интеллект стартапы өзінің алғашқы жасанды интеллект үлгісін шығарды. Технологиялық миллиардер Twitter-мен (қазір X деп аталады) тығыз біріктірілген чат-ботты шығарғаны туралы Financial Times басылымы жазды. Aikyn.kz қаржылық басылымға сілтеме жасай отырып, жаңа чат-боттың қызметін бағалайды.

Фото ts2.space сайтынан алынды

Ағылшынның grok сөзіне кең түсініктеме беруге болады: интуитивті немесе эмпатия арқылы түсіну, қарым-қатынас орнату мен жанашырлық таныту, терең ұғыну, түпкі мәніне үңілу. Жалпы алғанда, барынша түсіну деген мағынада айтылады.

Жасанды интеллект жүйесіндегі Grok осыдан бір жыл бұрын Маск 44 миллиард долларға сатып алған X (Twitter) әлеуметтік медиа платформасындағы барлық ақпаратты нақты уақыт режимінде қолдана алады.

4 қарашадағы кешкі хабарламасында Маск бұл жаңа чат-ботқа «басқа модельдермен салыстырғанда үлкен артықшылық беретінін айтқан. Өйткені олар «интернет деректердің ескі мұрағаттарына сүйенді».

Сонымен бірге Маск Grok-тің «сарказмді жақсы көретінін» және әзілқой екенін де айтқан. Жаңа чат-бот басқа жасанды интеллект жүйелері қабылдамайтын өзекті сұрақтарға да жауап беретін болып шықты. 

Фото finversia.ru сайтынан алынды 

Бірнеше секундта адамға ұқсатып шебер мәтін жазатын, кодтар мен кескіндер жасай алатын генеративті жасанды интеллект компаниялары биыл миллиардтаған доллар жинады.

Өйткені бұл индустрияға қаржы құйған инвесторлар жасанды интеллект интернет сияқты адам өмірін өзгертеді деп сенеді.

Grok чат-ботын жасауға бұрын Google DeepMind және Microsoft, OpenAI сияқты компанияларда жұмыс істеген инженерлер тобы тартылған. Олар бұрынғы жұмыс берушілерінің өнімдерінен асып түсетін танымал чат-бот шығару жарысында үздік болмақшы.

«Grok GPT-4 сияқты айтарлықтай үлкен көлемдегі оқу деректері мен есептеу ресурстарын пайдалана отырып, оқытылған үлгілерден асып түседі», – дейді xAI стартапының өкілдері. 

X пайдаланушылары Grok қолданбасын сынап көру үшін қазірден бастап өтініш бере алады. Чат-боттың жаңа Premium+ қызметі сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін айына шамамен $16 қолжетімді болады.