Барлық ауданда футбол академиясын құру қажет - Сапарбаев
Барлық ауданда футбол академиясын құру қажет - Сапарбаев
250
оқылды
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының ұжымымен кездесті. Өткен маусымда жоғарғы лигада әрең қалған құраманы жігерлендірейін деді ме, әлде өзі футбол ойынының белсенді жанкүйерлі болғандықтан ба, аймақ басшысы әңгіменің әлқиссасын биыл футболшыларға барлық жағдай жасалатындығынан бастады. - Клубтың материалдық-техникалық базасы жақсы, оны одан әрі дамыта түсетін боламыз. «Жастар» стадионын жаңғырту жұмыстарында кеткен кемшіліктерді қалыпқа келтіру бойынша мердігерден талап етеміз. Жабық шатыр орнату жұмыстары қолға алынады. Орталық стадионның мүмкіншілігін УЕФА-ның барлық талаптарына сәйкестендіретін боламыз. Сондай-ақ, «Локомотив» стадионын қайта жаңартамыз. Болашақта «Тараз»-дың еурокубокқа қатысатын уақыты туады деп үміттенемін, бірақ ол үшін көп тер төгу керек. Екінші лигадағы жергілікті команданың әлеуетін күшейтіп, бірінші лигада өнер көрсету мүмкіндігіне қол жеткізу керек. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге күмәніміз жоқ. Егер де, алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсете алсаңыздар, қаржыландыру деңгейі де арта түседі, - деп Бердібек Машбекұлы жергілік клуб ойыншыларын жігерлендірді.  width= Ал «Тараз» футбол клубы директорының міндетін атқарушы Ғабит Қазбеков алдағы маусымда алтыншы орыннан төмен көрсеткіш көрсетпеуді мақсат етіп отырғандықтарын жеткізді. Команда капитаны Мақсат Әмірханов ойыншылардың бұл маусымда жақсы нәтижеге жету үшін бар күш-жігерлерін салуға дайын екендігін айтып, аймақ басшысына 10 нөмірлі жейде мен клуб шарфын сыйға тартты. - Командада жақсы моральдық-психологиялық ахуал қалыптасу керек. Клуб облыстың барлық спорт мектептерімен, әсіресе ауылдармен байланыс орнату қажет. Өйткені, көрінбей жүрген көптеген таланттар аз емес. «Былғары доп» облыстық турнирін жаңғырту, барлық аудандарда футбол академиясын құру, «аудан-қала-облыс» кезеңдері бойынша іріктеу турнирлерін ұйымдастыру қажет. Басты талап – тәртіп, футбол алаңында ғана емес, өмірде де бір-біріне құрмет көрсете білу. Мен футболды өте жақсы көремін, тәжірибелі жанкүйермін. Егер сіздер жан-тәнімен беріліп өнер көрсетсеңіздер, біз де барынша қолдауға дайынбыз. Сол кезде жанкүйерлер де стадионға көптеп келеді деп ойлаймын, - деді кездесу соңында облыс әкімі. Иә, Бердібек Сапарбаев испандық Реал Мадрид футбол клубының белді жанкүйері екенін жақсы білеміз. Ақтөбе облысында әкім болған кезінде жергілікті клубтың соңғы тиынына дейін бақылауына алып, «Ақтөбе» командасын белшесінен батқан қарыздан шығарған болатын. Бәлкім, Бердібек Машбекұлы биылғы маусымда стадионды ғана Еуропалық стандартқа келтіріп қоймай, клубты да Еуродода ойындарына шығарып қалар. Саятхан Сатылған