Қазіргі кезде полиция интернет арқылы есірткі сату қылмыстарын тұрақты түрде ашып жатыр.
Есірткі сатушылар OLX сайтын белсенді пайдаланады
790
оқылды

Бүгінде Қазақстанда есірткі сатушылар OLX сайтын белсенді пайдаланады. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты, – деп хабарлады Aikyn.kz.

"Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне 3,2 мыңнан аса есірткі сайттарын бұғаттау туралы сұраухат жіберілді. Бірақ қазір есірткі жарнамалайтын сайттар тез өзгереді", – деді Бақытжан Әмірханов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Басшының орынбасары есірткі сатушылар қандай сайтты жиі пайдаланатынын атап өтті.

"Есірткі сату бойынша OLX сайты танымал. Тек жыл басынан бері аталған компаниямен Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша полиция және сервис қызметкерлері 3 мыңнан аса хабарландыруды жойды", – деді ІІМ өкілі.

ІІМ дерегінше, 2023 жылғы 10 айда 2 405 есірткі қылмысы (1 287 өткізу және аса ірі көлемде 415 есірткі сақтау) тіркелген. Сондай-ақ 32 тонна 642 келі әртүрлі есірткі (62 келі героин, 5 тоннадан аса кептірілген марихуана, 503 келі гашиш және 255,5 келі синтетикалық есірткі) тәркіленген.