Жамбыл облысы Байзақ ауданы Н.Киікбаев атындағы орта мектебінде балалар мен ересектер мектеп асханасындағы тамақтан жаппай уланып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына 48 адам келіп түскен.
Белгілі болғандай олар мектеп асханасында түскі ас ішкеннен кейін уланған.
– Негізінен 7-10 жасар балалар келіп түсті. Бәрі Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылды, – деп хабарлады ведомстводан.
Дәрігерлердің сөзінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты.
Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, тексеруден кейін 11 оқушы үйіне қайтарылды, 2 мұғалім мен 33 оқушы медициналық көмек алып жатыр.
Ведомство балалардың жағдайы қалыпты екенін мәлімдеді.
«Бұл факті бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінен тұратын арнайы жедел штаб құрылды», – деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған мектепті тамақпен қамтуға жауапты ЖК «Тоқсейітовтің» жұмысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқтатылды. Қазір мектеп оқшауланып, онда бактериологиялық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр.