Жиынға зиялы қауым өкілдері, жазушының көзін көрген қаламгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын «Ақан да аққан жұлдыз Арқадағы» атты Ақан Нұрмановтың өмірі мен шығармашылығына арналған видеороликпен ашылды.
Қарымды қаламгер туралы жылы естеліктер легін Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік бастады.
– Әдетте оқырман жазушыны шығармасы арқылы таниды. Адамның жеке басының өзі бір шығарма ғой. Адамның мінез-құлқы, өмірдегі жүріс-тұрысы, қоғамдағы орны туралы оны көзі көргендер айтады. Ақан Нұрмановпен заманымыз бір болды, ол менен сегіз жас үлкен. Біз университет бітірген кезде Ақан жас жігіт еді, ол кезде екі прозалық жинағы жарық көрген, бірақ өзі өте тұйық кісі болатын. Көп сөйлемейтін. Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази секілді достары жарқын сөйлеп, күліп жүргенде Ақан төмен қарап отыратын еді. Содан кейін Ақанның тағы бір жинағы шықты, ол повесте әлеуметтік мәселелер баса айтылып, адамның жан дүниесі ашылмай қалған секілді көрінді. Сөздің шыны керек, менің Ақанға деген үлкен ықыласым болмады. Жақын араласпадық. 1968 жылы Ақан қайтыс болды, 35 жастағы жап-жас жігіт еді. Үйіне көңіл айтып бардық, жазушылар болды. Арасында Әбу Сәрсенбаев, Мұқағали Мақатаев бар еді. Сонда есімде, Мұқағали булығып отырып: «Ақан өмірде түк көрген жоқ, көзі тірісінде қаламдастарынан да жақсы сөз естімеді» деп біраз сөйлеген. Содан «Құланның ажалы» жарыққа шыққаннан кейін біз Ақанды қайта танығандай болдық. Ол кезде ой-өрісі әбден орныққан, өз биігіне жеткен үлкен жазушылардай жазған еді. Шығарма қандай шынайы! Оқиғасы қандай тартымды. Алғашқы бетінен бастап оқырманды жетелей жөнеледі. Осыдан кейін Ақанды басқа қырынан көрдік. Сөйтіп, Ақанның екінші рухани өмірі басталды. Бір нәрсені ашып айтуымыз керек, тәуелсіздік алғаннан кейін Кейкі батыр туралы көп дүние айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ Ақан туралы айтқан бір адамды естігенім жоқ. Кейкіні тірілткен Ақан болатын. Сонау 60-жылдардың өзінде советтік идеологияның күйіп тұрған кезі еді. Кейкінің атын айта алмайтынбыз, сол кезде үндемей жүріп, осындай ғажап шығарманы жазу – үлкен ерлік. Шығарманың екі-үш тарауы орысша жазылып, аяқталмай қалды. Оны досы Қалихан Ысқақ қазақшаға аударып, соңғы нүктесін қойды. Ақан өмірден ештеңе көрмей кетті дейміз, бірақ оның қандай жазушы екенін жұрт біледі. Алайда ол кісіге деген құрмет әлі де жетіңкіремей жатқан секілді. Ақанды кеңінен дәріптеу, оның қазақ әдебиетіндегі орнын анықтау – болашақтың ісі, – деп ойын түйіндеді.
Әрі қарай халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы жалғап кетті.
– Ақанның шаңырағы өте қонақжай еді, жас күнімде осы кісінің үйінде тұрдым. Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков Ақанның үйінен шықпайтын. Олар Ақанның жазғандарын жоғары бағалаған. Өзі үндемейтін кісі еді, көп сыр аша қоймаған. Мектепте жүргенде-ақ аудандық кітапхананың кітаптарын оқып бітірген. Оқымаған кітабы жоқ. Мұқағали Ақанды жақсы көретін. «Светіңе, радиоңа, бәріне арнап өлең шығарамын» десе, оған Ақан мәз болатын еді, – деді ол.
Сауытбек Әбдірахманов қаламгердің шеберлігінен сыр шертті. «Жаңа алдында қаламгер туралы бейнебаянда «Есенберлиннің ерлігін қайталаған» деген өлең жолдары болды. Есенберлиннің «Қаһары» 1969 жылы шықса, Ақанның «Құланның ажалы» романы 1968 жылы жарыққа шықты. Сонда ол қалай Есенберлиннің ерлігін қайталайды? 1968 жылы Тахауи Ахтановтың «Боран» романы мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының бірінші кітабы шықты. Әрі Ақанның «Құланның ажалы» романын жазуы қазақ әдебиетіндегі проза үшін резонанс болды. Бұл – өз кезеңіндегі батылдығы, стильдік ерекшелігі, жаңашылдығы бөлек шығарма. Егер Ақан 60-қа жетіп, «Құланның ажалы» сияқты үш роман бергенде, қазақ әдебиеті ғажайып олжаға кенелер еді. Қазір қаламгердің осы туындысына жаңаша қарайтын кез келді. Осы шығарманы Қалихан ағамыз аяқтағанымен, соңғы тарауы сол күйінде қалғанда әлдеқайда жұмбақ болар еді деп ойлаймын. Бастысы, Ақан Нұрмановтың осы романынан үйренетін өнегенің бірі – білім мен мәдениет», – дейді публицист.
Драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова да Ақан ағаның шығармашылығы туралы пайымды пікір білдірді.
– Сайын, Әкім ағалар әңгімесінде екі адам туралы айтатын. Олар – Ақан Нұрманов пен Тельман Жанұзақов. Екеуі де өмірден ерте кетті. Әкім ағаның күнделігінде «Бір кезде Ақан қайтыс болғанда біз достан айырылдық деп күйіндік, енді қарасам, ол тек дос қана емес, бүкіл қазақ үлкен талантынан айырылған екен, үлкен бір үмітінен айырылған екен» деп жазыпты. Ол кісі «Аққу шоғыры» повесін классика деп бағалады. Повесте қандай қоңыр мұң жатыр, осындай мұңмен қалай өмір сүреді екен?! Соған қызығып, кеше бұл туындыны қайта оқып шықтым. Шығармада бір ауылдың әлеуметтік жағдайы ғана сөз болмайды. Болат есімді кейіпкердің әкесі қайтыс болған. Анасы аудан орталығына кеткен. Өзі жапан далада мал бағып жүр. Үйде әкесінің мәйіті жатыр, жерлейтін ешкім жоқ. Осыдан-ақ сол уақыттарда қоғамдағы адамның құны мен қадірін білеміз. Ақан ағамыздың шеберлігі сондай, кез келген шығармасының сюжеті фильмге бергісіз. Өйткені шығармасынан дайын кадрларды көріп отырасың, – деді.
Сондай-ақ конференция барысында Қостанай облысы Амангелді ауданы Ақан Нұрманов атындағы мектептің директоры Қуандық Шоңғалов «Ақан Нұрманов шығармаларының оқушыларға беретін тәрбиелік маңызы» атты баяндама оқыды. Жиын соңында жазушының туысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова мен Жомарт Нұрманов сөз сөйлеп, іс-шара өткізушілерге алғысын білдірді. Сонымен қатар жылы естелігімен бөліскендерге Ақан Нұрмановтың бейнесі басылған төсбелгіні тарту етті.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ