Қазір тері мен жүн еліміздің ішкі нарығында мүлде жарамсыз болып қалды. Бұрынырақта тері жинап, жүн тиеп, ауыл-ауылды кезіп жүретін жүк көліктерінің қарасы көрінбегелі қашан. Тіпті, тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың қиын-қыстау заманының өзінде осы кәсіппен шұғылданып, тәп-тәуір қаражат тауып жүргендер де бар-тұғын. Олар қайда кетті? Қазір еліміздегі тері мен жүн өңдейтін фабрикалардың халі неге мүшкіл күйге түсті? Шикізатты шекарадан шығаруға бірде шектеу қойылса, енді бірде баж салығы күшейтілді. Әйтеуір, басынан «бұлт» кетпеген бұл сала тұралап қалды.
Теріден теріс айналма
Ауыл-аймаққа бара қалсаңыз, әр жерде шашылған жүнмен бірге иленіп терінің де жататынын жиі көріп жүрміз. Ал көктемде малшы қауымы қойдан қырқылған жүнді маялап қойып, өртеп жатқанын да естіп біліп отырмыз. Неге бұлай деп, себебін де сұрап жатқан жан жоқ. Осы мәселенің мәніне үңіліп, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден арнайы депутаттық сауал жолдаған еді. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Бисимбайұлы өзіне бағытталған сауалға мардымды жауап берген жоқ. Депутат өз мәлімдемесінде: «Еліміздегі теріні өңдеу жұмысын жолға қоймағандықтан кәсіпкерлеріміз жылына 30 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылып отыр. Біз өзге елден үлгі ала жүріп, жүнді өңдеп, жоқ дегенде жылыту материялдарын жасай алмай отырмыз. Қазір жүннің әр келісін сырт елге 500 теңгеге сатып, дайын өнімді 100 есе қымбат бағаға қайта алып отырмыз. Мысалы 1 сиырдың терісін біз шет елге 1000 теңгеге ғана өткізеді екенбіз де сол теріден жасалған бұйымды 500 мың теңгеге сатып аламыз. Осы артта қалып бара жатқан сала қашан оң бағытқа қарай жылжиды?» – деген болатын.
Саланың оң қадамға бет алуы – тек мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана жүзеге асатыны шындық. Себебі «тері мен жүн өнеркәсібін дөңгелетем» дегендерге мемлекеттен субсидия да берілмейді. Банктен қарыз алып, ол қарызда қайтара еселеп жауып жүрген кәсіпкердің жұмысының өрге жылжымасы да анық. Еліміздегі Тері өңдеушілер қауымдастығы Үкіметке бірнеше ұсынысын да жолдаған.
Ең алдымен, «Атамекен» ҰКП және «Бәйтерек ҰБК» АҚ қолдауымен былғары мен жүн-тері өңдеуге қажет қондырғыларды жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алуға мүмкіндік беретін іске асыру қажет. Екіншіден, Алматы және Астана қалаларында тері өңдеуге қажет химиялық реагенттерді сақтайтын қойманың жұмысын жолға қойып, оның коммуналдық және технологиялық шығындарын бюджет есебінен субсидияланса, үшіншіден, экспортқа шығарылған былғары және өңделген жүн-тері өнімдерінің әр түріне жеке-жеке субсидия тағайындалған дұрыс.
Төртіншіден, тері өңдеуші кәсіпорындардың мал терісін жеке тұлғалардан қолма-қол ақшаға сатып алуына рұқсат берілсе, бесіншіден, тері сатудан алынатын 10 пайыздық жеке табыс салығының күшін жою қажет.
Бүгінде қауымдастықтың осы ұсыныстары бірнеше министрлік пен құзырлы орындар арасында түрлі жағдайдағы талқыға түсіп жатқан сыңайлы.
Шынын айту керек, мемлекет тері өңдеушілер мен өзге мал өнімдерінен дайын зат шығарушы шағын өнеркәсіп түріне молынан қолдау жасағаны дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, елдегі жүн мен тері өңдеушілердің барлығы дерлік айтар бір ғана уәжі бар. Ол – мемлекеттік қолдау.
Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевтің айтуынша, мемлекет тарапынан салаға қолдау керек. Сонда ғана айналасы 4-5 жылдың ішінде тері өңдеу саласы аяққа тұрып, ел экономикасына орасан-зор пайда әкеледі.
Айта кету керек, қауымдастық құрамындағы барлық зауыттар мен фабрикалар бәрі бірдей толық қуатымен жұмыс істейтін болса, жылына 3 млн теріні еркін өңдей алады екен. Демек, нақты алгоритім болып жатса, мүмкіндік бар деген сөз.
Кәсіптің нәсібі
«Ешқандай көмек алып көрген емеспін. Алсам ба деп, әрекет жасап жатқан жайым бар. Алайда түрлі есікті қағып, табалдырығын тоздырған кезім де болды. Тыңдағысы келмеді, тыңдамады. Тыңдаса да, тыңдамаған кейіп танытты. Бірақ табысым басқа қырынан да жүріп жатыр. Жұрттың разылығы үшін өз шаруамызды өзіміз қолдан келгенше атқарып келеміз», – дейді Тараз қаласындағы тері бұйымдарын өңдеуші KEMELDEN жеке кәсіпкерлігінің басшысы Кемелбек Әбілекұлы.
Шынын айту керек, елімізде теріден аяқкиім мен өзге де дайын өнім шығаратын кәсіпорын жоқтың қасы. Бұл кәсіппен айналысуға ешкімнің батылы бара бермейді. Сайып келгенде, жоғарыда депутат айтқан тері өңдеушілер мемлекеттің қолдауына зәру. Онсыз бұл саланы икемдеп кету екіталай болып тұр.
Астанада өнімдер сапасы мен сәні жағынан ерекше көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерген Самғау Нәсіпхан деген азамат бар. Қаладан бірнеше сауда нүктесін ашып, аяқ киімнің сан түрін саудалап отыр. Бүгінде шеберханасында 11 адам жұмыс істейді. Таза былғары мен теріден аяқкиім тігіуді кәсіп етіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Самғаумен тілдескенімізде, шығыны көп жұмысты ата кәсіптің жойылып кетпеуі үшін ғана нәсіп етіп отырғанын айтты. «Бұл шаруамен тек ата кәсібімізді сақтай отырып, шынайы жақсы көргендіктен ғана айналысып келемін. Біз үшін машақаты өте көп шаруа. Оған қоса елімізде тері өнеркәсібі жолға қойылмай отыр. Дегенмен ел аумағында бар өңдеуші мекемелер өзіміздің елдегі шеберханаларды толығымен тері өнімімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бірақ ел үшін, мемлекет үшін бұл жеткіліксіз. Бұл біздің мемлекеттегі жеңіл өнеркәсіптің тұралап тұрғанын байқатады. Теріні өңдеу бір бөлек, оны бизнес көзіне айналдыру бір басқа. Қытайда кез келген ірі кәсіптің артында мемлекет тұр. Кәсібінен пайда көре бастаған кәсіпкерге мемлекет өзі гарант орнына кепілгер бола отырып оны әлемдік аренаға шығарады. Осылайша бір ғана менеджердің арқасында ел қазынасына қыруар қаражат құйылады. Мұндай тәсіл бізде жоқ. Шынын айту керек, еліміз тері өңдеу өнеркәсібін дамытып, оны өзге елге сатып мемлекетке түсер пайданы молайта алмай отыр. Менің ойымша, мұндай кәсіппен айналысқысы келетіндер де аз. Әр бастама өзін кем дегенде 5 жылда ғана ақтап шығады. Осыдан кейін ғана белгілі деңгейде табыс әкеледі. Көбі уақыт кедергісін жеңе алмай бастаған істі аяқсыз қалдырып жатады», – дейді кәсіпкер Самғау Нәсіпхан.
Дегенмен өңделетін теріге ең алдымен сапасы жағынан талап қойылады. Өңдеуге барлық тері бірдей жарай бермейтінін ескеру керек. Тері талапқа сай болмаса оның пайдасы да болмайды. Бұл туралы Алматыдағы қой терісін өңдейтін зауытының бас директоры Михаил Сотниковтен сұрадық. «Біздің елде тері өңдеу жұмысы жолға қойылмай отыруының негізгі себебі бар. Көбі оған мән бермейді. Әсіресе, биліктегілер деп айтар едім. Олар негізінен сан жағына көп назар аударып кетеді. Мысалы, малды сойған кезде иненің көзіндей тесік қалмауы керек. Тіпті, кейбір жері жұқарып кетсе де өңдеген сәтте ол жыртылып қалады да жарамсыз болып шығады. Сондықтан мал сойған кезде өте абай болған абзал. Мұны тек қой терісіне қатысты айтып тұрғаным жоқ. Барлық түлікке солай. Ал жұмсақ, жібек тон жасау үшін тек меринос қойлардың терісі ғана жарайды. Біздің елде мұндай қой шаруашылықтары өте аз. Және ауылдан келген терілердің дені жарамсыз болып шығады. Біздің елде тері мен жүн шаруасын гүлдендіргісі келетін адамдар көп. Бірақ түрлі әкімшілік кедергілер бар. Сонымен қоса салықты да орынсыз көтеріп, қимыл жасауға мүмкіндік қалмады. Осыған дейін қой терісін өңдеп тон шығарып отырған едік. Бір жылға таяды, ол жұмысымызды да тоқтаттық, себебі қолдау жоқ. Біз қатарлы талай фабрикалардың да жұмысы тоқтап тұр. Сондықтан Үкімет бір шешім қабылдауы керек», – дейді директор Михаил Сотников.
Кәсіпкерлердің сөзінен ұққанымыз – дәл қазір тері мен жүн өндірісін жойып, тек шетелден дайын өнім тасып, пайдаға кенеліп отырған жүйе қалыптасқанға ұқсайды. Президент пәрмен беріп, Үкімет үңіліп, бұл шаруаның бетін бері бұрмаса, қой бағып отырып, терісін шірітіп итке тастаймыз да өзгенің бит қабық бірдемесін киіп жүргеніміз жүрген. Мұндайда жеңіл өнеркәсіпті жолға қою деген құр сөз болып қала бермек.
Қорыта айтсақ, бізге тері және жүн өндірісін дамытудың кешенді жоспары қажет. Мол шикізатты ұтымды пайдалансақ, ұтарымыз да мол болмақ. Тіптен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының бір бағытын төрт түліктен алынған өнімге бұрса, біршама іс бітері анық.
Бердібек ҚАБАЙ