Қария былтыр «Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын жаяу марафонымен бүкіл Қазақстанды аралап, кешегі Асан қайғы секілді еліміздің көрікті жерлеріне көз сүйсінтіп өтіпті. Сонымен қатар ақсақал биыл әлемнің бірнеше жерін де аралап, жақында елге оралды. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендей, еліміз бен әлемнің көптеген жеріне табаны тиген ақсақалды біз де әңгімеге тарттық.
– Сәрсенбай ата, алдымен сіздің балалық шағыңыздың қалай, қайда өткенін білсек деп едік.
– 1950 жылы 15 қаңтарда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келдім. Балалық шағым сол Жаңарқа ауданында өтті. 1970 жылы орта мектепті тәмамдап, еңбекке араластым. Сонда 1994 жылға дейін тұрдым. Кейіннен Ұлытауға қоныс аудардым.
– Жаяу марафонға қатысу – екі адамның бірінің жүрегі дауалап бара беретін оңай шаруа емес. Бұл тәуекелге о баста қалай бел будыңыз?
– 2010 жылдан бастап Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығында жұмыс істей бастадым. Сонда сырттан, шетелден саяхатшылар көптеп келетін. Соларға қатты қызығатынмын. Туристер секілді мен де жер-жерді аралап, ел мен әлемнің көрікті жерлерімен таныссам деген арманым болды. Осылайша, жеті жыл бойы жаяу марафонға дайындалдым. Елді жаяу аралағанда атымды шығару немесе рекорд орнатуды мақсат еткен жоқпын. Мақсатым – еліміздің көркем жерлерін өз көзіммен көру болды. Кең- байтақ Қазақстанның қасиетті жерін тану, өзгелерге насихаттау. Басында жақындарым «жасың болса 70-тен асты, не істейсің жаяу жүріп, одан да денсаулығыңды күт» деді. Кейін үш мақсатымды айтқан соң олар рұқсатын беріп шығарып салды.
– Ол қандай мақсат еді?
– Елді жаяу аралаудағы үш мақсатымның бірі – Ұлытаудың қазақ тарихында ерекше рөл атқаратынын көпшілікке насихаттау болды. Екінші мақсатым – Қазақстандағы қолөнер шеберлерінің тізімін жасақтау. Олармен кездесіп, бас қосу. Үшінші, ұмыт болып бара жатқан ұлттық қымызмұрындық мейрамын қайта дәріптеп, елге маңызын түсіндіру болды. Себебі дүниежүзінде жылқыны бірінші болып қолға үйреткен – қазақ халқы. Бие сауып, қымыз ашытып, қымыз ішуді бастаған да қазақ. Осыдан 5 мың жыл бұрын қымыз мейрамы пайда болған. Елімізде қымыз мейрамы Қазан төңкерісіне дейін тойланып келді. Кейін тыйым салынды. Кезінде Наурыз мейрамы секілді ұмытылып кетті. Ешкім біле қоймайды, білетіндер бірен-саран ғана. Осы орайда қымыз мейрамын қайта жандандыратын уақыт келді.
– Еліміздің өңір-өңірін аралауда халықтың қандай ерекшеліктерін байқай алдыңыз? Қай өңір сізге қатты ұнады?
– Жаяу сапарымды көктемде Ұлытаудан бастап Ақтауда аяқтадым. Еліміздің барлық өңірінде болып, жаяу 8 мың шақырымнан астам жүріп өттім. Жолда қараңғы түспей елді мекенге жетсем, сонда қонып жүрдім. Ал иен далада қалып қойсам тігетін шатырым бар. Қазақстанды жаяу аралау барысында маған қатты әсер еткен ерекше өңір болды. Ол – оңтүстік жұрты. Ол жақта үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсету, қазақшылық дәстүрі ерекше сақталған. Жүздері жылы, жүректеріне иман тұнған екен. Бейнетсіз еңбек жоқ дейді. Жол-жөнекей аздаған қиыншылық та болды. Арбам сынып, аяқкиімім тозып қалды. Сынып қалған арбаны сүйретіп келе жатқанымды көрген бір кісі үйіне шақырып, арбамды дәнекерлеп, қондырып, қонақ етіп шығарып салды. Бұл арбамен шатыр, төсек-орын, керек-жарақ құралдар және тамағымды алып жүрмін. Жалпы салмағы – 60 келі. Жолда тамақтан қиналған емеспін. Қазақ халқы дарқан ғой. Жол-жөнекей кездескен азаматтар тамағың, суың бар ма деп сұрап, салып беріп жатты.
– Қазақстанды жаяу аралаған соң әлемді де жаяу аралайын деп шештіңіз бе?
– Әлемді жаяу аралауға ұзақ уақыт ойланып, толғанып барып шешім қабылдадым. Қазақстанды жаяу аралап шыққаннан кейін біршама уақыт демалып, өзіме келіп алған соң енді әлемнің де көрікті жерлерін жаяу жүріп өткім келді. Шетелге шыққанда кішкене қобалжу болды. Мысалы, Ресей бұрынғыдай емес, мінез-құлықтары басқаша. Оған, әсіресе соңғы уақыттағы геосаяси жағдайлар мен соғыс өрті тұтануы себеп болды деп ойлаймын. Бірақ кавказ халықтары өте көп қолдап, қошемет көрсетті. Халқы қонақжай екен. Жаяу жүріп бара жатқанымда жүгіріп келіп, «Біздің үйге қоныңыз, қонағым боласыз, қонақүйді қайтесіз» деп қонаққа шақырды. Кір-қоңыма дейін жуып берді.
– Сапар барысында қиындықтарға да кезіккен боларсыз?
– Жаяу марафон кезінде ауа райынан көптеген жайсыздық болды. Әсіресе, Қалмақияда аптап ыстықта құм араласқан жел борап тұрды. Ауа температурасы 48 градусқа дейін барды. Көліктер тоқтамай, жанап өтеді. Құдайдың берген қуатының, бойымдағы жігердің арқасында аман-есен жүріп өттім.
– Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...
– Келесі Еуропа, Америка, Қытай, Моңғолия, Алтай өлкесін аралап қайтуды жоспарлап отырмын. Тәңір тілеуімді беріп, денсаулығым қалпымда болса, ол күнді де нәсіп қылар. Тәңір жазса, екі жылда аралап өтемін деп талап қылып отырмын.
– Ойға алған істеріңізге сәттілік тілейміз, ата. Ұзақ жасаңыз!
Сұхбаттасқан
Наурызбек САРША