Күнделікті тұтынатын нан бағасының 100 теңгеден 120 теңгеге өскені өңір жұртшылығының жанайқайын туғызғаны да жасырын емес. Осы орайда қандай көкөніс құны көкке ұшты? Бағаны тұрақтандыру бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осы мәселеге майшам салып, тараптарды тыңдап көрдік.
Ең әуелі бұқара бір айда азық-түлікке қанша қаржы жұмсайтынын білмек мақсатта тұрғындарды тілге тарттық. Денінің жауабы санаға салмақ салып, ойды сан саққа жүгіртті.
– Бір отбасына айына шамамен 100 мың теңгедей кетеді. Оның өзі тауарды үнемдеп тұтынып, кейбір түрлерін мүлде сатып алып алмаған жағдайда. Әйтпесе, орташа бір жанұяны асырау үшін 200-300 мың теңгеге дейін азық-түлік алуға жұмсалып кететіні жасырын емес. Алайда ондай қаржы бәрінде бірдей бола бермейді. Сондықтан балаларымыздың аузын тәттіден тыйып, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды ғана алып күнелтудеміз. Бірақ соның өзінде жетпей жататын жағдайлар көп болады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Гүлнұр Риятқызы.
Меруерт Сашева да бұл ойға қосылады. Ол тіпті жолдасы екеуі екі жақтап жұмыс істесе де, жыртығын жамай алмай жүргенін жасырмауда.
– Жолдасым екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Алайда екі жақтап жұмыс істесек те, жоғымызды түгендеу қиынға соғып жатыр. Олай дейтініміз – күнделікті азық-түліктен бөлек, балалардың киімі, сатып алатын қажетті дүниелері бар. Оған енді апта сайын баратын той-томалақты қосыңыз. Нәтижесінде, 200-250 мың айлық тапсақ та, қиналып қалатын сәтіміз көп. Сондықтан тұрмысқа ең қажетті азық-түлік бағасы тұрақты болса екен деймін, – дейді Меруерт.
Жалпы, халықтың қай деңгейде тұрмыс кешіп жатқанымен тілдеспесек те, бір айлық азық-түлікке кемі 100 мың теңге кететінін айтады. Ал елімізде орташа айлық жалақы 85 мың теңге ретінде ресми көрсетілсе, сонда бір жанұяны асырау үшін айлықтың өзі жетпейтіні анық болып тұр. Мұндайда қайтпек керек?
Жамбыл облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Ельяр Құрманбектің айтуынша, билік өкілдері тарапына азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар қолға алыныпты.
– Тараз қаласында 1-сұрыпты бидай өнімінен жасалатын нан бағасының 100 теңгеден 120 теңгеге бірден қымбаттауы бұқараның шағымын туғызғаны рас. Қазір біз осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұйыртса, қабылданған шаралардың арқасында нан бағасы қайта 100 теңгеге тұрақтайды деген жоспар бар.
Бұдан бөлек, өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы 7 500 тонна тауарға форвардтық келісімшарт жасалды. Ол келісімге картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдері кіреді, – дейді басқарманың бас маманы.
Қараша айы келе жұмыртқаның да бағасы құбылып тұр. Сауда орындарында кіші жұмыртқаның бір данасы 54 теңгеден сатылып жатса, үлкендерінің құны 60 теңгеге жеткен. Яғни, қорапқа салынған 10 жұмыртқаны алу үшін 600 теңге шығындайсыз. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мамандары бұл бағытты да назардан тыс қалдырмағанын айтады. Олардың жоспары бойынша алдағы уақытта жүргізілген келісімшарттар негізінде жұмыртқаның бір данасы 49 теңгеге түседі деп отыр.
Жамбылда күріш бағасы да байлауға көнбей тұр. Дүкендерде 1 келі күріш 850 теңгеден саудалануда. Ал көтерме сауда орындарында 700 теңге болса, 5 келі қаптағы күріш 3 500 теңгеден өтеді. Халық қаптап алып ұтуға тырысқанымен де, оған да аз ақша кетпейді.
Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, жыл басындағы бағалармен салыстырғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 4 позициясы (күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті) бойынша 14-31 пайызға қымбаттау тіркеліпті. Ал шағын дүкендердегі тауарлардың 9 позициясының бағасы (күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті, майлылығы 2,5% айран, майлылығы 72,5% кем емес сары май, І санаттағы жұмыртқа, тұз, сүзбе) 3-52 пайызға шарықтап кеткен. Осы сандардың өзі ойландырмай қоймайды.
Қазір облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы әлеуметтік маңызы бар 9 тауар бойынша 16 053 форвардтық келісімшарт жасаған. Билік өкілдерінің артып отырған сенімі де осы. Алайда аталған келісімшарттан қандай нәтиже шығатынын уақыт көрсете жатар. Бірақ 9 тауарға ғана форвардтық келісімшарт жасап, азық-түлік бағасын толықтай тұрақтандыра алмайтынымыз айдан анық. Оған қоса, соңғы уақытта азық-түлік бағасын негізсіз өсірген 62 бизнес өкіліне хаттама толтырылған. Осыған қарап-ақ сауда орындары мәмілені ұстанып, бағаны тұрақты ұстайды деп айту қиын.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы