Бұл картина – атақты суретшінің туындысы. Ол әлемдегі ең қымбат суретші болып саналады. 2015 жылы оның тағы бір картинасы Нью-Йоркте 179 миллион долларға сатылған.
139 миллион долларға сатылған картина
2,108
оқылды

10 сағат бұрын Financial Times басылымы Пикассоның тағы бір картинасы рекордтық бағамен сатылғанын жазды. Картина кеше кешке жақын Нью-Йорктегі Sotheby's аукционда сатылған. Aikyn.kz басылымы испандық суретшінің туындыларының қымбат болу себептерін түсіндіреді.

Сурет barcelona-excurs.org сайтынан алынды

Бір күні атағы жер жарған Пикассо түскі асқа мейрамханаға келеді. Мейрамхана иесі суретшіден қағаз майлыққа бірдеңе салып беруін сұрайды. Оған Пикассо «мен мейрамхана сатып алу үшін емес, ішкен асым үшін ақша ғана төлегім келеді» деп жауап берген екен. Сол кездің өзінде Пабло Пикассоның есімі өте белгілі болып, оның картиналары қымбат бағалана бастаған еді.

Кеше сол Пабло Пикассоның «Монтредегі әйел» картинасы Нью-Йорктегі Sotheby's аукционында 139,4 миллион долларға сатылды. Бұл картина «Сағат ұстаған әйел» деген атаумен де белгілі және кемеңгер суретшінің осы уақытқа дейін сатылған екінші қымбат туындысы болды.

1932 жылы майлы бояумен кенепте салған туындыда испандық суретші өзінің сүйіктісі және музасы Мари-Тереза Уолтерді бейнелеген. Алғашында Sotheby's бұл картинаны 120 миллион долларға бағалаған.

Пабло Пикассоның тұл туындысы осы аптада ғана сатылымға шығарылды. Бұған дейін картина наурызда 102 жасында қайтыс болған меценаты Эмили Фишер Ландаудың коллекциясынан алынған. Жинақ та сол сәрсенбі күні 406,4 миллион долларға сатылды.

Сурет barcelona-excurs.org сайтынан алынды

Пикассо өмірдегі шындықтың әдемі суретін емес, бейнеленген кейіпкердің ішкі әлемін, эмоциясын жеткізгісі келді. Соларды беру үшін суретші форма мен түстерді әбден деформациялайды. Сондықтан оның картиналарынан ұсқынсыз, бұрмаланған жүздерді көреміз. 

2015 жылдың көктемінде Нью-Йоркте Пикассоның «Алжир әйелдері» (французша Les Femmes d'Algers) туындысы рекордтық 179 миллион долларға сатылған. 

Бейнелеу өнеріндегі кубизм стилінің негізін қалаушылардың бірі  (Жорж Брак және Хуан Гриспен бірге) испандық суретші. Кубизмде үш өлшемді дене бірнеше жазықтық түрінде түпнұсқалық формада бейнеленеді. Пикассо график, мүсінші болып та көп жұмыс істеді. Ол XX  ғасырдағы бейнелеу өнерінің дамуына ерекше әсер еткен талант иесі. Қазіргі заманғы өнер мұражайының мәліметтері бойынша (Нью-Йорк), Пикассо 20 мыңға жуық туынды  жасаған. 

Пикассо – әлемдегі ең «қымбат» суретші. Тек 2008 жылы оның туындыларының өнер нарығындағы баға индексі 262 миллион долларды құрады.