Алматы зообағындағы Марат пен Лара аталып кеткен кенгурулер жұбы балалы болған. Жаңа туған кенгурудің нақты жасын айту мүмкін емес, өйткені олар анасының қалташасында небары 20 мм, салмағы 1 грамм болып туылады. Онда жүн де болмайды. Ағзалары да толық жетілмейді. Тіпті көздерін де ашпайды.
Мамандар кішкентай жануардың жасын шамамен 3-4 айлық деп отыр. Өйткені осы мерзімде олар анасының қалташасынан басын шығарып, жан-жаққа қарайды. Әзірге кенгурудің жынысын да ешкім білмейді. Ол шамамен алты айлық болғанда анасының қалташасынан сыртқа шығады. Сол кезде ветеринарлар оны қарап, тексереді. Зообақ басшылығы да сол кезде өз ресми сайттарында кішкентай кенгуруге ат қоюға конкурс жарияламақ.
Айта кетейік, кенгурудің Мәди атты ағасы бар. Олар жылы күндері зообақта отбасымен жүріп, келушілерге қуаныш сыйлайды.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ