Мемлекет тарапынан отбасы институтының беделін көтеру, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдары қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жәрдемдесетін орталықтар ашылып, қамқорлық кеңестері көбейді. Бірақ отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан зардап шеккен балалар саны азаймай тұр.
Оқу-ағарту министрлігі дүниежүзілік балалар күніне орайластыра «Балалардың әл-ауқаты: бала құқықтарын қорғаудың өзекті бағыттары мен тиімді тәжірибелері» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Астанада өткен жиында балалар қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды.
Жиын барысында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан министрлік білім беру жүйесі мен балалардың құқықтарын қорғау саласының түйткілді мәселелерін талқылау, тиімді шешімдер қабылдау мақсатында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп, түрлі бағыттар бойынша сараптамалық кеңестер құрғанын атап өтті.
– Министрлік тұрақты негізде 120-дан астам үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттестік жасауда. Біздің ынтымақтастығымыз білім беру саласындағы маңызды креативті жобалар мен өзекті мәселелердің стандартты емес шешімдерін дамытуға, оның ішінде ауылдық жерлерде балаларды қолдау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға серпін бермек, – деді Еділ Оспан.
Сонымен қатар вице-министр балалар арасындағы буллингке қатысты жұмыстың кешенді түрде атқарылып келе жатқанын, Заң жобасында буллинг мәселесіне қатысты арнайы нормалар қарастырылғанын айтты.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мүдделі мемлекеттік органдармен, Парламент депутаттарымен, үкіметтік емес ұйымдармен және қалың жұртшылықпен бірлесіп әзірленген және әртүрлі диалог алаңдарында талқыланған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа Заң жобасын таныстырды. Динара Зәкиеваның айтуынша, аталған Заң жобасында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдату қарастырылған. Сонымен қатар Динара Зәкиева ауыр қылмысты жасағандардың жеңіл жазамен құтылып кетіп жатқанын, сол себептен жаңа заңға жыныстық сипаттағы қолсұғушылық бабы ұсынылғанын атап өтті. Жиын барысында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін арнайы психолог мамандар дайындау, психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар, педагог-психологтердің біліктілігін арттыруға, мектеп атмосферасы шындығында бағдарламаның тиімділігін пилоттауға және талдауға баса назар аудару туралы қадау-қадау мәселелер қаралып, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік мекемелер өкілдерінің пікірлері талқыланып, шешімдер қабылданды.
Тілекгүл МҰҚАНАТ