Алматы қала болып танылмай тұрғанда, уезд орталығы ретінде аты алысқа таралған, қазақтың талай тұлғаларының табанының ізі, қолының таңбасы қалған қарт Қапалдағы небір керемет ғимараттар тоналып, құрып, бітуге таяды.
Алакөлдегі ағаш мектеп
984
оқылды

Сыры мен мұңын ішіне бүккен Жаркентегі түрме де тозып кетті, енді бірер жылдан соң орны ғана қалады. Осындай көненің көзі, тарихтың сөзі бола алатын нысандар шекаралы аймақ – Алакөлде де жетіп, артылады. 

Ел ішінде іргесі қаланғанына ға­сыр­­дан асқан ағаш мектептің бар екен­дігі, мұнда әлі күнге балалар оқи­тыны жай­лы әңгіме айтылатын. Жыланды ауыл­дық округіне қарас­ты Көкжар ауылын­дағы көне білім ошағы туралы телеарна­лардан көр­сетілген ақпаратты да көзіміз шал­ғаны бар. Ауылдағы толықтай аман сақталған бірден-бір көне ғимарат – Алакөл аудандық білім бөліміне қарасты Көкжар ауылдық мектебі­нің үйін жұрт «Ағаш мектеп» деп атайды. Ақыры оны көрудің сәті түсті. Білім ошағы орналасқан ғи­ма­рат ХІХ ғасыр­дың соңына та­ман ағаш­тан қиюлас­тырып, салын­ған ең­селі үйлердің бірі болып шық­ты. Оны қай көпестің салғыз­ғаны, Қа­зан төңкерісінен кейін қандай мақ­саттарға пайдаланыл­ғаны жайлы нақ­ты деректер жоқ. Ауылдың кі­ре­­­­берісіндегі жотада орналасқан, алыс­тан көзге шалы­натын, үлкенді-кі­шілі бөлмелерден тұратын ескі ны­сан. 

Мектептің құжатында бекітіл­ген уақыты деген жерде: «1895–1932 жылы» деген екі түрлі цифр жа­зыл­ған. Соған қарағанда, бұл ағаш үй 1895 жылы салынып, 1932 жы­лы мектеп ретінде пайдалануға бе­ріл­ген деуге болады.

– Мен 1950 жылдардың соңын­да осы мектепте оқыдым. Апам да «ағаш мектепте» білім алдым деп жү­ретін. Ол кісі 1990 жылдары сек­сен­нің сеңгіріне келіп қайтыс бол­ды. Біздің кезімізде ауылда 700-ден астам үй болды. Қазақтар аз еді. Екін­ші дүниежүзілік соғысқа ауыл­дан 200-ге жуық адам май­данға ат­та­ныпты. Көбі оралмаған. Мек­теп­тегі сабақ орыс тілінде жүретін, – дей­ді ауыл тұрғыны Василий Мыр­за­­гелдинов.

Тәуелсіздіктен кейін ауылдағы өз­ге ұлт өкілдері өз елдеріне көшіп, Ота­­нына оралған қазақтар қоныс­та­на бастапты.

– 1997 жылы мектепке матема­ти­ка пәнінің мұғалімі болып келдім. Ол кезде мектепте 65 бала оқитын, – дей­ді ұстаз Гүлмира Әбжанова.

Барлығы 10 бөлмеден тұратын ны­санда ауылдың бір ғасырдан аса­тын және жергілікті білім салас­ы­ның жүз жылдық тарихы жатыр. Бү­­­гінде мектеп­алды даярлығымен қо­са 1-9 сынып аралығында 20 шақ­ты бала оқиды. Оларға 16 мұғалім са­бақ береді. Мектеп құрылысы кейін­гі жылдары жаңғыр­тылғаны бол­маса, сыртқы келбеті сол қал­пын­да сақталған. Ауылда интернет же­лісі болмағандықтан білім оша­ғы­ның кіреберісі мен үлкен бөл­ме­сіне орна­тылған бейнебақылау ка­ме­расы жұмыс істемейді. Ұстаздар сырт­қы әлеммен жұмыс телефоны ар­қылы ғана байла­нысады. 

Қалай болғанда да, ғасырмен құр­дас, тіпті одан да ұзақ тарихтан сыр шертетін осы бір сәулет ес­керт­кі­шінің (солай атауға болады) тари­хи мұраны қорғау мекемелерінің на­зарына ілінбей келе жатқандығы қын­жылтады. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы