Осы мақсатта Үкімет «Қолжетімді интернет» жобасын бекітті. 3 мыңнан аса ауылда тиісті байланыс желілерін орнату жоспарланған ұлттық жобаның жүзеге асырылуы үшін 1,5 трлн теңге қаражат жұмсалмақ. Басты нәтиже – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.
Қала мен ауыл тұрғындары арасындағы «цифрлық алшақтықты» азайту – кез келген мемлекет үшін маңызды міндет. Дамыған елдерде ғана емес дамушы елдер де ауылдық аймақтарында интернет желілерін енгізуге күш салуда. International Communication Union қауымдастығының деректеріне сай, 2022 жылдың соңында дүниежүзі бойынша қала тұрғындарының 82 пайызы интернетке қол жеткізген. Ал ауылдық жерде бұл көрсеткіш 46 пайызбен шектеледі. «Цифрлық алшақтық» – 36 пайыз. Аз көрсеткіш емес әрине, дегенмен соңғы үш жылда едуір төмендегенін аңғартады.
Әрине, экономикасы жағынан қай елден болсын алда келе жатқан Еуропа бұл салада да дамушы елдерді артта қалдырған. Қазір мұнда қала мен ауыл арасындағы алшақтық іс жүзінде жойылды. Қалған аймақтарда жағдай жақсара түскенімен, нашар. Мысалы, Африкада 2022 жылы қала тұрғындарының 64 пайызы, ауыл тұрғындарының 23 пайызы интернетті пайдаланды. ЭЫДҰ елдері арасында Корея, Люксембург, Дания, Испания, Бельгия және Польшада «цифрлық теңдік» орнаған әрі интернет қолжетімді деп айтуға толық негіз бар.
Осы параметрлер бойынша Қазақстанды дамыған елдермен салыстырсақ та қисынды. Өйткені біріншіден, үздіктермен тең болуға ұмтылудың әбестігі жоқ, екіншіден, еліміздің жоғары көрсеткіштері олармен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Мәселен, Ranking сараптама орталығының мәліметтеріне сүйенсек, республиканың қалалық жерлерінде интернетке қолжетімділік – 94,7 пайыз, ауылдық жерлерінде – 94 пайыз. Сондай-ақ ауыл мен қала көрсеткіштерінің арасында алшақтық жоқ.
Жалпы, ауылдардағы интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан, ОА және ЕАЭО елдерін айтпағанда, көптеген дамыған елдердің өзін басып озады. Олардың арасында Бельгия, Польша, Германия, Жапония, Венгрия, Франция және басқалары бар.
Маңызды бір мәселе, рейтингте бізден жоғары тұрған елдердің территориясы Қазақстан аумағынан бірнеше есе аз. Сарапшылардың пікірінше, бұл интернетпен қамтамасыз етуді қиындатады. Әсіресе, ел неғұрлым үлкен болса, оны қамту үшін соғұрлым көп ресурс қажет. Мәселен, Қазақстан аумағы Кореядан 27 есе, Люксембургтен – 1 053, Даниядан – 63, Испаниядан – 5, Швейцариядан 66 есе асып түседі. Осындай елеулі айырмашылыққа және аймақтың ландшафттың алуан түрлілігіне қарамастан, еліміз бұл елдерден кем түспейді.
Сонымен қатар Қазақстанда халықтың 42 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады, ол да өз кезегінде «цифрлық теңсіздікке» әкеп соқтыратын негізгі фактор. Салыстырар болсақ, Кореяда ел азаматтарының тек 18,6 пайызы, Люксембургте – 8,6 пайызы, Данияда – 11,9 пайызы, Испанияда – 19,2 пайызы, Швейцарияда 26,1 пайызы ғана ауылдарда тұрады.
Түсінгеніміздей, барлық жерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) орнату өте қымбатқа түседі, сондықтан радиорелейлі желілер (RRL) жиі пайдаланылады. Бірақ мамандардың айтуынша, байланыс мұнаралары бір-бірінен тікелей көрінетін жерде орналасуы тиіс. Қайта қабылдау бекеттерін орнататын кейбір аудандарда жол және электр қуаты секілді инфрақұрылым да жоқ. Сондықтан мұндай елді мекендерде интернетке қол жеткізудің жалғыз амалы – жер серігі арқылы интернет тарату. Оның мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан, оңтайлы техникалық шешімдердің арқасында қазақстандықтар интернетті қалаларда да, ауылдарда да қолдануда.
Digital Brighe 2023 форумында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ешқашан интернет болмаған 10 мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы жылдамдығы 100 Мбит/с болатын ғаламторға қосылғанын айтқан. Президент жарты жыл ішінде Starlink технологиясы арқылы 2 000 мектепті интернетке қосуға рұқсат берді. Министр: «Бұл білім берудегі цифрлық трансформацияға негіз береді. Өйткені интернетке қосылмаған мектептерде оқыту процесіне инновациялық технологияларды енгізу қиын» деген болатын. Шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Драйермен кездескен еді. Жүздесуде StarLink қызметін Қазақстандағы, оның ішінде еліміздің шалғай ауылдарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жобасы аясында кеңейту жоспарлары талқыға түскен.
Ішкі нарық операторлары да мобильді немесе желілік тіркелген интернеттің қолжетімділігін арттыру жолында ауқымды бастамаларды жүзеге асырып та келеді. Мысалы, GSMA халықаралық ұйымы: «Мұндай жоғары көрсеткіш – ұялы байланыс операторлары мен үкіметтің нәтижелі жұмысының жемісі. Қазақстан Республикасында кең тараған ең тиімді жоба – «250+». Ол – цифрлық теңсіздікті жою бойынша мемлекет пен операторлардың тиімді жұмысының тамаша үлгісі» екенін атап өтті.
Айтса айтқандай-ақ, себебі аталмыш бағдарламаның арқасында Қазақстанның ең шалғай аумағында орналасқан 1,5 мыңнан астам елді мекен интернетке қол жеткізді. Олардың 900-інде бұрын мүлдем байланыс болмаған. Ал 2023 жылдың соңына дейін бағдарлама аясында 200-ден астам ауылдық елді мекендерге «кең жолақты мобильді қолжетімділікті» қосу жоспарланып отыр.
Британдық Cable агенттігінің зерттеулерінде интернет бағасы тұрғысынан Қазақстан 219 ел арасында екінші орынға ие болғаны көрсетілген. Баяндама түсіндірмесінде арзан баға интернет сапасына тікелей әсер етуі мүмкін деп жазылғанымен, еліміздегі ғаламтор сапасы көптеген дамушы мемлекеттермен салыстырғанда едәуір жоғары екендігі айтылады. Ел тұрғындары бұл жаңалықтың шындыққа жанаспайтынын жар салған болатын. Дегенмен халықаралық аренадағы фактілерді ешкім де жоққа шығара алмайды. Мұндай мәмілелер объективті емес, эмоционалдық реакция.
Сондықтан нарықтың барлық қатысушылары қызығушылық танытатын саланы одан әрі дамыту Үкімет, интернет-провайдерлер мен қоғам арасындағы теңгерімді тәсіл мен өзара іс-қимылды талап етеді. Әлбетте, елде бір жағынан саланы дамытуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін, ал екінші жағынан, халықтың кең ауқымы үшін интернеттің қолжетімділігін сақтайтын саясатты жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Интернеттің көптеген азаматтар үшін қолжетімділігі және тарифтердің шектелген өсуі сонымен қатар іргелес нарықтарды – банктік қызметтерді, саудадағы онлайн қызметтерді және электрондық мемлекеттік қызметтерді дамытудың шарты.
Мобильді интернет жылдам дамуда
GSMA Intelligence мәліметтері бойынша, 2022 жылдың соңында абоненттің мобильді трафикті тұтынуы дүниежүзі бойынша орташа есеппен 12 ГБ құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 17,2 ГБ. Қазақстандықтар Сингапур, Түркия, Италия және көптеген басқа елдердің тұрғындарына қарағанда трафикті көп жұмсайды. Тіпті, 5G енгізуді есепке алмаған күнде елдегі мобильді трафик 2019 жылдан бері 60 пайызға өсіп, бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. 2022 жылы ұялы байланыс операторының абоненттері 4 398 петабайт ұялы деректерді тұтынған. Ал 2023 жылдың 6 айында – 2 513 петабайт.
Байланыс операторлары Интернетті пайдаланудың мұндай жоғары деңгейі және трафиктің тұрақты өсу динамикасы ел мен қоғам үшін оң прогрестің тенденциясын көрсетеді деген пікірде. Қызметтердің қолжетімділігі және жұмыс істеу, оқу және онлайн байланыс орнату мүмкіндігі – елдің даму процестерінің көрінісі. Мұны халықты жұмыспен қамту құрылымының статистикасы да растайды. «Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындыққа жету жолында» баяндамасының деректері бойынша, 2021 жылы елде 1 миллионнан астам адам фрилансер болып жұмыс істеген. Бұл – жалдамалы жұмысшылардың жалпы санының шамамен 17 пайызы. Демек, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту және экономиканы цифрландыру қашықтан жұмыспен қамту нысандарының қарқынды өсуіне серпін береді деген қорытындыға келеміз.
2023 жылдың маусым айында Қазақстандағы тіркелген желілік интернет абоненттерінің саны (үй шаруашылығы) 2,8 миллион бірлікті құрады. Бұл –жалпы көрсеткіштің 46,5 пайызы. Осыдан 10 жыл бұрын, оның деңгейі 33,4 пайыз болатын. Сарапшылар, соңғы жылдары тіркелген желілік интернет абоненттерінің саны азайғанын айтуда. Оның себебі – халық мобильді интернеттің мүмкіндіктерін жиі тұтына бастауы. Соның әсерінен биыл алғашқы жарты жылдықта интернетке қолжетімді ұялы байланыс абоненттерінің саны 17,4 миллионға жетті. Қазір елімізде бәсекелестік жағдайында 65 интернет-провайдер жұмыс істейді. 20 миллионға жуық тұрғыны бар нарық үшін мұның өзі едәуір жоғары көрсеткіш. Ал ірі қалалардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары интернет қызметтерін бірден бірнеше, тіпті екі-үш оператор ұсынатынына еті үйренген. Бірақ ішінара бір оператордың мүддесі үшін басқа нарық ойыншыларының қолжетімділігін шектейтін тұрғын үй кешендері де кездеседі. Сонымен қатар тіркелген интернет желілерін жүргізуге кеткен инвестициялар көпқабатты үйлердің аудандарында ғана тиімді. Сондықтан елді мекендер мен ауылды жерлерде белсенділік төмен.
Дегенмен мобильді интернеттің дамуына ұялы байланыс операторларына салынған инвестиция көлемі де айтарлықтай әсер етуде. Мысалы, Tele2/Altel операторлары 2020–2023 жылдары 206 млрд теңгеге жуық инвестиция салған. Орташа есеппен операторлар желінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын 70 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсайды. Оған жалға алу, тасымалдау, жөндеу және электр энергиясы және т.б. шығындар жатады. Аталған салалардағы баға саясаты операторларды да айналып өтпейді. Мәселен, тек елдегі электр энергиясының құны 2022 жылдың 1-тоқсанынан 2023 жылдың 2-тоқсанына дейін 27 пайызға дерлік өскен. Салыстырар болсақ, «Мобайл Телеком-Сервис» мәліметі бойынша, бір базалық станция орташа есеппен 20 пәтерге қажетті электр энергиясын тұтынады. Яғни, желінің құны инфляция, энергиясы тарифтерінің өсуі, валюта бағамының ауытқуына байланысты жыл сайын өсіп отыр. Бір ғана инфляцияның бес жылдағы жалпы деңгейі 55 пайызға тең.
Экономикалық «ғажайыпқа» жол
Колумбия университетінің профессоры Йонас Хёрт дамушы елдердегі ЖІӨ-нің өсуі интернеттің қолжетімділігімен байланысты деген пікірде. Мәселен, Африка мен Оңтүстік Азиядағы кірісі төмен елдерде жыл санап ғаламтор байланысы орнығып келеді. Қазір жер шары ең шалғай аудандарды интернетке қосатын күрделі суасты кабельдерімен тығыз торланған.
Теориялық тұрғыдан интернетке қол жеткізу сұраныс пен ұсынысқа әсер ету арқылы экономикалық дамуға негіз болу ықтималдығы бар. Цифрлық мүмкіндіктер фирмалардың, жұмысшылардың және өндіріс процесіндегі басқа ресурстардың өнімділігіне тікелей ықпал етеді. Мысалы, онлайн сервистер жұмысшыларға тапсырмаларды тезірек және жоғары сапа стандарттарына сәйкес орындауға көмектеседі.
Ғаламторға қосылуға мүмкіндік алған сатушылар мен сатып алушылар тысқары жатқан нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ сатылатын өнімдер мен қызметтер туралы ақпараттың қолжетімділігі оның сапасына әсер етуі мүмкін. Мысалы, электронды коммерция фирмаларға өз өнімдерін ауылдық және шалғай жерлердегі тұтынушыларына жеткізуіне жағдай жасап отыр. Осы себептен де дамушы елдерде ауыз суы бармаған елді мекеннің ғаламторға қол жетіп отырғаны таңсық емес.
Әлемдік тәжірибе интернет инфрақұрылымы кеңейген елдегі жұмысшылардың жоғары жалақы алу немесе жұмыс табу мүмкіндігі жиілейтінін көреміз. Зерттеу барысында Вьетнам, Бразилия және Нигерияда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамыған тұста еңбек нарығында әйелдерге де жақсырақ жағдай жасалып, әлеуметтік мәселелері шешілгені анықталды. Сонымен қатар интернетке қосылу жұмыс өнімділігінің драйвері ғана емес, сонымен қатар дағдыларды дамытуда рөл атқарады.
Көршіден көш ілгері қалыптасты
1994 жылдың 19 қыркүйегінде Internet Assigned Numbers Authority дерекқорында елдің жоғары деңгейлі домендері тобына кіретін kz ұлттық доменіне қатысты бірінші жазба пайда болды. Алайда Казнеттің негізін қалаушылардың бірі Александр Ляховтың айтуынша, шын мәнінде интернет Қазақстанға ертерек келген.
1991 жылы сәуірде Алматыдағы «Парасат» халықаралық ғылыми-техникалық орталығының базасында Қазақстанда Relcom желісінің бірінші аймақтық түйіні ашылды. Ол негізінен UUCP хаттамасы бойынша электрондық пошта қызметтерін ұсынатын. Аз уақыт ішінде желі Қазақстанның ірі қалалары мен оның шекарасынан тыс – Ашхабад пен Бішкекке дейін таралды.
«1991 жыл КСРО-да интернеттің пайда болған жылы болып саналады. Алғашында бүкіл Одақ үшін бірыңғай su домені болды. Кейіннен 1994 жылы сәуірде ru, ал қыркүйекте kz домені іске қосылды. Интернет Қазақстанда Павел Гусев пен семейлік Relcom SL компаниясының, ресейлік «Relcom» АҚ провайдерімен бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында жұмысын бастады. Бастапқыда Қазнеттің негізін қалаушылар Семей облысындағы ядролық полигон мен Мәскеу арасындағы орнатылған байланыс желілерін пайдаланды. Әрине, ол кезде бізде «www» туралы әңгіме де болған жоқ», – дейді Александр Ляхов өз естеліктерінде.
1996 жылы Astel бүкіл елді байланыстыратын Интернет хабы мен деректер желісін құрды. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша Интернет қызметтеріне қол жеткізудің алғашқы провайдері еді. Сол жылдары Қазнет бәрі бірдей түсіне бермейтін энтузиастардың күшімен дамыды.
1998 жылы ADSL технологиясын қолданатын Қазақстандағы алғашқы деректерді беру желісі іске қосылды. Желінің құрылысы мен дамуына салынған инвестицияның бастапқы көлемі ғана шамамен 8 миллион АҚШ долларын құрады. Осылайша, Қазақстанның 18 қаласында цифрлық жерүсті байланысының жалпы сыйымдылығы бар 34 нүктесін орналастыруға мүмкіндік берді. Салыстырар болсақ, бірінші ресейлік ADSL желілері Tochka.ru және Web Plus 2000 жылдың мамыр айында коммерциялық пайдалануға берілді.
Бүгінде нарық қатысушылары Қазнеттің болашағы туралы айта келе, Қазақстанда Қытайдан, Ресейден және Еуропадан интернет-компанияларды тарту үшін барлық жағдай бар екенін жоққа шығармайды. Тек сол әлеуетті тиімді пайдалану – басты міндет. Үкімет бекіткен ұлттық жоба да сол себепті халық арасында көбірек үміт ұялатады.
Кәмила ЕРКІН
© инфографика: Елдар Қаба