Айта кетейік, аталған 117 әскери техника – Кеңес дәуірінің мұрасы. Су және МиГ маркалы ұшақтар неше жылдан бері әскери бөлімдерде қаңтарулы тұрған. Қорғаныс министрлігі AIQYN газетіне жолдаған жауабында: «Бұл ұшақтар өткен ғасырдың 70-80 жылдарында шығарылған. Техника Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде пайдалану мерзімінің белгіленген шегіне дейін қолданылып, кейін сақтауға қойылған», – деп көрсетеді. Министрлік мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға және қару-жарақ пен әскери техниканы кәдеге жарату ережелеріне сәйкес бұл ұшақтар пайдаланылмайтын әскери мүлікке жатады.
Әуелгіде 26 қазан күні электронды сауда-саттыққа шығарылған лоттың жалпы бастапқы бағасы 1,8 млрд теңге ($ 3,85 млн) деп қойылды. Бұл еліміздің төрт аймағында орналасқан 117 әскери ұшаққа белгіленген ортақ құн. Оның ішінде 1975–1989 жылдары шығарылған 81 ұшақ Алматы облысы Жетіген кентіндегі әскери бөлімде тұр, техниканың бастапқы бағасы – 1 019 782 199 теңге. Сондай-ақ Қарағанды облысында 11 ұшақ – 230,5 млн теңге, Семейде 10 ұшақ – 358,3 млн теңге, Шымкентте 15 ұшақ – 194,8 млн теңге деп белгіленген.
Тозған техниканы сату құқығы – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетіне қарасты «Қазарнаулыэкспорт» РМК-на берілген. Мекеме негізінен МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 және Су-24 ұшақтарын саудаға шығарып отыр. Техниканың тізімін дайындап, уәкілетті органға жіберген – Қорғаныс министрлігі.
«2023 жылғы 5 сәуірде пайдаланылмайтын мүлікті бөлу жөніндегі комиссияның отырысында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның пайдаланылмайтын мүлкін (жоғарыда көрсетілген авиациялық техника) «Қазарнаулыэкспорт» РМК уәкілетті ұйымы кәдеге жарату арқылы жою шартымен сатуға беру мәселесі де мақұлданды», – делінген министрліктің жауабында.
«Атың жаман болса, сатып құтыларсың» дегендей, министрлік тозығы жетіп тұрған «қанатты» техникадан осылай құтылмақ секілді. Алайда алғашқы сауда сәтсіз аяқталды. Ендігі мүмкіндік – екінші кезең, яғни 10 қарашада «Қазарнаулыэкспорт» Жетігендегі 81 ұшақтың бастапқы бағасын (1 019 782 199 теңге) төмендетіп, (509 891 099,50 теңге) қайта аукционға шығарды.
Мекеме сайтындағы ақпараттық хабарламада: «Қазарнаулыэкспорт» РМК ҚР Қарулы Күштерінің пайдаланылмайтын мүлкін жою шартымен өткізу бойынша электрондық сауда-саттықтың өткізілетінін хабарлайды, ол 2023 жылғы 10 және 14 қарашада сағат 10:00-де www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында өткізіледі», – деп жазылған. Металлолом саудасына шығарылған ескі МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 ұшақтарының әрқайсысы қаншаға бағаланып отырғаны жайлы нақты ақпарат жоқ, дегенмен олардың кейінгі буыны МиГ-35 ұшағының нарықтағы қазіргі құны 40-45 млн доллардың айналасында.
Дегенмен біз ескірді деп есептен шығарған МиГ-терді әлі де мініп жүрген мемлекет көп. Бұл ұшақтар – әсіресе, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың негізгі құралы. Ресей Украинаға қарсы «арнайы әскери операциясын» бастағанда МиГ-29, МиГ-31 және Су-24 ұшақтарын жаппай қолданған болатын.
Ашық дерек көздері соғыс басталмас бұрын Украина Қарулы күштерінде 40-қа жуық МиГ-29 ұшағы болғанын жазады. Golosameriki.com сайтының жазуынша, 1992 жылы Украина әуе күштерінің қуаты ұшақ саны (1,1 мыңға жуық) мен тікұшақ саны (900-дей) бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұрған. Украина өзіндегі артық авиация құралдарын 2014 жылға дейін әлемдік нарықта саудалап келді. Бұл ел жойғыш ұшақтар (истребитель) саудасындағы соңғы мәмілені 2014 жылы аяқтап, Хорватияға бес МиГ-21, Чадқа – 1 МиГ-29 ұшағын өткізді. 2022 жылы соғыстың алғашқы он айында Украина Шығыс Еуропа мемлекеттерінен кеңестік модельдегі 45 әскери ұшақ (көбінесе МиГ-29 және Су-25) сатып алды.
Отанның тыныштығын күзетіп, әуедегі қауіпсіздікті қорғауы тиіс бұл ұшақтар Ресейде соғыссыз да жиі құлап жататыны рас. Мәселен, былтыр 17 қазанда Ейск қаласында (Краснодар аймағы) Су-34 ұшағы 9 қабатты тұрғын үйге соғылса, алты күннен кейін 23 қазанда Су-30 ұшағы Иркутскіде құлаған болатын. Жалпы, 2022 жылы РФ аумағында әскери ұшақтардың қатысуымен 11 оқиға тіркеліпті.
Біздің елде ескі ұшақтар Ресейдегідей көп ұша бермейді, ұшпағаны да жақсы ма дейсің. Сондықтан тозған техниканы темірге өткізіп, көзін жоюдан өзге жол жоқ. Металлолом демекші, сатылымға шығарылған 117 әскери ұшақты кім сатып алатыны туралы деректі таппайсыз. Десе де, бір белгілісі сатылғаннан кейін бұл техникалар тұрған жерінде, яғни әскери бөлімдердің аумағында кәдеге жарату арқылы жойылуы тиіс. Сондай-ақ талап бойынша оларды тіпті қосалқы бөлшектерге де қолдануға болмайды. «Бұл техниканы басқа елдерге сату жоспарланбаған. Қарулы күштерде пайдаланылмаған техниканы есептен шығарудан және кәдеге жаратудан басқа, әскери-әуе күштерін оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін заманауи тікұшақтармен, жауынгерлермен және әскери-көлік ұшақтарымен жоспарлы түрде жарақтандыру жүргізілуде», – делінген Қорғаныс министрлігі жолдаған ақпаратта.
Ендігі мәселе, темірге өткізіліп, көзі жойылатын техниканың орнын қалай толтырамыз? Әрине, әскери техника, қару-жарақ есебі мемлекеттік құпияға жатады. Дегенмен еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайтып, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Мемлекет басшысы биыл халыққа Жолдауында қорғаныс саласына айрықша тоқталып, Қазақстан армиясын жоғары технологиялы әскери техникамен, заманауи ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен жабдықтауды тапсырған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, алдағы кезеңде қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу технологиясын игеру үлесін 55%-ға дейін, жаңғыртуды – 35%-ға дейін, қазіргі заманғы өндірістерді 70%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл тұрғыда үкіметтің алдында тұрған мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда отандық өндіріске басымдық беру, шетелдің технологиясын енгізе отырып, оқшаулау үлесі жоғары өндіріс циклін құру.
Бауыржан БАЗАР