Зейнеткер студенттер

Үйренуге, білім алуға құштарлық тек жастарға тән емес. Зейнет жасындағы ата-әжелер де оқығысы келеді.

Олардың жаңа технология, ағылшын тілі, құқықтық білім сияқты бірқатар сала бойынша дағды-машықтарын шыңдап, білім көкжиегін кеңейту үшін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Үздіксіз білім беру институты биыл екінші жыл қатарынан «Күміс университет» жобасын жүзеге асырып келеді. 

«Күміс университет» жобасы аясын­да егде жастағы кісілер 5 бағдарлама бойынша білім алады: қарым-қатынас пен саяхатқа арналған тілдік курстар, құқық, тарих, мәдениеттану және өнер­тану, сауықтыру бағдарламасы. Аталған университет былтыр 35 бағытта курс ұйымдас­тырса, биыл 18 бағыт бойынша курстарға өтінім қабылдауда. Бүгінге дейін мұнда 2 000-нан астам аға буын өкілі әртүрлі бағыттағы курстарға қа­тысу мүмкіндігін иеленіп, тиісті серти­фикаттарын қолға алған.

Курстарға қатысуға ниет білдірген­дердің басым бөлігі ағылшын тіліне, цифрлы сауат­тылыққа қызығушылық танытады екен. «Күміс университеттің» биылғы түлектерінің бірі – 80 жастағы Қайыпқали қария. Ақсақал немере­лерінің оқып жүрген ағылшын тіліне қызығып, бір жағынан үлгі болсын деген ниетпен курс сабақтарына жазылып, биыл жақсы нәтижемен тәмамдаған. 

Ағылшын тілі пәнінен қарияларға дәріс өте­тін мұғалім Айнаш Әлжанова­ның айтуынша, егде тартқан жандарға сабақ өту жастарға үйреткенге қарағанда киынырақ. Сөздің жазылуы мен ай­тылуында айырмашылық болуы оларға қиындық туғызады, сондықтан студент­тер кейде бір та­қырыпты бірнеше рет қайталап өтеді. 

«Қазір студенттерге ағылшын әліп­песінен бастап, әртүрлі тақырыптағы диалогтерді үйретіп жатырмыз. Мысалы, ойын-сауық орындарында, мейрамхана­ларда, әуежай мен теміржол вокзалы  кассаларында болатын диалогтерді жат­татып жатырмыз», – деді ол.

Ақпараттың қарыштап дамыған за­манында цифрлы сауаттылық пен ме­диа­сауаттылықты үйренуге ықылас біл­­дір­гендер саны біршама екен. Цифр­лық сауаттылық курсы зейнет­кер­лер­ге смартфонды, соның ішінде банк­тік қосымша­ларды пайдалануды, элек­трон­ды үкімет қызмет­теріне өтініш беруді және басқа да пайдалы дүниелерді оңай пайдалануға мүмкіндік беруге бағыттал­ған. Осы бағдарлама бойынша сабақ беретін педагогтер Әділет Серікқазы мен Жансая Тұрар білім алушыларға цифрлық сауаттылықты қолжетімді етуге және цифрлы қоғамда еркін өмір сүруге көмектесуге ниетті.

– Сабаққа 50 жастан асқан 40 студент қа­тысады. Аптасына бір рет келетін­діктен, көбі кей тақырыптарды ұмытып та қалады. Зейнет жасындағы адамдар үшін арнайы бір әдістеме жасалмаған, сондықтан әзірге оларға базалық дең­гейдегі тақырыптар өтіп жүрміз. Әр­қайсысы өз қызығушылық­тарымен келгені көрініп тұр. Бірі неме­ре­лерімен бір толқында болу үшін келсе, енді бірі сабаққа жас кезде алған білімін қайта жаңғырту үшін қатысады. Қазір олар компьютерде мәтін теріп, сурет салуды үйреніп жүр. Әрқайсысының сұрақ­тарына жеке жауап береміз, кейде үлгермей жатсақ, ерікті студенттер де келіп көмектеседі, – дейді цифрлық са­уат­тылық курсының мұғалімі Әділет Серікқазы.

«Күміс университет» ашылғалы бері са­баққа тұрақты түрде қатысып жүрген үлгілі студент­тердің бірі – 77 жастағы Гүл­жаһан әжей.

«Былтыр осындай курстың ашыла­тынын естідім. Ағылшын тіліне тіркелу­ге үлгермей қалғандықтан, әуелі фран­цуз тілі курсына қатысқан едім, енді биыл ағылшын тілінен де, цифрлық сауат­ты­лықтан да білімімді жетілдіріп жа­тыр­мын. Екі айдың ішінде курс жақ­сы нә­ти­­желерін берді, үйде отырып-ақ құжат­тарымды қарай алатын болдым, өзіме керекті ақпараттарды интернеттен оңай таба аламын. Қазір заман дамып жатыр, біз зейнеткер болсақ та, сол заман ағы­мы­нан тыс қалып қоймайық деп өзімізге арналған сабақтарға қаты­сып жатырмыз. Әрі немерелеріміз бар, оларға да үйрету керек», – дейді Гүлжа­һан әжей.

«Күміс университет» бағдарлама­ларының ішін­дегі тағы бір қызықты курстар – «Тоғыз­құмалақ», «Белсенді ұзақ өмір сүру», «Экономика­лық сауат­ты­лық», «Қазақ халқының әдет-ғұрпы», «Дағдарыстық психология негіздері». Қысқасы, курсты бітіргендер шетелге шыққанда да тосылмайтын, смарт­фон­ның тілін шемішкеше шағатын, қаржы­лай сауатты, денсаулықты қалай күтуді де білетін, нағыз заманауи, таны­мы кең ата-әже болып шығады. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ