Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Сауран ауданының кәсіпкерлерімен және инвесторларымен бизнес саласын талқылау бойынша кездесуінде айтылды.
Айталық, Түркістан өңірінде жиһаз кластарын қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Осылай деген облыс басшысы нарықтық бәсеке арқылы кәсіпкерлердің өндіріс қабілеттілігін арттырып, одан әрі сыртқы нарыққа бет алудың маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында Сауран ауданындағы жаңа жобалар таныстырылды. Бизнес саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Кәсіпкерлер өз кәсіптерін кеңейту мен ілгерілету бағытында кездесіп отырған кедергілер мен туындап отырған мәселелер туралы жеткізіп, қолдау сұрады.
Өз сөзінде Дархан Амагелдіұлы кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен жеңілдіктердің аз еместігін жеткізіп, олардың нәтижесін тілге тиек етті. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығын айтты.
– Түркістан өңірінде кәсіпкерлікті әрі қарай дамытып, жаңа деңгейге көтерудің маңызы зор. Бұл орайда жаңа жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ашықтық пен айқындылық ұстанымын ұстанып, өз кәсібін дамытуы керек. Өңіріміздегі кәсіпкерлердің креативті идеялар мен ұсыныстарын қолдаймыз. Бәсегеге кәсіпкерлердің өндіріс қабілеттілігін арттырып, одан әрі сыртқы нарыққа бет алу өте маңызды, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажетін айтты.
– Сіздердің бастамаларыңыз туралы үнемі хабардармын. Бізде жиһаз кластарын барынша дамытуға мүмкіндік мол. Қытай сапарынан кейін өздеріңізден жақсы бастамалар күтеміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз. Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осыған орай бизнес өкілдерін жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын, – деді облыс басшысы.
Кездесуде кәсіпкерлер субсидия алу, жер телімін бөлу, электр жарығы тарифінің бағасын түсіру, инфрақұрылым жүргізу сияқты мәселелер талқыланды. Кездесуге қатысқан мемлекеттік органдар мен монополист кәсіпорындардың басшылары кейбір сұрақтарға сол жерде жауап беріп, қажетті кеңес берді.
Кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтар талқыланып, оларға заң талаптары бойынша түсіндірілді.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін болады.
Сауран ауданына іс-сапармен барған өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан, ауыл әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы жобаның тиімділігін елге түсіндіріп, өз істерін бастауға қолдау көрсетіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұл бағыттағы ізденістерді жалғастыруды, тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаны сапалы жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті өнім шығару керегін айтты. Жергілікті әкімдік пен жауапты басқармаға жобаға қолдау көрсетуді тапсырды.
Айта кетейік, облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді.
Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21 млрд теңгені құрайтын 4 060 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 3 690 жоба қаралып, жалпы соммасы 17,6 млрд теңгені құрайтын 2 954 жоба мақұлданды. 13,3 млрд теңге көлеміндегі 2 236 жоба қаржыландырылды.
Ал Сауран ауданында 4 ауылдық округ таңдалған. Ауданда 260 жоба бойынша өтініш түскен. 1108,63 млн теңге көлемінде 174 жоба мақұлданған.
Облыс аумағында жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.
Өңір басшысы Сауран ауданы, Ескі Иқан елді мекенінде болды. Осында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Мұнда жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шығады деп жоспарланған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлер өнімдерін Түркістан және Қызылорда облыстарына өткізуді межелеп отыр.
Өңір басшысы Ескі Иқандағы М.Юлдашев атындағы спорт мектебінде болды. Жас спортшылармен кездесіп, үстел теннисін ойнады. Бүгінде аталған спорт мектебі жанынан 200 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Инвестор бұл жобаға 350 млн теңге жұмсамақ.
Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Авиценна» емханасында болды. Жекеменшік емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы. Медициналық орталық 100 адамды жұмыспен қамтиды. Заманауи орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен қамтылған.
Аталған нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды ауылды өркендетуге үлес қосатын инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстарын қолдану керегін айтты. Аудан әкіміне елді мекендерді дамыту жөнінде тапсырма берді.
Тельман БЕЙСЕН