Түркістан облысы ауыл шаруа­шы­лығындағы өнім көлемі бойынша республикада бірінші орынға шық­ты. Көкөніс, бақша өнімдерінен биыл рекордтық 3,3 млн тонна өнім жи­налды.
Шаруалар қуанышқа кенелген күн
1,004
оқылды

Қара күз оңтүстік өңір шаруалары үшін нағыз қайнаған еңбектің шыңы­рауы­на жететін қарбалас уақыт. Олай дей­тініміз – ала жаздай тырбанып еңбек етіп, табан ақы, маңдай терін төгіп бақ­қан малы мен еккен егінінің жемісін кө­ре­тін кез. Тап осы мезгілде шаруалар қыр­ман салып, мол өнімін жинап, семіз ма­лын пұлдап пайдаға кенеледі. Қазір қам­баларын астыққа толтырып, қыс қа­мына дайындық басталып та кеткен. 

Қашанда тынымсыз еңбекпен көпке үл­гі болып жүретін түркістандық шаруа­лар үшін биыл айтарлықтай жақсы жыл бол­ды деп айтуға болады. Айталық, Түр­кі­стан облысында ауыл шаруашылығын­да, жалпы өнім көлемі 802,6 млрд теңгені құ­рап, республика бойынша 1 орынға шық­ты. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 127,3 млрд теңгеге, нақ­ты көлем индексі 103 пайызға жет­кі­зіледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы жыл сайын оңтүстік жұртшылығы асыға күте­тін «Алтын күз–2023» мерекелік іс-ша­ра­сында белгілі болды.

Облыс орталығы Түркістан қаласын­да ұйымдастырылған «Алтын күз–2023» шарасында жәрмеңке өткізіліп, тұр­ғын­дарға арзан бағада азық-түлік өнімдері сау­даланса, көпшілікке мемлекеттік бағ­­­­дарламалар арқылы алынған ауыл шаруа­шылығы техникалары, облыс өн­дірушілерінің өнімдері және өзге де же­­­тістіктер көрмесі ұсынылды. 

Еңбегімен дараланған өңір жұртшы­лы­ғы ақ түйенің қарны ақтарылғандай бол­ған бұл күнді жаз бойы еткен еңбе­гінің жемісін көріп, мәре-сәре болып қуа­нышпен қарсы алды. 

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиынға Түр­кістан облысының әкімі Дархан Са­ты­балды арнайы қатысып, еңбек адам­да­рына құрмет көрсетті. Ол алдымен жәр­меңке мен көрмені тамашалап, «Тұ­ран су» мекемесіне 15 заманауи экска­ва­­торды та­быс етті. Одан кейін «Конг­рес­с холл» ке­шенінде өткен жиында ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы еңбек озат­тарын құт­тықтап, марапаттар табыс­талды. 

– Сіздерді жыл сайынғы тұрақты дәс­түрімізге айналған «Алтын күз» сал­танатты мерекесімен шын жүректен құт­­тықтаймын. Сіздердің еңбекте­рі­ңіз­дің арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Осы са­лада жалпы өнім көлемін ұлғайту бойын­ша республикада алғашқы орынға шық­тық. Ауыл шаруашылығы, тамақ өнді­рі­сінің негізгі капиталына тартылған ин­вес­тициялар 2 есеге дейін артты. Ауыл шаруа­шылығы дақылдары орналас­ты­рылған алқап өткен жылдан 9 мың гек­тар­ға ұлғайды. Көкөніс, бақша өнім­де­рі­нен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жи­нал­ды. Мал шаруашылығы көрсет­кіш­терінің өсімі 5 пайыздық деңгейде қам­тамасыз етілді. Ет экспорты бойын­ша облыс республикада көш басында ке­леді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайы­зы біздің өңірдің үлесінде. Биыл біз жы­лыжайларды көмірмен қамту мәсе­ле­сін реттедік. «Тұран су» кәсіпорнының жұ­мысын жүйелеп, техникасын жаңар­тып, су нысандарын қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқара білдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы ауыл шаруашылығында өнім­ділікті арттыруды тапсырды. Біз қайта өң­деу, өнімдерді сақтау, су үнемдеу тех­нологиясын енгізу, «Ауыл аманаты» жо­ба­сын сәтті жүзеге асыру бағытында жұ­мысты күшейтеміз. Сіздерді бүгінгі ме­рекемен құттықтай отырып, зор ден­саулық, отбасыларыңызға амандық, бере­ке мен бірлік тiлеймiн! – деді Дархан Аман­гелдіұлы.

Ауылшаруашылық саласының әлеуе­тін көтеру және инновациялық тәсіл­дер­ді де қолдану қажетін сөз еткен өңір бас­­шысы жүн және тері өнімдерінің қа­­зір­гі жағдайына да тоқталды.

«Мемлекет басшысы биыл Қазақстан хал­қына Жолдауында ауыл шаруашы­лы­ғы саласының әлеуеті орасан зор, бірақ қол­да бар мүмкіндіктер әлі де толық пай­­да­ланылмай отырғандығын атап өтті. Са­ланы тек инновациялық амал-тә­сіл­дермен ғана табысқа жеткізетіндігіне ерек­ше тоқталды.

Осыған орай, облыстың агроөнер­кәсіп­тік кешенінде шешімін табуға қа­жет­ті өзекті мәселелер жеткілікті. Оның ішін­де қайта өңдеу саласының бәсекеге қа­білеттілігін арттыру.

Қазір облыста өндірілген же­міс-көкөніс, ет, сүт өнімдерінің қайта өң­деу көлемі 20-25 пайыздан аспайды.

Ал тері, жүн өнімдерін өңдеу саласы то­­қырауда десек те болады. Біз осы са­ла­ны жаңғырту, жаңа инвесторлар тарту есе­бінен өңдеу көлемін 70 пайызға жет­кізуі­міз қажет», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңірдегі атқарылған жұ­мыстардан алда атқарылар міндет­тер­дің ауқымы мен жауапкершілігі өте жо­ғары екенін жеткізді.

Облыс әкімі мерекелік жиынға ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, мамандары мен ардагерлері жиналғанын ескере отырып, осы ауқымды шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Мерекелік шарада облыс басшысы бір топ азаматты Қазақстан Республи­ка­сы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шар­уа­­­­шылығы саласының үздігі» төсбелгі­сі­мен марапаттады. Сонымен бірге об­лыс­тың агроөнеркәсіптік кешенінде да­му көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген аудан, қала әкімдерін марапаттады. Бірінші орынды 9 айда 53,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, аг­ро­өнеркәсіптік кешенінің негізгі капи­та­лы­на 8,4 млрд теңге, тамақ өндірісіне 2.3 млрд теңге инвестиция тартып, көш бас­­­таған Қазығұрт ауданы әкімдігі жеңіп алды. Екінші орын Жетісай ауданының ең­беккерлеріне бұйырса, үшінші орынға Сайрам ауданы лайық деп танылды. 

Жиында облыстың аграрлық саласы­ның дамуына белсенді үлес қосып келе жат­қан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы саласының ең­бек­керлерінің құрметіне мазмұнды кон­церт­тік бағдарлама ұсынылды. Айдар Тұр­ғамбек, «Заман» тобы және Түркі­стан­дағы «Конгресс холдың» Jana lep ән­ші­лері мен өңірдегі танымал би топта­ры өнер көрсетті. 

Айта кетейік, Түркістан облысының аг­роөнеркәсіптік кешені жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын құрайды. Өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуының не­гізгі драйвері. Биыл егістікті әртарап­тандыру нәтижесінде масақты дақылдар 10 мың гектарға артып, 273,4 мың гек­тарға орналастырылды, 493 мың тон­на өнім жиналды. Малазықтық дақылдар 2 мың гектарға артып, 223,7 мың гектарды құра­ды, 5 млн тонна мал азығы дайын­дал­ды. Мақта саласын кешенді дамыту мақ­сатында Түркістан облысының мақ­та-тоқыма кластарын құру жобасы әзір­ленді. Облыста су үнемдеу технология­ла­рын пайдаланатын алқап 34 мың гек­­тар­ды құрайды. Оның ішінде тамшы­ла­тып суғару технологиясы 23 мың гек­тарға, жаңбырлатып суғару технологиясы 10 мың гектарға орналастырылған.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешен са­ла­сында биыл 16,7 млрд теңгені құрай­тын 25 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде 22 жоба іске асы­рылып, 14,1 млрд теңге инвестиция тар­тылды. Тоғыз айда ауыл шаруашы­лы­ғының негізгі капиталына 82,2 млрд тең­ге инвестиция тартылып, 145,9 па­йыз­ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспорты 250,3 млн АҚШ дол­ларын құрап, 1,4 есеге артты. 

Тельман БЕЙСЕН