Президент орталығында Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының 30 жылдығына арналған «Теңге – тәуелсіздік нышаны» атты қор көрмесінің ашылуы өтті.
Іс-шараға ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР уәкілетті орталық мемлекеттік органдарының, ҚР Парламент екі палатасының депутаттық корпусының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ шет елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты.
Көрмені ашқан Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат еліміздің ұлттық валютасы Әнұран, Ту, Елтаңба секілді басты атрибуттармен қатар жүретін тәуелсіздігіміздің бірден-бір нышаны екенін, сондай-ақ теңгенің халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстандық банкноттардың арқасында бүкіл әлемге Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Абылай хан, Құрманғазы, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Оқжетпес, Іле Алатауы секілді еліміздің киелі орындары танылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров өзінің сөзінде тәуелсіздік таңында еліміздің қаржы нарығының барлық инфрақұрылымын қалыптастыру үдерісі қандай қиын жағдайларда және рекордтық мерзімде өткендігімен бөлісті. Мәселен, Қазақстандық банкаралық валюта биржасы (қазіргі KASE) небәрі 5 айдың ішінде, ал бағалы қағаздарды шығару цехы 9 айдың ішінде құрылды. Қазақстандық монета сарайы, Банкнот фабрикасы және алтын-валюта резервтері үшін мемлекеттік қойма да тез арада құрылды. Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу бойынша орасан зор жұмыс атқарылып, ол бүгінде де республикамыздың экономикалық тәуелсіздігінің символы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасының бас директоры Жомарт Қажымұратовтың айтуынша, Қазақстан банкноттары жоғары сапалы және биік дәрежеде қорғалған. Мұны халықаралық сарапшылар да растайды. Қазақстандық банкноттарды Халықаралық банкноттар қауымдастығы үш жыл бойы (2011-2013 жж.) қатарынан әлемдегі ең үздік деп таныды. Айта кету керек, мұндай нәтижеге әлемдегі бірде-бір ел жеткен жоқ.
Көрмеде қазақстандық валютаға дүниежүзілік даңқ пен халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын берген, теңгенің алғашқы үлгілерінен бастап инвестициялық және коллекциялық монеталар, банкноттарды қамтитын қазақстандық нумизматика топтамасы ұсынылды. Ұлттық валютаның заманауи үлгілерімен қатар, көрмеде VIII – XIV ғғ. тиесілі ежелгі Қазақстанның түпнұсқа монеталары қойылған. Барлығы 200-ден астам экспонат.
Экспозициялар келесідей тақырыптық топтар бойынша жүйеленген:
- Қазақстанның ежелгі монеталары;
- ұлттық валютаны қалыптастырудың алғышарттары;
- халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық;
- ҚР Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы;
- коллекциялық, инвестициялық және естелік монеталар.
Іс-шара соңында құрметті қонақтар атынан ҚР Президенттік орталығының қорына Қазақстанның ұлттық валютасына арналған тақырыптық басылымдар берілді.
«Теңге – тәуелсіздік нышаны» атты көрме 2024 жылғы 15 қаңтарға дейін жалғасады.