1993 жылдың 15 қарашасы. Тәуелсіз елдің тұңғыш ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енген күні. Теңге қазақтың төл сөзі.
Дербестік кепілі
919
оқылды

Әуелгіде ұлттық валютаны «алтын», «сом», «ақша» деп атау жайында ұсыныс болған, кейін көпшілік мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежанов ұсынған теңге сөзіне тоқтайды. Ұлттық валютамызды шығару жас, тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды, айтулы оқиғалардың бірі еді. Десе де, теңдікке енді ғана қолы жеткен ел үшін өз теңгесін әзірлеу ісі оңайға түспегені анық.  

Жалпы, төл теңгеміз өзінің 30 жылдық ғұмы­рын­да төрт бірдей девальвацияны басынан өткергені туралы ресми түрде мойындалған. Алғашқы құн­сыз­дану 1999 жылы сәуір айында тіркелді. Еркін ай­на­лымға жіберілген ақша бағамы америка ва­лютасына қарағанда 85 теңгеден 150-160 теңгеге бірақ қарғыған болатын. Екінші девальвация араға он жыл салып 2009 жылы 4 ақпанда, үшіншісі – 2014 жылы 11 ақ­панда, төртінші рет – 2015 жылы тамызда болды. Сол жылы рубль бағамы күрт төмен­деп, қазақстан­­дықтар жаппай тауар, көлік алуға Ресейге ағылған. Мамандар осы төрт бірдей құнсызданудың әрқайсын­­­да ұлттық валютамыз орта есеппен 47%-ға арзандап отырғанын айтады. Одан кейінгі COVID–19 әлемдік пандемия салдары мен Ресей–Украйна қақтығысы да төл валютамызға кері әсерін тигізгені анық. Дегенмен осындай күрделі ахуалға қарамастан Ұлттық банк ұстанған саясат пен тұрақты қадағалау оң нәтижесін беріп келе жатыр.

Биыл қазақтың төл ақшасы – теңгенің айна­лымға енгеніне 30 жыл. Осы 30 жыл ішінде Ұлттық банктің басшылары да 12 рет ауысыпты. Оның ішінде екі рет төрағалыққа келгендер бар. Сонымен ең алғақшы төрағасы Ғалым Байназа­ровтан (1992 жыл қаңтар – 1993 жыл желтоқсан) бастап, Дәулет Сембаев (1994 жыл қаңтар – 1996 жыл қаңтар), Ораз Жандосов (1996 жыл қаңтар – 1998 жыл ақпан), Қадыржан Дамитов (1998 жылы ақпан – 1999 жыл қазан), Григорий Марченко (1999 жыл қазан – 2004 жыл қаңтар), Әнуар Сәйденов (2004 жыл қаңтар – 2009 жыл наурыз), Григорий Марченко (2009 жыл қаңтар – 2013 жыл қазан), Қайрат Келімбетов (2013 жыл қазан – 2015 жыл қараша), Данияр Ақы­шев (2015  жыл қараша – 2019 жыл ақпан), Ерболат До­саев (2019 жыл ақпан – 2022 жыл қаңтар), Ғалым­жан Пірметов (2022 жыл ақпан – 2023 жыл қыркүйек) бо­­лып жалғасты. Қазіргі бас­шы­сы Тимур Сүлей­менов 2023 жылдың 4 қыр­күйегінде тағайындалды. 

«Тар жол, тайғақ кешу» 

Тарихи шегініс. КСРО құлап, одақ құрамындағы республикалар өз алдына тарап кеткен соң Қазақ­станның алдында үлкен мәселе тұрды. Ресей­дің жаңа рублі аймағанда қалу керек пе, әлде өз валю­тасын шығару керек пе? Біріншісін таңдасаң, эконо­мика­­лық тұрғыда тәуелді боласың, екінші таңдауға тәуекел қажет. Өйткені бір орталықтан басқарылып, ортақ жүйеге бағындырылып құрылған экономика күн өт­кен сайын кері кетіп жатты. Қазақстандағы ин­­­­фля­ция деңгейінің көтерілгені сонша 1992 жыл­­дың соңын­­да гиперинфляция көрсеткіші 3000%-ды құра­ған. Тауарлар мен қызмет бағасы 50 есеге дейін ша­рықтап шыға келді. «Біз ұлттық валютасыз эко­но­миканы мынандай ауыртпашы­­­лықтан шығара ал­­­­­­­май­­­­­­­тынына көзіміз жетті. Міне, осыған байла­­ныс­ты Президенттің тапсырмасынсыз, өзіміз осы­ған қамдана бастадық. Ол кезде елдің Орталық банкі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне бағынатын», – дейді Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы Ғалым Байна­заров.

Айта кетейік, 1990 жылы 7 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР банкі қыз­мету тур­алы» заңды, ке­йіннен 1991 жылы 20 мау­­сымда «Ұлттық Мем­­лекеттік банк тура­­лы» қаулыны қабыл­дап үлгерген болатын.

Құрдымға кетіп бара жатқан экономиканы құтқару үшін жедел қи­мылдар көрсету қажет еді. Сол кездегі Қазақ КСР Ұлттық банкінің алдында үш бірдей үлкен міндет тұрды. Бі­рінші­ден – экономика­­ның негізгі салаларындағы ірі да­му ошақтарын сақтап қалу үшін шұғыл әрекет­тер жасау.

Екіншіден – Банк жүйесін аса қысқа мер­зім­де реформалау – Дер­бес банк жүйесін құру. Үшіншіден – ұлттық валютаны әзірлеп, айна­лымға енгізу. «1990 жы­лы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес егемендік туралы декларацияны қабыл­­дады. Бұрынғы Қазақ ССР Республикасы, Қазақстан болып аталды. Осындай тарихи романтикалық зор мәселелер кезінде банк басшылығына келдім, ол кезде бір қырықтың ішін­дегі жас жігіттер болатынбыз. Көңіліміз көтерің­кі, кез келген күрделі іске дайын едік», – деп еске алады Ғ.Байназаров. 

Кеңестік одақтың құрсауынан босаған респуб­ликалар бірінен соң бірі өз валютасын дайындауды бастап кеткен болатын. 1991 жылы Литва, Эстония, Беларусь, Украина рубль аймағынан шықты. 1992 жы­лы Латвия, Әзербайжан, Молдова, Өзбекстан өз валю­тасын енгізді. Тек Қазақстан тарапы асыға қойған жоқ еді. 

«Сол кезде С.Терещенко бастаған Үкімет мү­шелері Мәскеуге жиі барып жүрді де, «біз Ресей руб­лі аймағында қалатын болып келістік» деп мәлімдеді. Бірнеше рет келісімшарт та жасалды», – дейді Ғалым Байназаров. Ақыр аяғында 1993 жылдың басында рубль аймағынан шығатынын Грузия мен Қырғыз­стан, 26 шілдеде Ресей мәлім­деген. 1961 жылдан бері қолданыста келе жатқан КСРО ақшасы Қазақстан, Армения және Тәжікстан аумағында ғана жарамды болып қалды. Экономист Мақсат Халықтың айтуын­ша, бүкіл одақтың жарам­сыз сабан ақшасы Қазақ­­­станға ағылады. «Ресей жоға­рыда айтылған рубль аймағынан бірге шығамыз деген келісімдерге қарамай өздерінің жаңа рубльдерін енгізіп жібереді де Қазақ­­­­стан ең соңында қалды»,– дейді ол. 

Дегенмен осы оқиғалармен қатар, аса құпия түрде ұлттық валютаны әзірлеу жұмыстары да жүріп жатқан. 1992 жылдың көктемінде Президент Нұрсұл­тан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу мүм­кіндігін зерттейтін жасырын комиссия құрды. Бұл жұмыс жұмбақ жағдайда жүргені сонша ол жайын­да жеті-ақ адам білген. «Комиссия құрамына Прези­­дент Назарбаев­тың өзі, вице-президент Ерік Асан­­баев, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин, Жоғарғы Кеңестің Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Сауық Тәкежанов, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы ретінде мен болдым және орынбасар­ларым Мирсұлтан Тұрсынов пен Есет Қожамұратов енді. Банк тарапынан валюта әзірлеу жұмысы бізге жүк­телді. Жоғарғы Кеңестегі С.Әбділ­дин, С.Тәке­­­жанов­тармен үнемі кеңесіп, заңдылық жағын сұрап отыр­дық», – дейді Ұлттық банктің тұңғ­ыш төрағасы Ғ.Байназаров. 

Қазақстанға жедел әрі батыл түрде экономикалық реформаларды іске асыру керек болды және оны ақша-несие саясатынан бас­тау қажет еді. Жұмыс то­­­бы­­на қоса құпия жағ­дайда жаңа валютаның дизай­нын жасайтын шы­ғармашылық топ жасақ­­тал­­­ды. Белгілі суретші, дизайнерлер Меңдібай Әлин, Тимур Сү­лейменов, Хайролла Ғабжәлелов және Ағым­­­са­­­­­лы Дүзел­­ха­­­нов Алматы қаласының сыртын­дағы саяжай­да екі жарым ай жатып, ұлттық валюта дизайнын жа­сап шықты.

«Теңге жобасын» әзірлеуші комиссия бірнеше елдің ақша шығару тәжірибесін зерделей келе Ұлыбританияның «Харисон және оның ұлдары» банкнот фабрикасы таңдалады. Осылайша, алғашқы теңгені Harrison&sons компаниясы Лондонда басып шығарды. Өз елінде банкноттық фабрикасы жоқ, әрі ақша басып шығару саласынан тәжрибесі аз Қазақ­станның ұлттық валюта енгізудегі батыл қадамын шетел сарапшылары үлкен тәуекел мен ерлікке балап жатты. «Бір маңызды мәселені атап өту керек. Сол жылдары Ұлыбританияда жүрген қандастар да Қазақ­станнан барған мамандарға қол ұшын созып, жәрдемдескен. Аз ба, көп пе ондай көмектер де осын­дай мерейтой қарсаңындай айтылуы тиіс»,– дейді экономист М.Халық.

Ендігі мәселе теңгені елге жеткізу еді. Ең алды­мен Лондоннан құпия түрде тасымалдау үшін Қазақ­станның ұшағы болуы тиіс-тін. Өкіншке қарай, ол уақытта шетелге сапар, жүк тасымалы тек Мәскеу арқылы және ресейлік ұшақтармен жасалынатын. «Ағыл­шын тілін білетін, командирі қазақ ұшақ экпажын табу қиын болды. Бәрі де орыс ұлтынан еді. Амал жоқ ресейлік «ИЛ-76» ұшағын жалдап, арнайы контейнерлерге салынған банкноттарды тасыдық, сенсеңіздер жүк көлемі 18 рейс болды», – деп еске алады Ғ.Байназаров. Құпия жағдайда Лон­дон­нан жөнелтілген жүк кедендік тексеруге жатпай­тын «құ­пия үкімет жүгі» санатына жатқыз­ылды. 

Алайда төл теңгеміз 1993 жылдың сәуір айында елге жеткізілгенімен қолданысқа бірден ене алған жоқ. Құпия түрде Тараз бен Солтүстік Қазақстандағы қоймада жатты. Осындай айнымалы оқиғалар жылдам жүзеге асып жатқан шақта 1993 жылдың кү­зінде Ресей үкіметі Қазақстанға өзгеше шарт қояды. Яғни, Ресейдің жаңа рубль аймағында болу үшін Қазақ­стан өз алтын-валюта қорын басқаруды Мәс­кеудің қолына беруі тиіс еді. Бір жағынан Ресей­дің осы өктем шарты жалтақтап отырған рес­публика үкіметінің жылдам шешім қабылдауына түрт­кі бол­ған­­дай. Ақыр аяғында 1993 жылы 12 қара­шада тұңғыш Президент ұлттық валюта – теңгені айна­лым­­­ға енгізу туралы Жарлыққа қол қояды. Дәл сол күні Н.Назарбаев мемлекеттік телеар­на арқылы Қазақ­стан халқына үндеу жолдап, ұлттық валютаны таныстырды.

Ескі үлгідегі ақшаны Қазақстанның төл валю­тасына айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталды және үш күн бойы рубль мен теңге парал­лелді жұмыс істеді. 1993 жылдың 18 қараша­сынан бастап ұлттық валюта – теңге Қазақ­­стан аум­ағын­­дағы жалғыз заңды төлем құралы мәртебесіне ие болды. Нәтижесінде, айналымнан 950,6 млрд рубль алынып, оның орнын төл теңгеміз басты. Тең­­ге­­нің ең алғашқы Ұлттық банк бекіткен бағамы бір долларға 4,69 теңге болды. Десек те, төл валюта ай­на­­­лымға енгізілген күннен бастап жылдам құлды­рай бастады. Мамандар оның себебін әуелден айыр­бас бағамы дұрыс болмады деп түсіндіреді. Соған сай, теңге бағамының құлды­рауы алғашқы екі жыл­да рекорд­­тық – тарихи макси­мум көрсеткішке жетті. Ұлт­тық валюта 1995 жыл­дың соңында 11,6 есе төмен­деді (1158,4%). 

Күллі қазақтың мақтанышына айналған тең­генің тұңғыш келбеті бүгінде музейлерде сақтау­лы тұр. 1995 жылдың мамыр айында Қазақстанның тұң­ғыш банкнот фабрикасы ашылды. Қажетті жабдықтар мен заманауи технологияның арқасында теңгені өз елімізде шығруға мүмкіндік туды. Арада үш жыл өт­кен­де, 1998 жылы Монета сарайы ашылды. 2006 жылы ұлттық валютамыздың дизайны жаңар­­тылып, теңге арқылы еліміздің тарихи және қазіргі заманғы көрікті жерлерін насихаттау тұжырымдамасы негізге алынды. 

Теңге тарихи қызметін атқарып келеді

Бүгінде теңгенің бағамын нарық реттеп отыр. Ел экономикасы өсіп, ішкі жалпы өнім ұлғайғалы бері теңге тұрақты, әрі сенімді валюта ретінде жұрт­шылық назарын аудара бастады. Экономист Мақсат Ха­лықтың пікірінше, қазір теңге өзінің функциясын атқарып келе жатыр деп айтуға негіз бар. 

«Бір кездердегі бүкіл тұрғын үйдің, жылжы­май­тын мүліктің, көліктің бағасының бәрін біз доллармен белгілеп, доллармен қойып жататынбыз. Қазіргі уақытта қарасақ, оның барлығын біз тең­гемен өл­шей­міз. Сондықтан төл теңгеміздің бүкіл экономи­ка­лық жүйеде, тұтас бір өзінің рөлі бар деп атап өту керекпіз», – дейді ол. 

Қазір теңге көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерінде еуро, доллармен бірге айна­лымда жүр. Яғни, ол елдерде теңгені сатып алуға құ­қық бар, бұл қазақ валютасына деген сұраныстың дә­лелі болса керек. Сондай-ақ төл теңгеміздің цифр­лы нұсқасын шығару қолға алынып отыр. 

«Цифрлы теңгені шығаруды өз басым тарихи оқи­­ға деп білемін. Ресей ол туралы енді ойлана бастады. Қазір әлемде Блок чейндж технологиясы үстемдік құра бастады, бұл – заман талабы. Енді тек цифрлы теңгенің құпиялылығын, хакерлік шабуыл­дарға қар­­сы тұра алатын қабілетін, қауіпсіздік мәселесін рет­теу­­­міз қажет», – дейді Мақсат Халық. 

Жалпы, ұлттық валютаның құны ел экономика­сының өсіміне және шетел валютасына қатынасына қарай белгіленіп отыратыны айқын. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы қазан айының қорытын­дысы бойынша теңге бағамы 1,1%-ға нығайды. Алтын-валю­та резервтері 2 млрд долларға ұлғайып, 34 млрд долларды құрады. 2023 жылдың 10 айында Ұлттық қорда 1,83 млрд АҚШ доллары көлемінде оң ин­вестициялық табыс қалыптасып, валюталық актив­тердің көлемі 56,3 млрд доллар болды.

Теңге – тәуелсіздік тірегі, экономикалық дербес­­тіктің кепілі. Ұлттық валюта ұлттық эконо­микамыз­­­дың іргетасын қалауға ықпал етті. Біздің теңгеміз 30 жыл ішінде өзінің тарихи функциясын толығымен орындап шықты және өз құндылығын әлі де дәлел­­­дей бермек.

 

Ғалым БАЙНАЗАР,

Ұлттық банктің экс-төрағасы:

Теңгесіз біздің экономика басқарылмайды. Сон­дықтан экономикадағы ең басқару құрал, тірі құрал ол – теңге. Теңгеде мемлекеттік саясат, экономикалық саясат, ұлттық саясат жатыр. Біз төл валютамыздан ешқашан айырылмауымыз керек. Ұлттық банк ақша-несие саясатымен айналысып, алтын-резерв қорын жинақтасын. Екінші деңгейлі банктердің жұмысын қадағалап, экономиканы қаржылындыру керек. Мем­лекеттік активтерді, алтынды халықтың табысымен байланыстыра жұмыс істеуі қажет. 

Мақсат ХАЛЫҚ,

экономист:

Бізде көбінесе Ұлттық банктен сұралып жатады, Ұлттық банкке нақты талап қойылып жатады. «Ин­фляциямен неге күреспей жатырсыңдар?» деген сияқ­ты. Бірақ бұл жерде Үкіметтің мойнында да үлкен жауап­кершілік бар. Ол Үкіметтің үлкен индустриалды бағдарла­маларымен байланысты. Егер елімізді өзіміз тауар өндіретін болсақ, егер елімізде импорттық тауарлардың орнын алмастыратындай қарапайым заттар өндірілетін болса, мұның барлығы түптеп кел­ген кезде теңгеміздің құнды болуына өзінің септігін тигізеді. Халықтың табысы да жыл сайын өсе түседі.

Бауыржан БАЗАР