Қазір қамбаға 11,4 млн тонна бидай құйылғаны белгілі болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзі айтып берді. Еске сала кетсек, биыл елімізде жал­пы аумағы 23,4 млн гектар егіс алқаптарына түрлі дән­ді дақыл себілген болатын.
Астық нарығындағы алаң
964
оқылды

Қамбада қанша астық бар?

Министрдің айтуынша, осы жылы дақылдардағы орташа тү­сімділік гектарына 9,7 центнер болған екен. 

«Бүгінде еліміздің барлық өңірінде астық жинау аяқталудың соңғы сатысында тұр. Облыс әкім­діктерінің берген деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 центнер/гектар бастапқы салмақ­та 16,4 млн тонна астық бас­тырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай», – деді министр. 

Еліміздегі дәнді-дақылдар бө­лінісінде бидай жиналатын алқап 13,4 млн гектарды құраған. Ал май­лы дақылдар 1,9 млн гектар немесе 68%-ды көрсеткен, қазір 1,6 млн тонна майлы дақыл тұқы­мы жиналды. Оның ішінде күн­бағыстың орташа өнімділігі 11,6 центнер/гектар болып, 747,5 мың тонна­сы қамбаға бастырылған. Картоп болса 168,8 мың гектар аумақтан толығымен жиналып, 3,5 млн тон­наны құраған. Көкөніс дақыл­дарына келер болсақ, барлығы 162,4 мың гектар алқаптан жи­налған түсім 4,3 млн тоннаға жет­кен. Сарапшылардың сөзін­ше, бұл онша жаман көрсеткіш емес. Десе де, бұдан да мол өнім алуға мүм­кіндік бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

«Ауа райының қолайсыздығына қа­­рамастан биыл жалпы жиналған астық – 16,4 млн тонна. Бұл енді елі­мізді нан, ұн және макарон өнімде­рімен қамтамасыз етуге толығымен же­теді. Лицензияланған астық қабыл­дау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн тонна – 3-сұрып астығы», – де­ді министр Айдарбек Сапаров оты­рыста берген есебінде. 

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәлімет бойынша, биыл фермерлер үшін оңай жыл бол­мағанын, негізгі астық егетін өңірлерде жауын-шашын толығымен 25 күнге созылған айтқан. Десе де, күздің соңы жақсы болғандықтан, шыққан астық­тың барлығын шығын етпей қамбаға тасып үлгергенге ұқсаймыз. 

Мемлекет басшысының ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілеріне қажетті қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Үкімет егіннің сапасына теріс әсер еткен қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарын барынша азайту жөнінде шаралар қабылдады.

Айта кету керек, ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қабылдау Азық-түлік корпорациясы анықтаған лицензия­ланған астық қабылдау кәсіпорын­да­рына алдын ала төлем сомасына жүзеге асырылады.

Мемлекет бидайдың құнын түсірген жоқ

Форвардтық сатып алулар мен тауар­лық несие бойынша шаруаларға айыппұл төлемей 1,05 немесе 5% коэ­ффи­циенті бойынша 3-сұрыпты би­дайды 4-сұрыпқа ауыстыру арқылы өз міндеттемелерін ақшалай қаражатпен орындауға мүмкіндік берілді. Міндет­темелерін орындай алмаған ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерге банктік сыйақылар арқылы қайтарым­ды тек 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін бір жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылды. Мем­лекеттің қолдауы бұл жолы диқан­дар үшін аса қолайлы болғаны да шын. Мұндай жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ауыл шаруашылығының дамуына, жә­не қиын жағдайда тығырықтан шығуға тыныс беретіні тағы бар. 

Құрғақшылықтан зардап шеккен еліміздегі 232 ауыл шаруашылығы т­уар өндірушілерге бүгінге дейін 1 млрд теңге­ден астам қаржы төленді. Төтен­ше жағдайды жоюға Үкімет резервінен қосымша 3,7 млрд теңге бөлініп отыр. 

Біздің астықты кім алады?

«Ақ Бидай – Терминал» АҚ арқылы 2023 жылдың соңғы айлары бойынша 121 мың тонна астық жөнелтілген. Жөнелтілген астықтың басым көпші­­лігі Иран Ислам Республикасы бағыты болып отыр. Биыл қазан айында экспорттаушылардан 2 000 тонна кө­ле­мінде астық жөнелтуге өтінімдер келіп түсті. Астық терминалы арқылы астық тиеудің 2023 жылға арналған жылдық жоспары 400 мың тоннаға дейін жеткізіледі деп көзделуде. 

Кеше ғана Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҚХР 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойды. Қытайда өткен 6-шы ха­лық­ара­лық импорт көрмесі аясында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен C.P.Trading компаниясы арасында әріптестік меморандумына қол қойыл­ды. Осылайша, қытайлықтар Қазақ­станнан 200 мың тонна астық сатып алуға уағдаласып отыр. 

Астықтың сапасы тым төмен

Дегенмен осы жылдың жазы аптап ыстық пен құрғақшылық болғаны шын­дық. Ал егін жинау науқаны бас­тала бере еліміздің барлық өңірінде жауын-шашын молайып, астық жинау жұмысына әжептәуір кедергі келтірді. Мамандардың мәлімдеуінше, осы күз­дің тұп-тура 25 күнінде толассыз жаң­быр болғанын жоғарыда айттық. Ас­тық жинау уақытының мұнша үлкен кедергіге ұшырауы тәуелсіздік жыл­­­дар­­­­дан бергі уақытта бірінші рет орын алып отыр. Шаруалар шаршап, ми­нистр­­лік мәніне бара алмай жатқан­да Президент өзі пәрмен бе­ріп, жағдайды біршама оң арнаға бұр­ған. Десе де, әупірімдеп жүріп орақ жүргіз­ген ди­қандар бүгінде жұмысты аяқта­ған. Ай­тылған қолайсыздық­тар­дың салда­ры­нан еліміз жоспардағыдан 6 млн тонна өнімді кем орғаны белгілі болды. Министр Айдарбек Сапаров жағдайға байланысты бидай сапасы­ның да күрт төмендеп кеткенін баян­даған. 

Елімізде өткен жылы үшінші-төр­тінші сұрыптағы астық шамамен 90% болса, қазір элеваторларға жет­кізіл­ген астықтың алдын ала деректері бойын­ша, ұн дайындауға қажетті үшінші сұрып шамамен 35%. Төртінші сұрып 20%-дан асады. Дегенмен үшінші және төр­тінші сұрыптағы бидайлардан еш қо­рықпай қажетті ұн өнімдерін жасай бе­руге болады. Ал сапасы одан төмен бо­лған жағдайда астық мал азы­­ғы резервіне жіберіледі. Демек, алдағы 2024 жылы да ұн бағасы төмен­демейтін түрі бар. Қымбатшылық қар­­қын алса, астық өнімдері мен ұнды тағы да Ре­сей­­ден тасымалдайтынымыз байқалып тұр. Бір өкініштісі, солтүстік көршіміз­ден әкелініп жатқан астық пен ұнның дені заңсыз жолмен жет­кізіледі екен.

Жоғарыдағы айтылған мәселелер­дің басын саралай келе, астық сапасы­ның төмендігі мен өткен жылғы қам­ба­да­ғы мол өнімнің түгесіле бастағаны салдарынан елімізде ұнның бағасы күрт өскен. Көтерілген ұн бағасының қайта төмендейтін түрі байқалмайды. Қара базардағы 50 келі 1- сұрыпты ұн бағасы осыдан 2 ай бұрын 8000 теңге бол­са бүгінде 15 мың теңгеден сау­далануда. 

Премьер-Министрдің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен кеңес өткен. Отырыста ұн бағасын төмендетуге байланысты шаралар қа­былдану үстінде екен. Бірақ ұнның тұрақты бағада қалар түрі жоқ. 

Биылғы бидай жемге ғана жарай ма?

Осы жылы Ақмола облысында да егін түсімі жылдағыдан екі есе төмен­деп кеткен. Былтыр астықты өңірден орташа өнімділігі гектарына 12 цент­­нер болса, биыл 5-6 центнерге жетер-жетпес қана. 5 миллион гектар­дан астам алқапқа егілген екен. Жи­налған астықтың ештеңеге жарамай­тын түрі бар. 

Өңірдегі «Каменка и Д» ЖШС басшысы білікті шаруа Алексей Джей­ра­­­­нов толассыз жауған жауынның сал­дарынан орақ науқаны жылдағы уа­қыттан шамамен 20 күнге кешігіп қалғанын айтады. Ол биыл 17 мың гек­­тар алқапқа егін еккен. Күні бүгінге дейін астықтың 50 пайызынан ас­тамын ғана жинап алыпты. «Оған қоса, егін­нің сапасы да айтарлықтай төмен», – дейді диқан.

«Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніме 24 жылдай бол­ды. Мұндай жағдайды осыған дейін көрмеппін. Әрине, бидайдың біразын жинып алдық. Бірақ оның сапасы тым төмен. Былай айтқанда, жемге ғана жарайды. Ал мұнша жемнің кімге ке­регі бар, оны білмеймін. Шығынға ба­тып жатырмыз», – дейді. Шаруа ал­­қаптарынан жиналған бидайдың келер жылы тіпті тұқым ретінде мүлдем жара­майтынын айтып налып отыр. 

«Шопан ата» жалпыұлттық қозға­­­лысының төрағасы Алмасбек Садыр­баев болса, еліміздің ауыл шаруашылы­ғы саласында нағыз драмалық құбылыс жүріп жатқанын айтады. 

«Менің болжамым бойынша, бо­лып жатқан жағдайға байланысты жа­қын арада елдегі фермерлердің шама­мен 25-30 пайызы жұмысын түгел тоқтатады. Оларды арзан ресей­­лік, түрікменстандық және басқа да импорттық өнімдер тұншықтырып жатыр, соның кесірінен ауылшаруа­шылық өндірушілеріміз өз өнімдерін сата алмауда. Фермерлер несиелік құлдыққа түсіп, өз міндеттемелерін өтей алмай отыр», – дейді ол.

Оның болжамының қаншалықты дәлелі бар екенін білмейміз, дегенмен дәл осы астық пен тұқым шаруашылы­ғына байланысты елімізде бірталай мәселе барға ұқсайды. Ел шаруалары мен Үкімет құрғақшылыққа төзімді тұқым іздеп әуре болып кеткен шақта биыл аяқасты жаңбыр молайып, ыл­ғалға төзімді астық сорты қат бола қалды. Енді ғалымдар мен шаруаларға және билікке сорттың мұндай түрі де аса қажет. Ел болып тұқымының ыл­ғал­ға төзімді түрін іздеп кеттік. 

«Тұқым шаруашылығына қауіп төніп тұр. Солтүстік өңірлерде Ресей­ден келген тұқым өндірушілердің ша­ғым­дарына толы. Қостанай облысын­дағы әріптестерімнен Ресей Фе­­­де­­ра­­ция­сында 20 жыл бұрын өндіріл­ген «Омская 36» және «Омская 18» бидай сорттарын пай­даланғаны үшін 20 мил­лион теңге гонорар өн­­­­­дірілді. Жауап­­­кер олардан бұл тұқым­дардың бір гра­­мын да сатып алмаған, бірақ өн­ді­­­­ру­­­ші­лер тұқымға зияткерлік меншік құқығын талап етіп отыр», – деді Қа­ра­балық ауылшаруашы­лық тәжірибе стансасының (ШОС) басқар­ма төраға­­сы Дамир Қалдыбаев. 

Демек, келесі жылы біз астық тұ­қымы өзімізде болмай, бар болғанда да жет­пей қалса, көршімізге алақан жаяры­­­­мыз сөзсіз. Ал сұрап алған тұ­қым­­ның қайтарымы сан есе болып кетер болса, биылғы астық пен ұн мә­селесі келер жылы да туындап шыға келмесіне кім кепіл?!

Бердібек ҚАБАЙ