Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Топар ауылында өткен айдың аяғында жарияланған карантин алынып тасталды. Карантиннің себебі күйдіргі анықталып, ауру жұқтырған бір адамның қайтыс болуы еді. Күйдіргінің күйігі бір ауылды ғана емес, облысты әбігерге салып қойды.
Күйдіргінің күйігі
593
оқылды

26 қазанда Топар ауылында сібір жа­расының ошағы анықталған-ды. Ин­­фекция көзі жеке шаруа қожалы­ғы­­ның бұқасы екені анықталып, оның өлексесі жойылды.

Ауру жұқтырған бір тұрғын жұқпалы аурулар орталығында көз жұмды.

«Дәрігерлер қабылдаған барлық ша­­раға қарамастан, сібір жарасын жұқтыр­ғаннан кейін жансақтау бөлімінде жат­қан 1948 жылы туған науқас қайтыс бол­ды. Өлім күйдіргінің ауыр кезеңіне және қатар жүретін аурулардың болуына байланысты болды», – деді облыстық Денсаулық сақтау департа­ментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар департаменттегілер түсіндіргендей, медициналық көмекке кеш жүгіну де әсер еткен. Ауру жұқ­­тыр­ған қалған науқастардың жағдайы тұ­­рақты. Кейін ауылда карантин енгізіл­­­гені хабарланды.

Сол уақытта Абай қаласының кіре­берісінде полиция бекеті қойылып, санитарлық тексеру жұмыстарын жүргі­зе бастады. Ал ауылға Жартас жақтан кіретін екінші жол жабылды. Сонымен қатар елді мекеннен мал және сүт өнім­­де­­рін алып кетуге немесе кіргізуге ты­­­йым салынды. Мал союға және аумақтан жем-шөп тасуға да рұқсат жоқ.

Қауіпсіздік шарасын ойластырған облыстық Санитарлық-эпиде­миоло­гиялық бақылау департаменті жұқпалы дерттен қайтыс болған Топар ауылының тұрғынын мырышталған табытқа салып, жерледі. Басқарманың мәліметінше, ер адамды жерлеу кезінде аса қауіпті ин­­фек­­цияның одан әрі таралуына жол бер­меу үшін барлық санитарлық-эпи­демиологиялық талапты сақтау қажет. 

«Сібір жарасынан қайтыс болған адамдарды жерлеу эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтай отырып, мы­­рышталған, герметикалық табытта дез­ин­фекциялау құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі. Қабірлерді қазу, тасымалдау және мәйітті жерлеу үшін 3-5 адамнан тұратын топ жасақталады. Адамдарға жұмыстарды жүргізу тәртібі, жерлеу ерекшеліктері, қорғаныш кос­­тюмін пайдалану ережелері және жеке профилактикалық шараларды қатаң сақтау туралы мұқият нұсқау берілді», – деп хабарлады Қарағанды қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің баспасөз қызметі.

Аталмыш ведомство хабарлағандай, мәйітті жерлеу орнына жеткізу үшін оңай дезинфекциялауға болатын көлікті пайдалану керек. Жерлеуден кейін кө­лікті ғана емес, сонымен қатар барлық құ­ралды, қорғаныс киімдерін мұқият дезинфекциялайды. Дезинфекция жер­леу орнында қатаң белгіленген ереже­­лерге сәйкес жүргізілді.

«Жерлеуге қатысқан адамдар кезең бойынша дәрігерлердің бақылауында болады», – деп атап өтті облыстық Са­нитарлық-эпидемиологиялық бақы­­лау департаменті.

Енді 15 күнге созылған карантин де, ауылға кіреберісте тұрған бағана да алынып тасталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау ко­­митетінің Қарағанды облыстық ин­спек­­­циясы ауылда карантиннің алы­нып тасталғаны туралы қаулының күшіне енгенін мәлімдеді. 

– Топар кентінде 9 қарашадан бастап карантин алынып тасталды. Шектеу ша­ралары кезінде арнайы пеште дерт анық­­­­талған өгізшенің еті жойылды, бар­­лық қажетті алдын алу шаралары жүргі­­зілді. Аулаларды аралау және дезинфек­­­циялау жүргізілді, барлық малға вакцина салынды, халықпен әңгіме жүргізілді. Адамдар мен мал арасында инфекция­­­­­ның жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Бірақ жағдай бақылауда болады, – деді Ветеринариялық бақылау және қадаға­­­лау комитетінің Қарағанды облыстық ау­мақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев.

Ауылда сібір жарасы анықталғаннан кейін осы аралықта адам да, мал да ауыр­­­­­ма­­­ған. Қазір ауылдағы барлық мал басы­на сібір жарасына қарсы екпе егіл­ген. Сарап­­шы­­лар инфекция көзін әлі іздестіруде. 

– Малдың ауруды жем-шөп арқылы жұқ­­тыруы мүмкін деген нұсқа бар. Өйт­­ке­ні қожайындары малын жайлауға шы­ғармаған. Біз сынақ үшін бірнеше жем үлгілерін жібердік. Сынақ нәти­­­­­­жесін кү­те­­міз, – деді Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­­­лігі Ветеринариялық бақылау ко­­ми­­­теті­­нің Қарағанды облыстық ин­спек­­­циясы бас­шы­сының орынбасары Да­нияр Мер­­­ғазин.

Сондай-ақ ол вакцинадан соң малды 14 күннен кейін ғана қатаң түрде тек арнайы белгіленген жерде және вете­­ринар­дың қарауынан кейін союға бола­тынын ескертті. Ауру жануарды союға тыйым салынады.

Толассыз жауған жауын да елді әбі­герге салуда. Мал қазір жайылымда. Ал жаңбырдан кейін арнайы полигондарда көмілген төрт түлік өлексесі ашылып қалғанын айтады ауыл тұрғындары. Сон­­­­дықтан «соған да назар аударса екен», – дейді олар.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ