Биыл сәуірде газе­тімізге Жетісу облысы Сарқан ау­да­нындағы Тасқұдық ауылында мектептің жоқтығы туралы «Тасада қал­ған Тасқұдық» атты мақала жа­рық көрген еді.
Тасқұдықта тұрғындар мектеп тұрғызды
798
оқылды

Онда былтыр педагогтердің тамыз конференциясында «Жетісу облысында бірде-бір апатты және үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ» деп айтылған сөздің шындыққа жанаспайтыны, өңірде үш ауысымда оқытатын, апатты жағдай­дағыны айтпағанда, оқушылардың білім алуына мүлде келмейтін мектептер бар болып шыққаны, сондай білім ошақтары­ның бірі Сарқан ауданындағы Тасқұдық ауылында орналасқаны жазылған болатын.  Шағын  елді мекендегі бас­тауыш мектепте оқитын жеткіншектер едені шіріп, ойылған, қабырғасы қақырап, құлау алдында тұрған ғимаратта білім алуға мәжбүр екені, аумағы 100 шаршы метр болатын мектептің сынып­тары да тар әрі сабақ оқуға қолайсыз еке­ні айтылған. Мектептің сыртқы кел­беті де оңып тұрмағаны, сыртына қарап мұнда балалар білім алады деудің өзі ұят екені де жазылған. 

Ақыры жылдар бойы ауданнан бастап облысқа дейін арыз-армандарын жеткіз­ген жұртшылық жаңа мектептен күдерін мүлде үзеді. Жоғарыдағы жауаптылардан қайыр болмайтынына көзі жеткен тұр­ғын­дар өз күшімен мектеп ғимаратын салу­ға кіріскен. Негізгі жұмыстары атқа­рылғаннан кейін құрылысты толық аяқ­тауға шамасы келмей қалады. Амал­сыз­дан тұрғындар жергілікті билікке жүгініп, тым болмаса құрылыс жұмыс­тарын аяқ­тап беруге көмек сұраған. Бала­лары­ның өмірі мен денсаулығына алаң­даған жұрт өз күшімен мектеп салуға кіріс­кенде сол кездегі аудан әкімі, мар­құм Талғат Қайнарбеков бұл баста­маға қолдау білдірген. Амал қанша, ол кісі был­тыр қыркүйекте кенеттен қайтыс бол­ған соң мектеп құрылысы да тоқтап қалған. 

Әкімдіктегілерден:  «Жаңа мектепке арнап салынған нысан орналасқан жер телімі осы ауылдағы азаматтардың біріне тұрғын үй салу үшін берілген. Кезінде мұн­да тұрғызылған нысанды медицина­лық пункт немесе полицияның тірек бекеті ретінде пайдалану ойластырылған. Бірақ мемлекеттік сараптамадан өтпеген, тиісті құжаттары реттелмеген ғимаратты балалар оқытатын мектеп ретінде пайда­лануға болмайды», – деген жауап келеді. 

Ал Жетісу облыстық Білім басқармасы тасқұдықтық бүлдіршіндердің құлағалы тұрған ескі мектепте білім алып жатқанын растай келе, жаңа білім ошағын салу мәселесі жуық арада шешіле қоймай­тынын мойындап жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды көрші ауылдың мектебіне тасымалдап оқытатынын мәлімдеген. Ауыл тұрғындары болса, күнде шығын шығарып, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, басқа ауылға тасымалдамай, жаңа ғи­мараттың құжатын реттеп, оқушыларды сол жерге ауыстырудың қажет екенін шамасы жеткенше дәлелдеуге тырысқан. Ақыры олар өз дегеніне жетті, өтінішін өз күшімен орындады. Сөйтіп, биылғы қарашталған мектеп ғимара­тының ашылу салтанаты өтіп, бүлдіршін­дер жаңа мектептің алғашқы қоңырауын соқты. Қазір мектепте мұғалімдер мен қызметкерлерді қоса алғанда 12 адам жұмыс істесе, 1-4-сынып аралығындағы 28 оқушы білім алады. 

Бақалы ауылдық округінің әкімі Әсет Таңатарұлының айтуынша,  елді мекен­дегі ескі мектептің жағдайы жұртты ғана емес, ауыл, аудан басшыларын да толған­дырып келген. Бірнеше жыл бұрын сол кездегі ауыл әкімі Арын Тұрсынханұлы деген азамат аудан әкімі Талғат Қайнар­бековті шақыртып, білім ошағының жай-жапсарын айтып, жағдайын көр­сетеді. Салынғанына жарты ғасыр өткен  ескі, жағдайы қазіргі талапқа сай келмей­тін ауыл мектебін көріп аудан әкімі ауданның қоғамдық кеңесін жинап, Жанат Мұқашев басқаратын «Бабалар рухы» қорын жұмылдырған. 2020 жылы сол «Бабалар рухы» қорының қолдауымен мектеп құрылысы басталады. Іргесі қаланып, қаңқасы тұрғызылған кезде  округ әкімі де, аудан әкімі де кенеттен қайтыс болып, құрылыс жұмысы аяқ­талмай қалады. Қазіргі аудан әкімі демеу­ші табылғанша күте тұруды ұсынған. Дегенмен істің арты сиырқұйымшақ­танып бара жатқан соң ауыл азаматтары жиналып, ақылдасып, осынау бітейін деп  тұрған шаруаға  жұмыла кетеді. Ауылдан шыққан Құсайын Хасеналин, Совет Мамырбаев сияқты азаматтар бастап әр отбасы 100 мың теңгеден жинайтын бо­лып келіседі.  Сырттан, көрші ауылдардан да көмек қолын созғандар болыпты. Сөй­тіп, әркім өз шамасынша, біреу ақша­лай көмек берсе, біреу қолда бар техникасын салып, әр апта сенбілік жасап, асарлатып жүріп мектепті бітірген екен. 

Тасқұдықтағы шешімін күткен тағы бір проблема – осыдан бес жыл бұрын мемлекеттің 134 миллион теңгесіне тұрғызылған су мұнарасының жұмыс істемейтіні. Қыруар қаржыға салынған нысан халық игілігіне айналмай-ақ тозып кеткен.  Сыртынан қарасаң, иесіз жатқандай. Айналасын қамыс-қоға ба­сып, жанындағы қосалқы құрылыстың қабырғалары қақырап, жабдықтары тот­тана бастаған. Тұрғындардың айтуынша, мұнараны тұрғызып, құбырларға қосқан­нан кейін су жүрмей қалған. Содан соң Сарқаннан келген мамандар ауылдың су құбырын бұрынғы ескі су қоймасына қоса салыпты. Қазір ауыл тұрғындары ескі су қоймасынан тартылған тіршілік нәрін тұтынып отыр. Ендігі үміт – осы мәселеге назар аударып, тексеруді баста­дық деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық депар­таментінде.  

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы