Жақында робототехникадан Панамада өткен Дүниежүзілік олим­пиадада қазақстандық оқу­шылар жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Аталмыш до­дада 81 елдің өрендері бақ сы­наған.
Панамадан жеңіспен оралды
750
оқылды

Біздің ел бұл олимпиадаға 2014 жыл­дан бері қатысып келеді. Әлемдік финал­да үш күн бойы еліміздің жас робото­техниктері Connecting the World («Әлемді біріктіреміз») тақырыбы ая­сында креа­тивті инженерлік жұмыстарын таныс­тырды. Нәтижесінде, тұңғыш рет ел қор­жыны 2 күміс, 4 қола медальмен то­лық­ты. Аталған робототехника олим­пиа­да­­сына қатысушылар бұған дейін Тай­ланд, Малайзия және Германияда өткен сайыстарда елдің намысын қорғап, жүз­ден жүйрік шыққан.

Панамадағы білім бәйгесінде еліміз­дің атынан барған екі команда да жүлделі орындарға ие болды. Future Engineers санаты бойынша барған оқу­шылар күміс еншілесе, Robomission са­наты бойынша бақ сынаған балғындар Қазақстанның қоржынын қола медаль­мен толықтырды.

Қазір роботехника – елімізде енді ғана қанатын жайып келе жатқан сала­ның бірі. Жыл санап оған қызығушылар саны да артып келеді, әсіресе мектеп оқушыларының арасында қызықты оқу пәні ретінде танымал. 

– Бұл менің халықаралық сайысқа ал­ғаш рет қатысуым. Бұған дейін мен көбінесе бағдарлама жазудан респуб­ликалық және халықаралық деңгейде онлайн форматта өткен сайыстарға, хакатондарға қатысып жүрдім. Ал кешегі олимпиада мен үшін өте қызық өтті. 80 мемлекеттің ең мықты робототехниктері бір сайыста, 4 категорияда жарысты. Біздің категориямызда 37 топ берілген мәселелерге өз шешімін ұсынды. Біз ұсын­­ған жобамыздың аты – су логистика­сының тиімділігін жақсарту үшін робот прототипін құрау. Біз шағын шкиф жүйе­сін қолданатын лего робот құрастырудан бастап, толығымен электроникадан жасалған, 5 айналу осінен тұратын робот-манипулятор құрдық. Олимпиадаға дайын­дық 6 айға созылды. Жарты жыл аралығында біз аптасына 20 сағаттан дайындалдық. Arduino, Esp32, Computer Vision, Server Programming, Forward Kinematics, Mechatronics бағыттарында өз бетімізбен білім алдық. Осылайша, да­йын­дық сапалы өтті, – дейді Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әділет Аусарбеков. 

Панама олимпиадасынан олжалы оралған оқушылардың бірі – Жанарыс Қаппаров.

– Мен осымен екінші рет халықара­лық сайысқа қатысып отырмын. Осыдан бұрын Дортмундта болған олимпиадаға қатыстым. Осы сайыста өзімді еркін ұстадым, өйткені өзіме сенімді болдым. Роботехниканы түсіну үшін логикаң мықты болса болды, – дейді жарыс жүл­дегері. 

Жарыс жеңімпаздары роботтарды жобалау, инженерлік ғылымдар және басқа да инновациялық білім беру технологиялары саласындағы дарынды оқушылар екенін әлем алдында дәлел­деді.

Олимпиада қорытындысында медаль саны бойынша еліміздің жас дарындары екінші орынды иеленді. Сонымен қатар халықаралық сайыста АҚШ-тың, Қы­тайдың, Әзербайжанның әйгілі робото­техника мектептері мен клубтарымен, сондай-ақ беделді халықаралық ұйым­дар­мен бірлесіп жұмыс істеу үшін мемо­рандумға қол қойылды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ