«Батыл тойтарыс–2023» әскери оқу-жаттығуы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қарулы күштеріміз жоғары кәсіпқой, мобильді және ең күрделі жауынгерлік міндеттерді орындауға қашанда дайын армия болуға тиіс» деп атап өткен болатын.
Әскери резерв – әлеуетті қор
625
оқылды

Осыған байланысты әскери бөлімдерді резервтік күштермен толық жасақтау және олардың жауынгерлік іс-қимылдарға дайындығын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленген еді. Парламент Мәжілісінің кешегі Жалпы отырысына палата бюросы ұсынған 9 мәселенің негізгілерінің бірі осы болды. 

Бұл аталған заң жобасы Қазақстанда әскери қызмет­тің жаңа түрін – еріктілік пен аумақтық қағи­дат­тарына негізделген резервтік қызметті енгізуді көздейді. Бұл қажетті әскери-есептік мамандықтар бойынша резервтік күштерді даярлауға мүмкіндік бермек. Мәселен, резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасасқан адамдар аталған қызметті заңда белгіленген тәртіппен бейбіт уақытта бар әскери-есептік мамандықтар бойынша өткеретін болады. Яки, мемлекетке қауіп төнген жағдайда армиямыздағы әскери қызметшілердің штат санына қосымша дайындықтан өткен бірнеше мың жауынгер дайын тұрмақ. Резервтегі әскери адамдарға әскери техника мен қару-жарақ бекітіліп берілмек.

«Заң жобасына Қазақстан Үкіметі басшылық жасап отыр. Оның аясында Қылмыстық және Еңбек кодекстеріне жұмылдыру дайындығы, әскери қыз­метшілердің мәртебесі, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларға әскери бөлімдерді адами ресурстармен кепілді қамтамасыз ету және жауынгерлік әзір ре­зерв­тік күштерді құру тұрғысында түзетулер енгізіл­мек. Резервтік қызмет дегеніміз, бұл – аумақтық қағидат, яки тұрғылықты жері бойынша өткерілетін әскери қызметтің ерікті түрі. Заң жобасы резервтегі әс­кери қызметте болудың шекті жасын, резервтегі әскери қызметшілердің сабақтар мен жиындардан өту тәртібін, сондай-ақ резервтегі қызметті өткеру кезеңінде залал келтіргені үшін резервтегі әскери қызметшілердің жауаптылығын белгілейді. Ұсыны­лып отырған мерзім ұзақтығы – 2 ай», – деді Қорға­ныс министрі Руслан Жақсылықов.

Депутаттардың да ең көп сұрақ қойғаны осы баяндамашы болды. Десе де, сұрақтардың барлығы басты тақырыпқа, яки заң жобасына арналды деуге болмайды. Арасында әскердегі әлімжеттік, әйелдерді әскерге алу жағдаяттары да сөз болды. Одан да өзге мә­жіліс­мендер осы күні хаттамаларды рати­фика­ция­лау, спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқы­мын сақтау және өсімін молайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық бірлестіктер мәселелері, Салық кодексі, жер қойнауын пайдалану туралы заң жобаларына дауыс берді. Күн тәртібінің жалғасы депутаттық сауалдарға ұласқан. 

«Қауіпті және зиянды өндіріс нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін қандай шаралар қабылданса да, бұл шаралар мәселенің себебін жоймай тек салдарымен күресу болып қала бермек. Оған себеп –  кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін бақылау және қадағалау саласындағы іс-шаралардың дәрменсіздігі. Әрине, бизнес еркіндігі – елдің экономикалық дамуының негізгі қозғалтқышы. Алайда, азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын мұндай еркіндікпен бір деңгейге қоюға мүлдем болмайды. Менің ойымша, басты кемшілік – барлық дерлік кәсіпкерлік субъектілерін бақылау тәртібі бірдей. Яғни, тігін шеберханасы мен жұмыскерлердің денсаулығына қауіпті әрі зиянды ірі кәсіпорындарға жүргізілетін бақылаудың еш айырмасы жоқ. Мұның үстіне, Үкімет «реттеушілік әсеріне талдау» деп аталатын механизмді АРВ (анализ регуляторного воздействия) енгізу арқылы өзін дәрменсіз жағдайға қалдырып отыр», –  дейді Мәжіліс депутаты Е.Сатыбалдин Премьер-Министрге жолдаған сауалын­да. Ол технологиялық процестері жұмыскер­лердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ірі кәсіпорын­дардың, сондай-ақ қызметінің нәтижелері бойынша халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіп­орындардың қызметін бақылау мен қадағалау­дың ерекше тәртібін енгізіп, оны «реттеушілік әсеріне талдау» механизмінің ықпалынан шығаруды сұрап отыр. Әлихан Асханұлына жолданған тағы бір депутаттық сауал Маңғыстау облысы туралы болды. 

«Мемлекет басшысының тапсырмалары мірдің оғындай уақытылы әрі бұлжытпай орындалуы керек деп есептеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне арнайы бірнеше рет барып, қордаланған мәселелер бойынша нақты һәм маңызды іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның ішінде өңірге маңызды 34 қажетті тапсырма берілді. Бүгінде сол тапсырма­лардың көбі орындалмай отыр. Кеше осы сауалды дайындар алдында мемлекеттік органдармен Пре­зиденттің берген тапсырмаларын бір пысықтадық. Әзірше 34 қажетті шараның, тек 5-еуі ғана іске асып келеді. 29 іс-шара сол бойы тоқтап тұр. Атап айтсақ, Ақтау–Форт-Шевченко, Таушық–Шетпе жол тораптарын салу, Құйылыс–Ақтау су желісін сумен қамтамасыз ету, Каспийдің жағасын дамыту, Қошқар Ата территориясындағы улы заттарды көму сияқты өңір тұрғындары үшін маңызды тармақтар бар. Сондай-ақ Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне берілген 6 тапсырма, Самұрық-Қазынаға тиесілі 3 тапсырма, Бәйтерекке берілген бір тапсырма, Ұлт­тық экономика министрлігіндегі 7 тапсырма, Ауылшаруашылық министрлігіне берілген 2 тапсыр­ма орындалмаған. Әлихан Асханұлы, сіз 2023 жылы Маңғыстау облысына бір емес, үш рет іс-сапарда болып, Президенттің тапсырмалары бойынша жиналыс өткіздіңіз. Дегенмен біз нәтиже көрмей отырмыз. Бозащыдағы авариядан әлі сауықпадық, от болып аспанға атып тұр. Жұмыссыз безіп жүрген жерлестеріміздің саны азаяр емес», – деді фракция мүшесі Самат Мұсабаев.

Келесі бір аманаттық депутат Ұласбек Сәдібеков вице-премьер Роман Склярдың атына Түркістан облысы Түлкібас кенті мен Кемербастау, Елтай, Майлыкент, Иірсу, Күмісбастау, Жабағылы елді мекендері тұрғындарының теміржол өткелін салу туралы өтінішін жеткізсе, депутат Қазыбек Әлішев те Үкімет басшысының орынбасарына жол құрылысы туралы сауал жолдады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды. «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдар­лама­сын­да 2027 жылға дейін 1 618 шақырымдық респуб­ликалық автожол құрылысын және реконструк­циясын қамтамасыз ету қарастырылған. Ақтөбе облысы жол сапасы бойынша өңірлер арасында төменнен санағанда үшінші орында тұр. Облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 72%-ды ғана құрайды. Мәселен, ұзындығы 401 шақырым болатын Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз республикалық маңызы бар А-26 автомобиль жолы – аса қауіпті учаске. Жол-жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізбеу, сондай-ақ пайдаланылатын жолдардың сапасының төмендігі жол-көлік оқиға­лары, адам өлімі көрсеткіштерінің жыл сайынғы өсуінің тікелей себепкері болып отыр. Атап айтқанда, соңғы 1,5 ай ішінде 5 жүк көлігі аударылып, 1 жеңіл көліктің жүргізушісі мерт болды», – деді ол.

Вице-премьер Тамара Дүйсеноваға депутат Ринат Заитов сауал жолдады. 

«2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және Педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу «Тест жүйелерін жетілдіру» деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген. Бәлкім, бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар, алайда бүгін бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отыр­мыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Дәлірек айтсақ, келісім жасалған­нан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 тең­геге, яғни екі есеге өсті. Бұл – бір. Келесі, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді. Мысалы, тест тапсыру ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені тестілеу пунктері аяқжетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа бұл тағы бір салмақ болып отыр.

Бұл мәселенің бір ұшы ғана енді сол компания­лардың мемлекетке келтірген зияндарына тоқта­лайық. Мысалы, біріншісі, 2019 жылы Ұлттық тес­тілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат U-FUTURE компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Алайда біздегі ақпарат бойынша, қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген. Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушы­ның еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрақтары мен тапсырмалары өтеусіз негізде U-FUTURE ұйымына тегін берілген. Ал өз кезегінде ол фирма осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтер үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр. Мұны U-FUTURE ЖШС-ның өңірлік тестілеу орталық­тарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады. Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпия­лылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес. Бізге келіп түскен өтініштер мен ақпараттар бойын­ша, кейбір өңірлерде 3 млн теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі дейді», – деді ол.

Осы орайда депутат барлық тестілеу жұмысын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беруді, мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көк аттылардың араласуына тыйым салуды сұрап отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ